Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

07.11.2024, 9:20 201

Өстік  пе,  өштік  пе?

Аймаңдайлардың айқара ашық, даңғыл жолымен кеуде керіп жүрген, ой-хой, бір ақжарылқап замандар болған екен. Енді текесақал, қырма мұрттардың сөзін әулиедей көріп, балағы шолақ бөз дамбал киіп, соңдарынан сүмеңдеген жамандар болып қалыппыз…

Жазмыштан  жазылған

Құл боп туғандар бар. Мырық боп туғандар бар. Көсем боп туғандар бар. Шешен боп туғандар бар.

Құлды көсем қыла алмайсың. Мырықты шешен қыла алмайсың…

Қайрансыз  қоғам

Кітапсыз қоғам – ноқатсыз қоғам.

Кейде  дейсің…

«Опасыз дүниеден опа кетіп, опасыздар көбейіп кеткен бе?..».

Жылыту

Өмір қатал. Сол қаталдықты жүрегі ыстық адамдар мейірімімен жібітіп отырады.

Тобыр  топ

Бұлар да өздерінше ауызбіршіліктерін сақтап жүрген бір топ. Ал шындығына келгенде, мақсаты мен мұраты дүдәмал тобыр ғана…

Ұрпақтың  арманы

Қазақтың ақылды баласының үлкен бір арманы – әкесінің атын шығару. Қазақтың жақсы қызының бір үлкен арманы – шешесінің атына кір келтірмеу.

Жазулар

Адамзаттың ең алғашқы ақ парағы маңдайында екен. Соған әп дегеннен тағдыры жазылады. Ал қалғанын әр адам ақылына қарай, қабілетіне қарай, болмысына қарай, мінезіне қарай өзі аяқтап жазып шығады…

Жаман  иіс

Қанша ішсем де лоқсымаймын, құспаймын деген адамның паңқу сөзінен қара құсықтың иісі шығады…

Шикі  есеп

Еркектің өз әйелін көп алдында көпірте мақтауы не әйелдің өз байын бас-көзсіз аспандата лепіруінің артында бір шикі есеп жасырынып жататындай боп көрінеді.

Біздікілердің  «саясаты»

Саясат деген керемет философияны біздікілер бірін-бірі аңду, жарға жығып алдау, тобықтан ұрып шалу, ұятты ысырып қою, сымпылдақ сыбайластарды жан-жағыңа жинап алу деп түсініп, жұлқына жұтынып жүр…

Ескі  кадр

Өз есептерін ғана түгендеп қимылдайтын бозғыл бет ескі кадрлар әлі де біраз уақыт бізді қинаудай-ақ қинайтын түрі бар…

Келмейтін  келер  шақ

Біздің көп ұрандатқан асқақ арман-мұраттарымызға қол жеткізуіміз алдыға ондаған жылдар салынып, алыстан межеленіп қойылатыны – қызық. Ал ең қызығы – сол келер шақтың, келешектің ешқашан келмейтіндігі болып тұр…

Солай-солай

Мен олай да емес, бұлай да емес, солай ойлаймын. Сондықтан да олай да жазбаймын, бұлай да жазбаймын, солай ойлаған соң, солай жазамын…

Ұзақ  жасасаң…

Ұзақ ғұмыр жасаудың артықшылығы – өзің үшін ғана емес, өзгелерге, айналаңа, ел-халқыңа бір пайдалы істер жасауға үлкен мүмкіндіктер береді екен.

Жаңа  өскін

Жағымпаздарымыздың жаңа өскін, жас толқынының екпіні тым қатты екен. Әңкиген әкімдерімізді естен айырып, жолдан тайдырып, жарға жығып, боққа тығып тастамаса болар-ау?!.

Сұлулар  мекені

Кескін-келбеті келіскен, сәнді киімі жарасқан, шырайынан нұр тамған, паң да кербез арулар мен сұлулардың бәрі тойханада…

Жұртқа  ерме

Жұрттың бәрі арам деп, арам болсақ, айналадағылардың бәрі дым бермес сараң деп, сараң болсақ, жанымыздағылардың бәрі жемқор деп жемқор, парақор деп парақор болсақ, бәрі де ішеді ғой деп ішіп кетсек, біздің адамдық ар-қасиетіміз қайда?

Жақыннан  көргенде…

Ел ішінде айдай ару, аққудай сұлу делініп жүргенді жақыннан суретке түсіргің келмейді. Жақыннан түсірсең, «Сұлу» деп емес, басқа тақырып қоюға мәжбүр боласың…

Эвфемизм

Бабаларымыз сырты қас, іші нас, ұнамағандардың атын айтпауды дәстүрлеген. Біз де көзге шыққан сүйелдей боп жүрген біреулердің атын атамай, «Төрт аяқты», «Өтірік ауыш», «Әдемі жаман», «Жылмақай», «Маңқабай», «Жылтыңкөз» деп атасақ болады екен.

Мақтау

Мықты  маманды,  саңлақ спортшыны, білікті  бапкерді, ұлағатты ұстазды, әбжіл әкімді мақтайтын жұрт, міне, бір зытқыр парақорды мақтап отыр: «Алса алсын, кім алмай жатыр, бірақ жұмысыңды тасқаяқтай қатырып бітіріп береді…» деп.

Көрейік

«Әкім – халықтың қызметшісі» дейді. Ендеше құманды қолға алып, орамалды иығына іліп, хан-халықтың, патша-халықтың, құдайдың  аты болған  халықтың  қолына  су  құйып жүргенін  көрейік…

Мың  мәрте  марапаттау

Маңдайың жарқырап жоғарыдан бір грамота аласың. Қуанып ауданға келесің, әлгі марапатыңды қайтып алған аудан әкімі өңір активі алдында өзіңе қайта тапсырып арқаңнан қағады. Енді ұжымыңа келесің, әлгі грамотаңды алып қалған бастығың әріптестер көзінше қайта береді… Өйстіп бір марапат жаныңды біразға дейін дақыл-дақыл жылытып  жүреді.

Беттің  «тілі»

Оның өзінен бұрын беті сөйлейді: құбылып қызарады, бұзылып бозарады, сұрғылт тартып сазарады, ал кей-кейде нұрланып шуақ төгеді…

Қисық  шекелер

Бөліне көрмеңдер. Бөлінем дегеніңді естісе, қыңырайған қисық шеке рушылдар біріңді анда, біріңді мында салып, ру-руға бөлшектеп алып кететіндей жалаңдап өріп жүр…

Сасыған

Монша-су көрмеген біреудің сырты сасыған. Адами адалдық, рухани тазалық көрмеген біреудің іші сасыған…

Карикатура

Қалың-қалың топас беттер, батпан-батпан зіл құйрықтар елдің тұтқасын ұстап отырмыз деп әбден марғау тартып мамырлап, қауашақ бастарын астарына салып, бүк түсіп жамбастап қалған…

Депутат  жылағанда

Жылаудың да сұрауы бар. Кеше өкіріп жылап, бүгін өлтіре сынап жүргендердің көз жасы ащы ма екен, тұщы ма екен…

Құштарлық  пен  іштарлық

Өзгелерге жақсылық жасауға деген құлшынысты құштарлық түбінде төбеңді көкке жеткізеді. Тек өзіме ғана болсын деген іштарлық құйрығыңды ызалы сайдың түбіне тигізеді.

Айныған  ой

Министрлерді заманымыздың ең ақылдылары шығар деп ойлайтынмын. Бүгінде ол ойымнан айнып қалдым: біреуі пара алып ұсталып жатыр, біреуі мемлекетті тонап түрмеде отыр, біреуі өз тілінде сөйлей алмай міңгірлеп жүр, енді біреуі әйелін ұрып шатылып жатыр… тірліктері бізден жаман…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: