Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шегенді құдық қазу – қазақтың қайталанбас өнері

31.10.2024, 11:00 294

Әлеуметтік желіде шегенді құдық турасындағы жазбаны көзім шалып қалды. Үңіле түстім. Қорытындысы, мұндай ерекше өнерді мемлекет әлдеқашан өз қорғауына алуы керек еді. Әрі шегенді құдықтар – кең көлемде зерттелуі тиіс тақырып. Себебі, шыңыраудан құдық қазып, шөл даланы игерген ата-бабалармыздың шеберлігін жастардың білгені, оқығаны жөн. Қазір бәрі бар. Сондықтан, оның қадірін білмеу, ысырап ету көп. Ал, өткенді ұмытпаған жөн. Қалай десек те, ол – біздің тарихымыз. Өз тарихын ұмытқан халық сол жағдайды  қайта  бастан  кешуі мүмкін.

Өлкетанушы, ұстаз Оңдасын Оразов бізге қазақтың қайталанбас өнері – шегенді құдықтар туралы кеңінен әңгімелеп берді.

«Ол заманда «құдықшы» деген ең беделді кәсіп иесінің бірі саналған» деген кейіпкеріміз тақырыпты зерттеуге  қызығушылығы  неге  арта түскенін  айтады.

– Құдықшылар Алланың өзінің бо­йына берген қасиеті арқылы жерді де таңдай білген. Су жақыннан шығатын жердің топырағына, өсімдігіне қарап дөп басқан. Кей кісілер түн орта­сы ауған тып-тыныш шақта дала­ны кезіп, тереңде ағып атқан судың дыбысын естиді екен, сөйтіп құдық қазатын жерін анықтаған. Құдықты құмды жер, тас болмағандықтан, Қызылқұмда өсетін тал сияқты, шірімейтін өсімдік қандым және әбден кептірілген (күннің ыстығына не оттың табына құрғатылған) қара сексеуіл томарымен шегендеп отырған. Шегендердің арасын өсімдік тамыр­лары  шымымен  бекіткен, – дейді  ол.

Атақты этнограф-ғалым, әде­биетші, жазушы Ақселеу Сейдім­беков Тауелібай жеріне барғанда елдің құдықтармен жүз мыңдаған мал өсіріп, мыңдаған кісінің тіршілік етіп жатқанына таңғалып: «Жер шарында мыңғыртып мал өсіріп жатқан ел көп, бірақ ол жерлерде өзен, көл және ағын сулар бар. Ал өте терең құдық суын пайдаланып және шыңыраудан қолмен құдық қазып, оны қарапайым әдіспен жүз мыңдап мал өсіріп, тіршілік еткен ата-баба­ларымыз өте еңбекшіл, жанқияр еңбек  иесі  болған екен. Мен мұндайды көрген де, естіген де емеспін. Бұл – «Гиннес» рекордтар кітабына жазылатын  дүние» деп ағынан жарыла  айтқан  екен.

Қазақ даласындағы шегенді құдық­тарды зерттеп жүрген Оңдасын Оразов «Мұндай шеберлік тек қазақтың ғана қолынан келетіндей» дейді. Сонымен қатар, құдық қазу өнері  әлі  көп  зерттелгенін  қалайды.

– Ескі құдықтар қазір көмілген, мен бала кезімде әлі көмілмеген, ашық тұрған құдықтарды көрдім. Өте көне, құстар ұялап тастаған еді. Үлкендер қасына барғызбайтын. «Көрқұдыққа жақындама, ішінде шайтан болады» деп қорқытатын. Бала болғандықтан оңаша ұрланып қарайтынбыз. Ол құдықтардың шегенделуіне таңғаласың, сонша тереңдікте қазып және мықты етіп, шегендеп шығу тек қазақтың қолынан келетіндей. Аталарымыздың жанқиярлық еңбегіне таңғаламын. Осындай құдықпен қаншама мал өсірген, қаншама жан өсіп-өнген. Кейін Кеңес дәуірінде сол аймақта осындай құдықтан техниканы пайдаланып, 1,5 миллионнан астам қаракөл қо­йын, жүз мыңдаған түйе мен жылқы, сиыр өсірді. 200 мыңнан астам адам осы құдықтардың суын пайдаланды. Негізі, қазақ даласының, Тауелібай жерінің құдықтары туралы, ескідегі құдық қазу әдістері, құдықшылар туралы және сондай тереңнен су шығару жайын арнайы зерттеп, кең түрде жазуымыз керек. Бір өкініштісі, қандыммен шегенделген терең құдықтардың  суреті  жоқ, – дейді  ол.

Өзбекстанның Тауелібай жерінде, Қарақалпақстанның Төрткүл, Бируни, Тақтакөпір, Еліуқала аудандарының Қызыл­құм жағы және Қазақстанның Қазалы, Қармақшы ауданда­рының Қызылқұмында шыңырау құдықтарының тереңдігі 90-100 метрге дейін жеткен көрінеді. Ал оның орташа терең­дігі – 40-60 метр, таяздау жерлері 10-20 метр жерден су алады. Кезінде ата-бабамыз осындай құдықтарды қолмен қазып, су шығарған. Сол терең­діктен түйемен қолдан шарық жасап, арқанмен қау­ғалап су шығарып, отар-отар қой-ешкі, топ-топ ірі қара мал суарған.

– Терең құдықтан су алу үшін үйретілген арнаулы шарық түйелер болыпты. Үлкендер «бала күнімізде талай шарық түйеге мінгенбіз, теріден жасалған қауғаға шәтек бекітіп, арқанмен құдыққа шарық арқылы төмен жібереді, қауға суға толғанда шарық түйе байланған арқанды тартып кете береді, қауға құдық ауызына келгенде, қауғашы қатты дауыстайды, түйе үстіндегі бала түйені тоқтатып,  кейін қарай жүргізеді, солай жұмыс жалғаса береді» деп айтып отыратын, – дейді  өлкетанушы.

Біздің бабаларымыз далада жүрген соң, өмір сүрудің маманы атан­ған, осы құмда малы өсіп-көбейген, сол малдың арқасында «мен деген» байлар болған. Мысалы, Марал ишан басындағы құдықты мемлекет өз қамқорына алған. Сол секілді, Қаза­лы ауданы да аумағындағы осындай ерекше құдықтарға ескерткіш тақта орнатып, есепке алса болады. Жергі­лікті тұрғындардан, ақсақалдардан сұрастырса, мұндай құдықтар әлі  де  көп  табылуы мүмкін. Шыны керек, біз қазақтың осындай керемет өнерін ұмытып кеттік, тіпті білмейтіндер де кездеседі. Шыңыраудан құдық қазып, шөл даланы игерген ата-бабамыздың тапқырлығы пен табиғат тылсымын жастарға, болашаққа жеткізу – өте маңызды. Шеген­деп құдық қазу – қазақтың құнды  дүниесі, қайталанбас  өнері.

Рыскелді  ЖАХМАН

Тақырыпқа  тұздық

Құдықшының  ажалы

(Шеген  дайындаудың  технологиясы)

Шөмекейдің Аспаны Сарыбай руында Орман және Құспан (Оспан) балуан деген «жауырыны жерге тимеген» өте қарулы ағайынды кісі болған. Орман құдықшылықты кәсіп етіпті. Орман­нан Мықтыбай, Пірмахан  туады. Бұл балалары да – асқан күш иесі, күреске түсіп, «түйе балуан» атанғандар. Ол кезде Қызыл­құм жері – игерілмеген  сусыз  шөл. Қызылқұмды  қазақ игере бастаған уақыт. Шөл даланы игеру ол жерге су жеткізу  ғой. Алыс өзен-көлдерден су апару – қиынның да қиыны. Бірақ, біздің қазақ шөлді игерудің жолын тап­қан. Яғни, қазақ ортасында «құдық­шы» деген өте қадірлі де абырой­лы және табысы мол, екінші жағынан өмірге өте қауіп­ті маман­дық саналған. Орман балуан ерекше қасиеті бар кісі екен. Қызылқұмда ол кісінің қазған құдықтары көп. Сол кездері бір байға құлынды биеге жалданып, Жаңадария­ның Қызыл­құм бетінен құдық қазып береді. Ол кезде құдық қазғанда ішін қара сексеуіл­мен шегендеген. Шегенге пайдаланатын сексеуілді бір жыл бұрын дайын­дап, күннің ыстығына ыстап кептіріп, жаңбыр суын бойына сіңдіріп, қайта кептіріп, қыста аязға сорғызып  жыл өткен соң құдық шегендеу­ге  пайдаланатын  болған.

Құдық қазылғаннан кейін біраз жыл өткен соң, баяғы бай: «Өзің қазған құдықтың суы азайды, қайта түсіп түбін тазалап бер» деп жалдаған екен. Орман балуан құдық тазалауға арқансыз түсіп, түбінде жинал­ған газдан  уланып  қайтыс  болады.

Мықтыбайдың әңгімесі: «Байдың қойын бағып жүр едім. Түс мезгіл ауылға келсем, ел шулап жатыр екен. «Әкең құдыққа түсіп қайтыс болды» деп айтып жатты. Құдық басына жүгіріп келдім. Көзім ешнәрсені көрмей, құлағым ештеңені естімей қалды. Құдықтан әкемді шығару­ға адамдар қорқып, құдық түбінен шығара алмай жатыр екен. «Мен түсемін, әкемді алып шығамын» деп ұмтылып едім, халық «сен де өлесің» деп жібер­меді. Енді ол кісіні құдықтан алып шығу қиын болды. Адамдар құдық­тың түбіне түсуге бата алмай тұрғанда қанды көйлек досы Сақтаған: «Мен түсемін, өлсем Орманнан жаным артық па, балалар аман болсын, мен өлейін» деп, құдыққа екі арқанмен түседі. Түсер алдын матадан тұмыл­дырық жасап, ешкінің іш майын ерітіп, матаны баты­рып, сіңдіріп ауыз­ды, мұрынды орап құдыққа түсті. Ол кісі: «Мен Орманның қолына арқанды ілгенде, әуелі мені тартып алыңдар» деді. Сөйтіп, құдық­қа түсті. Ел әуелі Сақтаған әкемді тартып алды. Ол кісі есінен танып шықты. Әкем Орманды да адамдар қолына байланған арқанмен құдық түбінен алып шықты. Адамдар арқанмен тартып сыртқа көтер­ген соң, Сақтаған досының өзі де естен танып құлады. Шала уланған екен. Айналадағы кісілер сүт, айран ішкізіп аман  алып  қалды. Сақтаған  досының  айтуы бойынша, әкем құдық түбінде жүресінен отыр екен, бір қолы  шегеннен  ұстап  қатып  қалыпты».

Сөйтсе, құдықты қазып жатқанда бір жыл бұрын дайындаған сексеуіл жетпей қалып, түп жағын жас сексеуілден шегендеп жіберген екен. Құдық шегендеуге жас сексеуіл салса, ол бойынан газ шығарып, айналасын улы газға толтырады. Улы газ құдық түбінен шықпай, жиналып тұрған. Құдықтың суы тартылған соң, сол кептірілмеген сексеуілден газ шығып, құдықтың түбі улы газға толып қалған. Орман балуан сол газдан уланған. Негізі бір жыл бұрын дайындалған сексеуіл күнге күйіп, аязға сорылып, бойынан газ шығармайтын болып қалады екен. Қазақ сексеуілдің де технологиясын жақсы білген. Сондықтан шегенге пайдаланатын сексеуілді және қандымды бір жыл бұрын дайындап қойған.

Ибрагим Сапаховтың әңгімесін

хатқа түсірген Оңдасын Оразов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: