Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жекеменшік балабақшалар банкрот болуы мүмкін

26.05.2020, 17:30 1656

HALYQLINE.KZ COVID-19 талай іргелі мемлекетті титықтатып тастады. Алыс-беріс, барыс-келіске тыйым салынғалы «дағдарыс болады» деген дақпырт сөз шындыққа айнала бастағанын аңғардық. Сарапшылар пандемиядан кейін әлемді ірі экономикалық кризис күтіп тұр деп болжам айтуда. Тіпті, бұған дүние дидарындағы бірде-бір ел төтеп бере алмайды дейді олар.

Отандық бизнес өкілдерінің де табысы әжептәуір ортайып қалатын түрі бар. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру мекемелері тоқтырауға тап болуы мүмкін. Бұл жөнінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған жекеменшік балабақша құрылтайшылары, үздіксіз білім беру қауымдастығы, сондай-ақ, «Біліминвест» қауымдастығы өкілдері қатысқан басқосуда сөз болды. Олардың сөзінше, карантиннен кейін еліміздегі жекеменшік 4428 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмысын тоқтатуы ықтимал. Бұл – шамамен 340 мыңға тарта бүлдіршін балабақшаға бара алмайды деген сөз. Оның басты себебі: осы жылдың 12 мамырынан бастап мемлекеттік тапсырыс тек нақты балалардың саны үшін төленеді. Ал соңғы өзгерістерге сәйкес балабақшаларда кезекші топта небәрі 15 бала тәрбиеленуі керек деген талап бар. Бұған қарамастан балабақша құрылтайшылары қызметкерлерге толық көлемде жалақы төлеуге міндетті.

– Бұл шығынды ата-аналардың қаржысы есебінен өтеу мүмкін емес. Өйткені, әр балаға шығатын шығын ай сайын қомақты қаржыны құрайды. Соңғы екі апта көлемінде жекеменшік балабақшалар қаржы мәселесіне қатысты өз проблемаларын айтып шағымдар түсіруде. Бұл мәселелер уақыт өте шешіледі деген үміт бәрімізде болған. Алайда жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік тапсырыстар тек мекеме қызметін пайдаланған бала санына қарай беріледі және қызметкерлерін қаржымен құрылтайшылар өздері қамтуы керек деген талап та бар екен. Ал шығынды ата-аналар өтей ала ма? Әрине, жоқ. Оның үстіне, көптеген қазақстандықтар балабақшаға балаларын жіберуден бас тартуда. Бұған қаржы мәселесі мен елдегі карантин себеп, – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.

Аталған күрделі проблеманы шешу үшін «Biliminvest» қауымдастығының вице-президенті Күлянда Батырбекова Үкімет назарына ұсынғанын жеткізді. Оның айтуынша, үкімет тарапынан бұған байланысты ешқандай жауап келмеген.

Ал Қызылорда облысында 668 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның 161-і мемлекеттік, 414 – жекеменшік балабақша, 93-і – шағын орталықтар. Мұнда барлығы 60 мыңға тарта бала тәрбиеленуде. 3 пен 6 жастағы балалар 100% балабақшамен қамтылған. Жекеменшік балабақшалардың үлесі облыста 72%-ды құрайды. Ресми ақпаратқа сенсек, өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдарда техникалық қызметкерлерді есептемегенде, 6 мыңнан аса тәрбиеші жұмыс істейді екен.

(Фото ашық дереккөзден алынды)

Пікірлер:
  • Неге мемлекеттик тапсырыстын каржысы толенбей отыр.осыкаржынын артында каншама отбасы кун корис етип отыр егер бари котерилсе неболады
    Оны ойлаган ким бар
    Жеке балабакшалардын каржысынын толенуин талап етемиз

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: