Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Садақ» қолжазба журналынан кейінгі екінші…

07.11.2024, 9:40 230

Алдымда үйіліп жатқан көп кітаптың бұрыш-бұрышын тышқан кеміріп тастағандарын біртіндеп лақтыра бастағанмын. Ішім удай ашиды-ақ. Арқалап қайда бармадым бұларды. Ендігі жатқан жері – қараңғы жертөле. Кейбірін әлі оқып та үлгермеппін. Оқығанымның өзі, көшіп-қонып жүріп, жадымнан өшіп қалған. Біртіндеп лақтырып отыр­ғаным қимағаным шығар. Қимай­тындай-ақ дүние! Көбі – студент шағымда жиғаным. Стипендия алған бойда ескі базар маңындағы кітап дүкеніне ентелеп жетуші едік. Ашқарақтана ақтарып жүріп, бірер кітап сатып алсақ, бізден бақытты адам жоқтай  көрінетін.

Үйілген кітап арасынан қымбат бір дүние көзіме оттай басылғаны. Студент шағымызда өзім шығарған жұп-жұқа қолжазба журнал. Оның да төменгі жақ бұрышын тышқан мүжіген. Қолыма алып, бас-аяғын ақтарып көз алмай ұзақ қарадым. Екінші нөмірі. 1989 жылғы наурыз-көкек айларында жарық көрген. Бірінші нөмірі де жадымда. Жадымда бола­тыны, оның жалғыз-ақ данасы жарық көрген-ді. Сол жалғыз дана журналды дәрісхана қабырғасына жіп тағып, іліп қойғанбыз. Шығармалар кәдімгі шарикті қаламмен әдемілеп тұрып жазылған. Кім жазды екен? Ұмытыппын. Мүмкін өзім жазған шығармын. Олай дейтінім, төртінші класта оқып жүргенімде «Қауындықта» деген көлемі алақандай жалғыз дана прозалық кітабым «шыққанда» да осылай қолмен жазғанмын. Тоғызыншы класта «Бәйшешек» атты өлеңдер жинағым жарық көрді. О да жалғыз дана. Ол да өз қолыммен жазылған. Жетінші класта оқитын бір сүйкімді қызға арнағанмын. Сол жалғыз дана блокнот-кітапты әлгі қалқатайдың өзіне беріп жібергенім есімде. Кейінгі жылдарға дейін сақтапты. Соны естігенде  жүрегім  елжіреп  сала  берген.

Осылайша қолмен жазып екі кітап шығарғанда, қалайша жұп-жұқа альманахты өзім жазбадым екен деген ой осы қазір келіп отыр. Мейлі, мен өзім жаздым ба, әлде қолтаңбасы маржандай біреуге жаздырдық па, ол жағы маңызды емес. Әйтеуір қазір Қызылордада тұратын ақындар Дүйсенбек Аяш пен Елубай Әуезов жазбағаны анық. Дүйсенбектің қолтаңбасы біркелкі болғанымен тышқанның ізіндей ұсақ, ал Елубай­дың жазуы өзінің жүрісі сияқты, әріптерінің бірі шалқайып, екіншісі еңкейіп, жел шайқаған қамыстай ұйпа-­тұйпа  болады  да  тұрады.

Қабырғаға ілген альманағымыздың сол алғашқы нөмірін студенттер құмарта оқып тұратыны есімде. Біз әлгі дәрісханаға бас сұғып, ілген жерімізде аман тұр ма екен деген қауіппен ауық-ауық қарап кетеміз. Сондай бір «аңду» кезінде факультетте сырттай оқитын «шал» студенттердің қадалып оқып тұрғанын көзім шалған-ды. Араларында Жала­ғаштан келген ақын Жақсыбай Сарба­лаев пен Қармақшыдан келген ақын Сәнтөре Пірманов болды. Сол тұста облыстағы тәуір ақындар қата­рына ілігіп үлгерген осы екі ағам да ұмытпасам, «Үкілі үмітке» өлең ұсынды-ау деймін. Әлде қолжазба журналды қомсынып, бермей кетті ме  екен?!.

Альманахтың осы екінші нөмірі енді  қолмен  жазылып емес, бас­паха­нада  басылып шыққан-тұғын. Міне, соңғы бетіндегі жазу: «Подписано в печать 03.05.1989 г. О.О.П. Вычислительного центра. Зак – 132. Тир – 50.»

«Жалын» альманағына ұқсатып шығаруды ойлаған түріміз. Бірақ қазақ қолжазба журналы тарихында 1915-18 жылдары Бейімбет Майлин ұйымдастырып шығарған «Садақ» қолжазба журналынан кейінгі екінші қолжазба журнал екенін білмеппіз. Ойымызды ұстазымыз, фило­логия ғылымының кандидаты, марқұм Темірхан Тебегенов ағайға айтқанда, ол кісі жанып түскен. Сөйтіп аль­манахтың аға кеңесшілігі «қызметіне» Темірхан ағайдың өзін тағайындап жібергенбіз. Бас редактор өзім болсам да, олай деп көрсетпедім. Шынымды айтсам, жазғым-ақ келген. Бірақ жазбаппын. Сірә, бас редактор деген атынан жүрексінсем керек. Редак­ция алқасына Нұрлыбек Сафин, Лена Әбдіхалықова, Елубай Әуезов, Сәуле Жүсіпова, Гүл­бану Шамахова, Гүлбибі Есқараева, Алмас Әбсадықов, Дүйсенбек Беркінбаев, Гүлжаһан Домбылова  деп тізімдедім.

Альманах қырық бет. Бет көлемі – 15×20 см. Мұқабада «Үкілі үміт» деген басылым атауы жазылған. Одан төмен ашық жатқан дәптердің суреті. Оның жанында үш тал гүл кес­кінделген. Екінші бетке «Қалайша жүрем жастықтың жырын толғамай…» деп басталатын ақын Мұхтар Шахановтың бір шумақ өлеңі. Қолмен жазылған. Өз қолтаңбам. Үшінші бетте: «Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты. Тарих-филология факультеті, «Қазақ тілі және әдебиеті» бөлімінің жанынан құрылған Ә.Қоңырат­баев атындағы әдебиет үйірмесінің екі айда бір рет шығатын әдеби-көркем қолжазба альманағы. 1988 жылдың ноябрь-декабрь айынан бастап шығады»  деген  жазу  бар.

О, дариға! Содан бері отыз бес жыл өмір өтіпті. Альманах отыз бес жыл бұрынғы тарихқа айналып үлге­ріпті.  Айтуға  тұра  ма, тұрмай  ма?

«Беташар» айдарымен ақын Сейіл Боранбаевтың «Үйірмеден басталған мөлдір  бұлақ…» атты  мақаласы. Одан әрі «Проза» айдарына кезек беріледі. Дәуіржан Елубаевтің «Үміт сәуле­сі» атты новелласы мен Н.Сафиннің, яғни менің «Бақыттысың ба?» атты новеллам қатар жарияланған. Мен өз новелламды Дәуіржанның шығармасынан ке­йін қойыппын. Бұл – менің өрекпіп алға шығудан тартынып тұратын мінезім. Кейбіреу болмашы нәрсесін жалаулатып, дүние­ні  дүрліктіріп бітеді ғой. Маған мұндай мінез жат. Әлі де сондаймын. Кейде «бұл менің кемшілігім шығар» деп те ойлап қоям. Аты-жөнімді де Н.Сафин деп қысқа қайырыппын. Өзіме келгенде неге мұнша тарылдым  екен? Осы жері  қызық-ақ.

Одан кейінгі бес бет «Қонақкәде» айдарымен М.Мәметова атындағы педучилищенің ақын қыздарына арналыпты. Айгүл Қалниязованың, Дамира Ибрагимованың, Рая Жақыпованың өлеңдері, Фатима Дәуле­тованың  юморы берілген. Қазір  қайда  екен  сол  қыздар?

Сол жылы екінші курста оқып жүрген Елубай Әуезовтың  өлеңдері келесі үш бетті тұтас алыпты. Алғашқы өлеңі – «Тастанды бала». Бұдан бұрынырақ мен «Тастанды баланың атынан» деген өлең жаз­ғанмын. Бір өлең жазсақ, дереу бір-бірімізге оқып беруге асығатын сол кездегі қалыптасқан әдетіміз. «Тастанды бала атынан» өлеңімді оқыған  соң  Елубай  көп  ұзатпай  осы «Тастанды баланы» жазған. Мынау – сол. Сөйткен Елубай шашы аққудың мамығындай аппақ болып, жасы елуден асса да поэзия ескегін есуден шаршаған емес. Облыстық теледидарда, облыстық «Сыр бойы» газетінде, «ҚазАқпарат» агенттігінде журналист боп қызмет етті. Жыр жинақ­тары  жарыққа  шықты.

Одан әрі студент ақындар Раушан Шопанованың, Маржан Хизированың, Гүлжаһан Өксікбаеваның, Мира Дөненқожаеваның өлеңдері жарияланыпты. Қазір оқып отырсам, қай-қайсысының да балауса жырларынан тап-таза мөлдірлік байқалады. Қай-қайсысында да сәтті шумақтар  жетерлік.

Альманахтағы келесі бір дүние – сол тұста облыстық «Ленин жолы» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын ағамыз Мұхамеджан Нұрхановтың «Бастауы мөлдір бұлақтар» атты мақаласы. Онда Нұрлыбек Сафин, Дүйсенбек Беркінбаев, Гүлжаһан Домбылова, Гүлнәфис Әсімовалардың балауса өлеңдеріне  пікір  айтып, сәт  сапар  тілейді.

Жазушы Қази Данабаевтың «Гүлдәурен» атты прозалық кітабы туралы Дәуіржан Елубаевтың, Гүлмараш Жайықбаеваның пікірлерін топтас­тырыппыз. Дәуіржан – осы күні облыстық  «Сыр бойы» газетінің жауап­ты  хатшысы.

Альманахты шығаруға Дүйсен­бек, Алмасбек, Леналар (Елена Әбдіхалықова) білек сыбанып атса­лысты. Дүйсенбек қазір «Сыр бойы» облыс­тық газетінің бөлім меңгеру­шісі. Ұшқыр журналист. Бірнеше жыр жина­ғы шыққан ойлы ақын. Алмасбек Әбсадықов болса, қазір Ақымет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің проректоры. Филология ғылымының докторы. Профессор. Еленаның сол кездің өзінде айтыс­кер, әнші аты шыға бастаған еді. Кейін композитор ретінде елге кең танылды. «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын», «Сыр елі» және тағы басқа әндерін білмейтін жан жоқ. Бірнеше жыр жинағы жарық  көрді. Өзім редакторы болған он томдық «Жыр маржаны» қазақ поэзиясының антологиясына өлеңдері енді. Айтыс өнеріне қосқан еңбе­гі  ұшан-теңіз.

Шыққанына отыз бес жыл болған альманахтың жалғыз данасын қолыма алып отырып, алуан-алуан ойға берілдім. Көкірегімді сағыныш кернеді, бөгде ойлардан ада, арманшыл әрі сол арманға жететініне еш шүбәсіз сенетін бозбала кезімізді қимас­тықпен еске алдым. Күлкілі жағдайға тап болған кезіміз де болған. Ақын Жанұзақ Қожабергенов біздің альманах шығармақ болып жүргенімізді естігенде, кәдімгідей-ақ шошып кеткен-тұғын. Сөйтсек ағамыз цензуралық  қызметте  (лито)  екен  ғой.

Альманахтың екінші данасын тасқа бастырып, көбейтпек болған ойымыз­ды Темірхан Тебегенов ұста­зы­мыз қатты қолдады. Реті келгенде айта кетейік, Темірхан ағай Алматыдағы Абай атындағы университетте профессор болып өмірінің соңына дейін оқытушылық қызмет атқарды. Филология ғылымының докторы. Академик.

О кезде Қызылордада қазақ әріптері бар жазу машинкасы қат. Ал біз альманағымыздың қазақ әріптері­мен басылғанын қаладық. Бұл тығырықтан да алып шыққан Темірхан ағай. Обком жағынан машинкасы қазақша бір апайды тауып берді. Қырық бет қағазды тергізу үшін редак­ция алқасы тізімінде тұрғандар өзара ақша жинамақ та болғанбыз. Соны естіген Темірхан ағай сөзге келместен қалтасынан тұтас жиыр­ма бес сомдықты суырып алып, қолы­ма ұстата салды. Сөйтіп ұста­зы­мыз «Үкілі үміт» альманағының аға кеңесшісі ғана емес, бүгінгі тілмен айтсақ, қаржылық демеушісі де болған. Ұстазымыз берген жиырма бес сом ақша  альманахтың  елу данасын  жасауға  жетті.

Өкініштісі сол, «Үкілі үмітіміздің» өмірі екі данамен шектелді. Неге олай болды деп ойласам, мен 5-курс­қа көшіп, жаңа жылға дейін педпрактикаға Павлодар облысына аттаныппын. Редакция алқасының ішінде баспагерлік жұмыстың ыстық-суығына төзе­тін адам Дүйсенбек еді, бірақ ол осы жылы, бірінші курс студенті болса да облыстық Кеңестің депутаттығына сайланды. Жиналысы көп, сабағы тағы бар. Өзі отбасылы, Рүстем атты ұлы бір жасқа енді толған. Алмасбек 4-курсқа көшкен, шамасы дипломдық жұмыстан бас ала алмай жүрсе керек. Елубайдың болса да қиялы аспанда. Ленаның қолына домбыра алып, ақындар айтысына араласқан кезі. Институт бітірген соң біздің бәрімізден бұрын газет шығару ісіне кіріскен бірге оқыған досымыз, «Сыр медиа» ЖШС-ның директоры қызметін атқарған, қазір Арал ауданының әкімі, филология ғылымының кандидаты Аманжол Сақыпұлы ғылыми жұмыс­пен айналысып жүрді. Студенттер арасын­да  өткен республикалық ғылыми жұмыс байқауынан бірінші орын алғаны есімізде. Альманах жұмысына қатыса  алмағаны да  содан  шығар.

Бір бұрышын тышқан кемірген «Үкілі үмітім» біртін-біртін алыстап бара жатқан студенттік шағымды көз алдыма әкеле береді. Қазір ол журналымыз  Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің мұражайында  тұр.

Арманшыл  шағымыздың  қолтаңбасы осылай көңіл толқытты. Әдебиет әлеміне бет бұрған кездегі жүрек лүпіліміз сезілетін қымбат ескерткіш көзге де, көңілге де сондай  ыстық.

Нұрлыбек  САМАТҰЛЫ,

республикалық  «Таң-Шолпан»  әдеби-көркем,  көпшілік  журналының  бас  редакторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: