Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киберспорт – жаңа мүмкіндіктер алаңы

24.10.2024, 9:40 142

Жасы үлкейген, жаңа заманның ағымына ілесу қиынға соғып жатқан кісілер үшін таңсық сөз болуы мүмкін. Алайда, бұл спорт түрімен көзі қырағы жас талап жақсы таныс. Мобильді ойындар жайында көбіне негативті пікір айтылатын заманда ойын ойнап-ақ қыруар қаражат тауып, отбасын асырауға болатынын бірі білсе, бірі білмейді. Киберспорт аталатын спорттың жалпы пайда болғанына біраз уақыт болған. Десе де, онымен айналысатындардың саны, өткізілетін турнирлердің ауқымы жаңарып, кең тыныс алғаны кеше ғана. Елімізде де киберспорттан көпшілік хабардар. Негізі қазақтар талантты халықпыз ғой. Әмбебаптығымыз, бірдеңені тез меңгеріп әкететін өжеттігіміз көпке аян. Тек кейде жалқаулыққа салынып кететініміз болмаса… Ал киберспорт – таза жалқауларға арналған спорт түрі. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген тәмсілдің кері. Оқуда, не спортта жетістікке жете алмаған жасөспірім бала кезінен компьютер немесе мобильді ойындарға құмартып бас алмаса, болашақта мен деген киберспортшы атанып, әлемді аузына қаратуы бек мүмкін. Заманның ағымы соған келе жатыр. Таланттығымызды атап өткен себебім, отандастарымыздың аталған индустрияда жеткен жетістігі, әлі асар асуы көп. Бүгінде бір уақыттары ойын ойнауды уақыт өлтіру мен мәнсіз дүние санағандарды сан соқтырып, көк байрағымызды халықаралық дәрежеде көтеріп жүргендердің қарасы қалың. Жалпы, бұл тақырыпта қалам тербейтіндір некен-саяқ. Әлеуметтік желілерден, болмаса ақпарат агенттіктерінен жылдам жарияланған жазбаларды ғана байқауға болады. Сол себепті тақырыпты қозғап, киберспорттың әлемдегі рөлі мен еліміздегі ахуалы жайында тың мақала даярлауды құп көрдім.

Киберспорт – көбі ойлағандай тек жарысқа қатысып, ойын ойнап кету емес. Оның астарына үңілсең, берер пайдасы да бар. Аталмыш спорт түрі жоғары реакцияны, стратегияны, сонымен қатар командалық  жұмысты да талап етеді. Атап айту керек, киберспортта интеллектуалды ойлай білу де қажет. Киберспорттың тарихы 1972 жылдан бері қарай бастау алды десек болады. Сол жылы  Стэнфорд университетінде «Spacewar» ойыны бойынша жарыс өтті. Бұл жарыс жалпы киберспорттың пайда болуына түрткі болған алғашқы маңызды оқиғалардың бірі болды десек, артық айтқанымыз емес. 1990 жылдың ортасына қарай интернеттің ауқым алуы осы шамадағы турнир­лердің  өтуіне мүмкіндік ашты. Интернеттің ар­қасында  әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар  бір-бірімен сым арқылы  байланысып, бірге  ойнау  мүмкіндігі  туындады.

Киберспорттың бүгініне тоқталсақ, қазіргі таңда киберойындар әлемдегі ең беделді спорт түрлерінің қатарына енді. Тіпті биылдан бастап олимпиадалық лицензия алғанын да ерекше атап өтуіміз керек. Ал оның жаһандық нарығы мил­лиардтаған доллар қаражатты құрайды. Араға уақыт салып турнирлерге бөлінетін сома да кө­бейіп  жатыр. Әр мемлекетте турнирлер өткізілуде, ал оны  көрушілер  саны  тым  көп.

Ең танымал киберспорттық ойындар қатарына Dota 2, League of Legends (LoL), Counter-Strike: Global Offensive (CS:GO), Fortnite және Valorant жатады. Әр  ойынның өз турнирлері, лигалары мен чемпионаттары бар, жүлдеқоры миллиондаған доллардан асады. Мәселен, Dota 2 ойынының The  International  турнирінде 40 миллион доллар  сарапқа  салынды.

Елімізде де киберспорт индустриясы айтар­лықтай дамып келе жатыр. Бұл сөзімізге отандастарымыздың әлемдік аренадаға жеткен жетістіктері дәлел. 2018 жылы киберспорт ресми спорт түрі қатарына енген болатын. Бүгінде аталған спорт түрінің жеке федерациясы да бар. Кибераренадағы алғашқы мақтан тұтарлықтай жеңіс деп қазақстандық Gambit Esports командасының Польшаның Кроков қаласында өткен жүлдеқоры бір миллион долларды құрайтын ірі турнирде топ жаруын айтсақ болады. Расын айту керек, отандастарымыз – бұл команда үшін легио­нерлер. Себебі, Gambit – ресейлік топ. Бірақ сол жылы турнирде бүкіл қарсыласын қапы қалдырып, жеңімпаз атанған құраманың бес ойыншысының үшеуі қазақ-тұғын. Дәлірек айтқанда, сол жарыстың үздік ойыншысы атанған AdreN, оның жанындағы Hobbit пен mou да – қазақстандықтар. Сол себепті бұл жетістікті біздің жеңіс деп санауға толықтай  негіз  бар.

Киберспорттағы жетістіктер жайлы сөз қоз­ғалса, AVANGAR командасы да қатар жүретіні айдан анық. Бұл топтың жалпы тарихы, титулға дейінгі жолы тек қазақстандықтарды емес, жалпы ТМД киберспортсүйер қауымын тәнтті етті. Бұл ұжым 2019 жылы әлемдік StarLadder Berlin Major турнирінің финалына дейін жетіп, жаһандық арена­да үлкен сенсация жасады. Бұл тек Қазақ­стан үшін ғана емес, бүкіл ТМД елдері үшін де ерекше оқиға болды. AVANGAR командасының аталған жетістігі киберспорттағы қазақстандық ойыншылардың  әлеуетін  көрсете  білді.

Осы тұста CS ойынынан бөлек те жеңімпаз атанған киберспортшыларымызды атап өткеніміз абзал. 2022 жылы Индонезия астанасы Балиде болған PUBG Mobile турнирінде ұлттық құрама жігіттері үздіктер қатарынан көрінді. Дәлірек айтсақ, алтыннан алқа тағып, киберспортта шоғырымыз биік екенін әлемге дәлелдеді. 2-10 желтоқсан күндері өткен жарыста қазақстандықтар 100 мың долларды  қанжығасына  байлады.

Қазақстандағы киберспорт тек ойыншылардың жетістіктерімен ғана шектелмейді. Соңғы жылдары елімізде киберспорттық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Мысалы, Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда киберспорттық ареналар мен орталықтар ашылуда. Бұл орталықтар кәсіби ойыншылар мен командаларға жаттығу жасауға, турнирлер  өткізуге  қолайлы  жағдай  туғызады.

Бүгінде Қазақстанда жастар арасындағы киберспортты дамытуға бағытталған түрлі жоба қолға алынуда. Мектептер мен жоғары оқу орындарында киберспорт секциялары ашылып, жастарды бұл салаға қызықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Киберспорт тек уақыт өткізу құралы емес, ол кәсіби мансаптың негізі бола алатындығын түсінген жас буын бұл салаға қызығушылық таныту үстінде.

Жоғарыда атап өткендей, біз – талантты ұлтпыз. Бойдағы дарынды пайдалана алмай, қолымыздан келетін істі артқа тартып, елемейтіндігіміз тағы бар. Киберспорттың болашағы, оның әлемдік медиадағы рөлі айтпасақ та белгілі. Бұйырса БАӘ-де алғашқы олимпиадалық ойындар өтпек. Миллиондаған аудиториясы бар индустрияда жұртты мойындатып, үздіктер қатарынан көрінсек несі айып? Онсыз да шетелдіктер елімізге өзгеше, жұпыны таптаурынмен қарайтынын білеміз. Қазақтар дегенде таулы аймақта өмір сүретін, жағдайы төмен, халқы жабайы халық елестейтінін жасырмаймыз. Атын атап, түсін түстеп не керек, кейбіреулер кино-ән арқылы идеологиялық бағытта сондай түсінік қалыптастырып жатыр. Егер инно­вациялық сауат сынға түсетін алып турнир­ден жүлдесіз қайтпай, ешкімге дес бермесек, жұртшылық Қазақстанды жаңа қырынан таныр ма еді?

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: