Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Парақорлар әулеті

31.10.2024, 10:00 442

Оқырман  олжасы

Теңіз төскейінде Ерғали Абдулла есімді азамат тұрады. Сегіз қырлы, бір сырлы. Ұстаз, ақын, сазгер, журналист, жазушы, сатирик деп тізе беруге болады. Бір ғана «Моншақтай әңгімелер» топтамасымен қысқа-нұсқа ой саларлық туындылары талайды тамсандырып жүр. Ерекең – әдебиеттің бірнеше жанрындағы кітаптың авторы, талай байқау, мүшәйрада топ жарған. Ал «Қазақ сатирасының найзагері» атанған ағамыздың әзіл-сықақ әңгімелерімен оқырмандарын миығынан тарттырып келгеніне де ондаған жыл болыпты. Бұдан бұрын да «Жеңгелер келіп қалыпты», «Еркектер жиналысы» атты кітаптары тіршіліктің жағымсыз жайларын, тұрмыстық келеңсіздіктерді сын садағына іліп, әзілге айналдырса, көпшілікке күлкі витамині болған сатириктің «Парақорлар әулеті» атты жаңа кітабы оқырманның олжасына айналып отыр.

Бұл кітапта да автор әзіл түбі зіл екенін танытады. Бірінші «Әзілде кек жоқ» бөліміндегі әңгімелер сатирамен үлкен мәселелерді қаузаса, «Күлкіде шек жоқ» деп аталатын екінші бөлімнің сахнаға лайықтап жазылған интермедиялары күлкі шақырар кейіпкерлермен бетпе-бет кезіктіреді. Оның ішінде кітап атына негіз болған «Парақорлар әулеті» әңгімесі құрдастарының арасында «Мырза қатын» атанған Қонақгүлдің жолдасы Арпабайдың парақор екенін білгенінен бастау алады. Жұмыстасы Үрбибінің «Парақордың парықсыз қатыны» деген сөзі сай-сүйегін сыздатқан ол үйіне келіп күйеуінен мән-жайды сұрағанда, ол ғана емес үлкен аталарының да парақор болғанын естіп, тіптен ашуға булығады. Ақырында өзінің ата-анасын шақырып, күйеубаласымен сөйлестірмек болғанда төркін жұртының да былығы бар екенін білген Қонақгүлді «Бұл әулеттің маңдайына пара алу, таңдайына соның дәмін тату жазылған екен ғой» деп ой түйіп, көңілін жайландырады.

Бір сөзбен айтқанда, автордың Алматының «Арна» баспасынан шыққан әзіл-сықақ әңгімелер мен интермедиялар жинағына оң болсын айта отырып, айналадағы, қоғамдағы жағымсыз тірлік, кемшін жайларды күлкіге көмкеріп берсек деген ойдан туған дүниелерінің ішінен осы «Парақорлар әулеті» әзіл әңгімесін  «Ойпырмайда»  жариялағанды  жөн  көрдік.

Шу ойламаған жерден шықты. Тым жақсы, тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасы еді. Ерлі-зайыпты екеуі бірін-бір сүйіп қосылған. Демнің арасында араларынан сайтан жүгіреді деп  кім  ойлаған?

Күйеуі Арпабай бір мекеменің білдей басшысы, жалақысы да қомақты. Өздерінің күнделікті тірлігіне, барған-келгеніне, жатқан-­тұрғанына молынан жететін. Оның үстіне бастық болған соң, бармақ басты, көз қыстысы бар ма, айына бірнеше дүркін бір бума ақшаны әйелі Қонақгүлдің қолына әкеліп ұстатады. Өзі қайда барсын, анда-мұнда қыдырсын, қайта ақша сұрамайды. Соған қарағанда тағы бір жақтардан қалтасына ол-пұл түсетін сияқты. Төрт құбыласы түгел Қонақгүлдің ештеңемен шаруасы жоқ. Әр келген ақша жүзін жадыратып, үнемі көңілі тасып жүреді. Барлықтан да болар, кейде ағайын-туғанның анау-мынау тірлік-талаптарына кәдімгідей демеуші болып қояды. Жұрт алғанына риза болса, бұл бергеніне дән риза. Қайнылары бүгінде «Мыр­за жеңге» атандырып жіберген. Бұл атына Қонақ­гүл риза-ау, риза. Кішкентай кезінде өз атын өзі біртүрлі көріп, ренжіп жүретін. Енді міне «Мыр­за жеңге» атанып еді, көп ұзамай үлкендер жағы  «Мырза келін», құрбы-құдастары «Мырза қатын», жұмыстағы әріптестері «Мыр­за ханым» деп түрлендіріп жіберген. Осындай әдемі аттар төбесін көкке тигізіп жүрген. Жұмысын­дағы  Үрбибі деген қатын көре алмады ма, бірде қараптан-қарап көктылақтанып келіп, жолы­на  кесе-көлденең  тұра  қалды  да:

– Сенікі  не  шалқу? Шалқы, шалқы, бір күні шалқимын деп шалқаңнан түсерсің! – деме­сі бар  ма.

Мұндай тосын сөз Қонақгүлдің өтін жарып жібере жаздады. Бұл пақырға не жазығы бар екенін түсіне алмай, «Не жазып қалдым?» деп өз ойымен әуре болып қалды. Қараптан-қарап тұрып тиіскені шымбайына шынымен-ақ батып  кетті.

– Не деп тұрсың? Менің шалқығаным сенің қай жеріңе тиіп кетті? Ішің күйсе, тұз жала, сыр­тың күйсе, домала, – деп бұл да бір шаптығудай  шаптығып  берді.

Үрбибінің беті қайтар емес. Бір белін таянып, бір  қолын  ербеңдетіп:

– Әбден парамен семіргенсіңдер. Түптеріңе пара жетер. Арпабайың жылмиып алып нағыз жебірдің өзі екен. Жұмысқа тұрғанның бәрінен пара дәметіп, құлқыны құрып тұрады… Мені білмейді дейсің бе? Жердің астындағыны білемін… Өй, парақордың парықсыз қатыны! – деп көшенің қақ ортасында тұрып алып, алған пәтінен қайтар емес. Әрі-бері өтіп бара жатқандар  қызық  көріп,  тоқтап  тыңдап  тұр.

Қонақгүлдің аяқ астынан тілі байланды да қалды. Қайтарар сөзі көп еді. Бір қатынмен ұрыста жеңіле қоятын, дес бере қоятын бұл емес. Бірақ әне бір «парақордың парықсыз қатыны» дегені еттен өтіп, сүйегіне жеткендей болды. Тілі сол байланғаны байланған. Қап-қара болып түтігіп, үйіне қарай асықты. Мына жекпе-жекте жеңгеніне мейманасы тасыған Үрбибі  оның  соңынан:

– Парақордың қатыны екеніңді бүкіл ел біледі. «Мырза қатын», пішту. Қайдан біткен мырзалық. Қара халықтың арам тері ғой сендерді құтыртып отырған… – деген дауысы жер жарып  жатты.

Қонақгүл үйге келген соң да жанын қоярға жер таппай дызақтады да қалды. Арпабайдың жұмыстан  келетін  уақытын санап, диванға барып сұлап түсті. Сол жатқаннан пора-пора болып іші-бауыры солқылдады.

Бір уақытта есік тырс етіп ашылып, Арпабайдың аяғының тықыры естілді. Бұл жатқан бөлмеге  жақындағаннан:

– Ақ Қонақгүл, ақ Қонашым! Аққудайын сыланып, тотыдайын таранып, айнасына қаранып отыр ма екен, жүр ме екен… Ақұдай берген, ақ берген, күйеуіне бақ берген… – деп күндегі әдетімен еркелетер сөздерін айтып келеді.

Мұның еңкілдеп жатқанын көргенде:

– Ақ Қонаш, не болды? Кім тиді? Аузы-мұрнын күншығысқа қаратайын, – деп елпілдеп қалды.

Қонақгүл кеудесін көтеріп, көз жасын сүртіп, ықылығын баса алмай отырып:

– Сен парақорсың ба? – деп әзер айтты.

– Қайдағыны тауып алдың? – деді Арпабай көзі  атыздай  болып.

– Бәрі  айтып  жүр…

– Айта берсін! Бір күні ауыздары қисайып кетер…

– Сонда пара алып жүргенің шын екен ғой…

– Ақ Қонаш-ау, былай ғой… жалғыз айлық шайымға келмейді. Биылғы жазда Дубайға барайық деп отырсың өзің… – Арпабай қалбалақтай үн қатты. – Жалғыз мен ғана алып жүрмеген шығармын. Келіп тұрған несібені қаға алмаймын ғой. Сұраған жоқпын, өздері береді…

Мына сөздерді естіген Қонақгүл бағанағы жылағаны жылаған ба, бөлмені басына көтере ойбайға  басты.

– Біреудің күнкөрісінен жырып берген пара­сы менің тамағымнан қалай өтеді? Қылтамақ болып қалайын оны жегенше… Мен сенің парақор екеніңді білмедім… Ойбай, Құ­дайым-ау, мені  қайда  әкелгенсің?!

– Қонаш, көзіңнің жасын сүртші… Жыламашы…

– Жыламай қайтемін… күйеуім парақор болса…

– Айттым ғой жаңа, пара алмайтын адам жоқ. Осы жұмысқа келгенімде жоғарыға беріп тұрғанмын, періште емеспіз, біз де пендеміз…

– Ертең сенен көріп балаң да алады  ғой. Мен сосын  «парақордың  шешесі»  атанамын  ба?

– Жұрт не демейді, малталарын езе берсін. Менің орныма солардың біреуі келсе, ол да алады. Алғанда да көсіп алады, бермегеніңді бел  ортасынан  кесіп  алады.

– Жұртта не шаруаң бар? Маған десе бір-бірінікін тасып алсын… өзіңді түзесейші.

– Түзегенде қайтемін? Менен періште шықпайды. Әкем де алған, одан жаман болған жоқ. Балаларын түгел оқытты, тоқытты, адам қылды.

– Өлә, жақсы болған екен! Папам да алған болса, жұрт мені парақордың келіні деп сыр­тымнан еріндерін шығарып жүрген шығар. Ұят-ай! Интеллигент еді ғой, көп оқыған кісі еді  ғой, қалай  алды  екен?

– Ақырзаманды төндіріп отырған сен. Пара­сыз заман болған емес. Атқа мінгендердің бәрінің де алуы – заңдылық. Ең аяғы алмасаң, бермесең, жоғарыдағылар өзіңнің құйрығыңнан бір-ақ тебеді. «Берсе тастама, бермесе  қақсама» дейтін  марқұм  атам.

– Ойбай, ойбай! Атам да пара алған ба? Намаз  оқитын  еді ғой, – Қонақгүл диваннан шоршып еденге түсіп, жер тепкіледі. – Мені бүкіл  халық  «Парақорлар әулетінің келіні» деп  айтып  жүрген  шығар…

– Көз жасыңды тый, ішіңдегі бөпеге зияны тиер.

– Зиянын онсыз да тигізіп отырсың. Ертең оны «Парақордың баласы» демей кім дейді дейсің?

– Болды енді, ботадай боздай бермей…

– Қазір әкем мен шешемді дереу шақырам. Айтам бәрін. Қойсаң қоясың, қоя алмасаң сенімен бірге тұра алмаймын, – деді Қонақгүл атып тұрып телефонына жармасып. – Бір шаңырақ  астында  тұра  алмаймыз  енді.

Ентігіп, екі өкпесін қолына алып әкесі Қонай мен шешесі Панагүл келіп жетті. «Не болып қалды сендерге? Әп-әдемі болып отырып…»  дей  береді  көздері  ұясынан   шығып.

Панагүл қызын өбектеп, көз жасын сүртті. Қонай шеткері орындықта сымға қонған торғайдай  болып  бүрсиіп  отыр.

– Мына күйеу балаңа қой десеңші! – деді Панагүл  оған  қарап.

– Әй, Арпабай, қандай азаматсың, қойсай­шы енді! Қашанғы ішесің, ішкеннен мүйіз шыққан адамды көрмедім. Арақ кімге опа бере­ді? Бір күні мына істеп жүрген жұмысыңнан айырылып қаласың… Ең болмаса, ішсең де, жөніңмен ішсейші, – деп Қонай тұтыға бастап келе жатыр еді, Панагүл оған  жалт  қарады  да:

– Не деп кеттің сен? Нені қой дейсің?.. – деді.

– Сонда   нені  қой  деуге  келдік біз? – деп Қонай  да  көзі  жыпылықтап  аңтарылып қалды.

– Өй, сенен палау піспес, өзім-ақ ай­тайыншы, жетесіне жетсе. Қой дегенді құлағыңа ілесің бе, ілмейсің бе? Ақша салып ойнады деген не? Бірте-бірте қарызға кіріп, азып-тозып кетерсің. Бала-шағаң бір жақта қалар, үй-жайың біреудің қолында қалар. Лудо­мония деген ауру ғой бұл. Тоқтат! Бүгіннен бастап тоқтат! Қызымды қорлатып отыра алмаймын. Қашанғы шыдаймыз… – деп Панагүл үдетіп бара жатыр еді, Қонақгүлдің басы қайқаң  ете  қалды.

– Мама, не деп кеттің? Бұл ішпейді де, тартпайды да, ойнамайды да… – деді ышқына.

– Жаңа өзің емес пе зар қағып «келіңдер де келіңдер, қой деп айтыңдар» деген…

– Мама, құлақтарыңа не болған? Мен қой дегенде  пара  алуды қой деп жылап отырмын…

Қонақгүлдің әкесі мен шешесінің аузы аңқиды да қалды да екеуі бірдей:

– Сонда пара алуды қой дейміз бе? – деп қалды.

– Иә, ендігәрі пара алатын болса, бірге тұрмаймын, – деді Қонақгүл көзінен жасы ыршып-­ыршып  кетіп.

Ұшып  тұрып  әкесі қайта сылқ отыра кетіп:

– Қызым-ау, өз несібеңді өзің теппе, кедей­дің кербезінен сақта деген, саған не әлде, не сәлде керек. Кім алмай, кім бермей жатыр қазір. Сен оқу бітіріп келгеніңде жалынып-­жалбарынып жүріп, алдынан кіріп, арты­нан шығып жүріп, барымызды сылып беріп жұмыс­қа әзер-әзер дегенде тұрғызғанмын. Одан сен жаман болдың ба? Ал сол параны бермегенде, жайма базарда сауда істеп тұрар едің… – деп  басу  айтты.

Қонақгүлдің саңылауына бірдеңе барғандай  тұншыға  ықылық  атып ыңқылдап  қалды.

– Әкең айтты – болды. Жақсы күніңнен айы­рылып қалсаң, жылағанды сонда көрерсің. Атасы алса, әкесі алса, ұлы неге алмайды? Ел үстіндегі несібелері шығар. Тұр да барып үй тірлігіңді істе, – деп шешесі кейісті дауыспен жекіп алды да: – Болмашыны боталы түйедей қылма. Біз кеттік. Ерігіп жүрген жоқпыз, – деді де қалбалақтаған шалының білегінен ұстап, сыртқа  сүйрелей  жөнелді.

Әке-шешесінің Арпабайға бір ауыз сөз қатпай тез кеткеніне Қонақгүл айран-асыр қалды. «Бұл әулеттің маңдайына пара алу, таңдайына соның дәмін тату жазылған екен ғой» деп бір ой түйгендей болды. Осы ойы көңілін біраз жайландырғандай. Сөйтті де бір уақта орнынан тұрып анадайда теледидар қарап отыр­ған күйеу­іне тырсия бір қарады да, ас  үйге  кіріп  кетті…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: