Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құтыдағы құдірет

24.10.2024, 10:20 120

Иіссу индустриясында есімі әлемге әйгілі болған Жан-Пол Герлен «Әтір иісі – естеліктердің ең қанық түрі» дейді. Оған шүбә жоқ. Өйткені, жұпар иіс жадыдағы сәтті еске салып, жүректегі сезімді қайта жаңғыртады. Бір құтыдағы иістің сағынышты оятуға қабілеті бар. Осы ретте, әтірді қалай әзірлейтініне тоқталсақ дедік. Қазір көбі әлемдік брендтегі әтірлерді қолдануы мүмкін. Бірақ, отандық өнімнің де озық екенін айтқымыз келеді. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Қ.Сәтбаев атындағы университеттің ғалымы Гүлжан Түзелбаева – түрлі иіссудың авторы. Бұдан бөлек, ол үйге арналған диффузор мен балауызды да дайындайды. Ендеше, шетелдік мамандардың оң бағасына ие болған кейіпкерімізді сөйлетейік.

«АЛМАТЫНЫҢ  АПОРТЫНАН  БАСТАЛҒАН  БРЕНД»

Хош иістерді ұнатқандықтан да парфюмерия саласын таңдадым. Елімізде парфюм өндірісімен айналысатындар өте сирек. Оның үстіне бізде қазақ бренді жоқ екенін байқап, сапалы қазақи парфюмерия брендін жасауды ұйғардым және оны «Гүлжан әтірі» деп атадым. Себебі, есімім жанның гүлі деген мағынаны білдіреді. Әрі кез келген гүлді иісінен-ақ танимын. Францияда  тәжірибе жинақтап, білімімді  жетілдірдім. Идеяны іске  – асырмасаң, иігілігін  көремін деу  – бекер. Сондықтан, әуелден іске  кірісіп, Алматы  апортының хош  иісімен  әтір  дайындауды бастадым. Сандал  ағашы  мен балқарағай  табиғи  қоспасын пайдаланып,  «синтетикалық алманы»  тамшылату  арқылы әйгілі  апорттың  хош иісін  алдым. Ал, оған қышқылдық  беру  үшін  ваниль,  апельсин және гольбанды пайдаланғаным бар. Алматы – апортымен әйгілі. Осылайша, оны брендке айналдыру мақсатым болды. Қазақстанға арналған парфюмді көбірек шығарғым келеді.

Әтір әлемі өте қызықты. Сондай-ақ, озық болу үшін ізденістің ізін жалғау керек. Өйткені, бәсекелестік көп. Халықаралық брендтер жыл сайын жақсы қаптамамен түрлі парфюм шығарады. Сарапшы ретіндегі міндетім – иіссу жасаумен ғана шектелмей, әлемдік трендтен қалыспау, көрмеге міндетті түрде бару және бәсекелестерден де сапалы парфюм өндіру. Демек, бәрін зерделеу керек деген сөз. Одан кейінгі жұмыс та жетіп артылады. Құтысынан бастап, сыртқы қаптаманың тартымдылығы мен әдемі оралуына дейін мән беремін.

«АУА  РАЙЫНАН  ШАБЫТ  АЛАМЫН»

Парфюм жасау барысында ұқыптылық керек. Бір тұстан мүлт кету бүкіл еңбекті зая етеді. Сондықтан, формуласы жасалады. Яғни, иіссудың мөлшері мен құрамын анықтаймын. Егер, бір тамшы көп немесе аз болса, иіссу өзгеріп кетеді. Қазіргі таңда топтамада ерлер мен әйелдерге арналған он бес түрлі хош иіс бар. Бұл – унисекс жұпарлары. Әрине, әркімнің таңдауы мен талғамы бөлек. Мысалы, ерге де, әйелге де арналған, жарасымды әрі сапалы иіссу әзірлеймін. Оның қандай иісі мен қасиеті бар екенін және әмбебап болатынын түсінемін. Бірақ, бір қызығы ерлердің парфюмін әйелдер жиі қабылдайды, ал әйелдер парфюмін ерлер алады.

Парфюмдердің атауы айрықша екенін айтып, оған идея қайдан келетінін сұрап отырсыз. Ауа райынан, тіпті жапырақтардан шабыт аламын. Кейбіріне «Zoloto» – алтын жапырақтардың хош иісі, «Bayanaul» – жаңбырдан кейінгі жер иісі деп атау қоятыным сондықтан.

«Жаңбырдан  кейінгі  жер   иісі» – ерекше туындым. Алматыны ойлап жүріп, басымда иіссудың белгілі бір ноталары пайда болды. Мұның жақсы болатынын да сездім. Осылайша, ветивер ингредиентін алып, оған пачули қостым. Бұдан бөлек, Баянауылда сандал ағашы бар. Кендір мен балқарағай элементтерін да айта кету керек. Нәтижесінде, хош иіс шығару үшін бәрін біртұтас етіп, бір-біріне қалай сәйкес келетінін зерделеймін.

Ғылымда аромапсихология деген түсінік бар. Дұрыс айтасыз, адамның мінезін иісі арқылы аңғаруға болады. Мысалы, жеңілірек адам алқаптағы лалагүлдің нәзік хош иісін ұнатуы мүмкін. Сондай-ақ, адамдар көбінесе парфюм арқылы әсер етуді ұнататынын білемін.

«ИНГРЕДИЕНТТІҢ  90  ПАЙЫЗЫН  ФРАНЦИЯДАН  АЛАМЫН»

Менің зертханам – бөлек махаббат. Ғылымға құштарлығымның өзі бұл саланы жатсынбайды. Күнімді зертханада өткізсем де, мені мезі еткен емес. Өйткені, ғылымдағы әр жаңашылдық – өрлеуге, даму деңгейін арттыруға жаңа мүмкіндік. Басты мақсат – жаңалық ойлап табу және оны жасау. Оның үстіне, министр Саясат Нұрбек те ғылымды қолдайды.

Әлбетте, парфюм дайындау оңай жұмыс емес. Ингредиенттерді таңдаған кезде сапасына мән беремін. Мен үшін маңыздысы да – осы. Ингредиенттің 90 пайызын Франциядан аламын, ал қалғанын Алматыда ғалымдармен бірге әзірлеп жатырмын. Алдағы уақытта да апельсин, қалақай, розмарин сынды шикізатты өзімізде жасамақпыз.

Франциядан  ингредиенттерді әкелу қиын ба? Бұл туралы ойламаймын. Оларды қажет болғандықтан сатып аламын. Өнімімнің сапалы болғанын қадағалаймын. Әрине, ингредиенттер қымбат, бірақ, әрқашан өзін ақтайды. Сапалы парфюм, жақсы пікір, тұтынушылардың жылы лебізі мені  қуантады. Иә, алғыс әрі қарай  жұмыс  істеуіме  қуат береді.

«Зертханада  көп  уақыт өткізесіз, иісті  ажырата алмай  қалатын  кезіңіз  бола ма?»  деген  сұрақ  қойдыңыз. Бәлкім, көпшілікті де осы сауал ойландыратын шығар. Зертханада жай шаршауым мүмкін, бірақ иісті шатастырмаймын. Табиғи және табиғи емесін бірден танимын.

«ТАНЫСЫМНЫҢ  300-ДЕН АСТАМ  ПАРФЮМІ  БАР»

Иіссу таңдағанда әркім өзіне ұнайтын нәрсені ғана ескеруі керек. Егер хош иіс тітіркендірмесе, жақсы эмоция тудырса, жағымды деген сөз. Сондай-ақ, оны дұрыс қолдану да маңызды, себудің де тәсілі бар. Жалпы, сақтау мерзімі бір жыл болатын парфюмға үйреніп қалдық. Алайда, оттегі түспесе, қалағаныңызша пайдалануға болады.

Әтір жинайтын коллекционерге көзқарасым оң. Бір досымның 70, енді бірінің 300-ден астам парфюмі бар шығар. Ал, өзіме «Nasomatto», «MONTALE» және Том Фордтың бірнеше иіссуы ұнайды. Десек те, өзім сирек қолданамын. Өйткені, зертханада хош иістің ортасында жүремін және оны сеземін.

Замира ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: