Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға
Ашық хат
Құрметті Гүлшара Наушақызы!
Жанқожа батыр ауылы – Қазалы ауданындағы іргелі елді мекеннің бірі. Облыс көлеміндегі тіректі ауыл санатын иеленген батыр баба атындағы ауылдың келбеті өте көрікті. Ауыл ішіндегі мұнтаздай асфальт көшелер, еңселі ғимараттар, көшенің түнгі жарығы, әсем саябақ басқа да әлеуметтік нысандар жанарыңа алыстан шалынады. Ағымдағы жылы ауылдық мәдениет үйі мен 2 көшеге жөндеу жүргізіледі деп күтілуде. Халықтың демеушілігімен салынған «Сарықұл қожа» мешіті (құны 15 миллион теңге) жамағатқа имандылық нәрін себуде. Десе де, ауылда шешімін күткен мәселе де жоқ емес. Соның бірі – ауызсу құбырын сервистік жүйеге қосу жайы.
2013 жылдан бері талай мәрте қозғалып, Қазалы ауданы басшыларына қайта-қайта айтылып, жазылып жауыр болған, алайда еш нәтиже шықпаған осы мәселені енді облыс әкімі ретінде өзіңіздің назарыңызға ұсынып, жәрдем жасауыңызды сұрауды жөн санадым!
Ауызсу құбырын сервистік жүйеге қосуды ауыл тұрғындарының күтіп жүргеніне міне, 7 жыл болды. Жылда ауыл, аудан әкімдерінің есеп беру жиынында қозғалады. Бірақ… нәтиже жоқ. Естуімізше, 2013 жылы дайындалған жоба-сметалық құжаттары мерзімі өтуіне байланысты 2017 жылы қайта жасалыпты. Өкінішке қарай, биылғы жылы оның да мерзімі аяқталатынға ұқсайды.
2013 жылдан бері бір-жар облыс, аудан әкімі, бірнеше мәрте ауыл әкімі өзгерді. Әкімдер өзгергенімен ауылдың ауызсу құбырын сервистік жүйеге қосу әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Қуанышбек Ысқақов облыс әкімі болып тұрған кезде ауыл тұрғындармен өткен кездесуде ақсақалдар тарапынан қозғалған осы мәселені «қарастырамыз» деген болатын…
Мұрат Нәлхожаұлының Қазалы ауданы әкімі қызметін атқарғанына да міне, екі жылдан асты. Сондықтан бұл тақырыпқа М.Ергешбаев та қанық деп ойлаймын. «Жанқожа батыр ауылындағы ауызсу құбырын сервистік жүйеге қосуға 114 миллион теңге қажет» деседі білетіндер. 7 жылдан бері шын талпынса осы қаржы табылар ма еді, кім білсін?! Тым болмаса «Жол қартасы» бағдарламасы аясынан үнемделген қаржы есебінен шешімін тапса да нұр болар еді. «Қоғамның басты байлығы – адам» деп текке айтылмаған шығар…
Жанқожа батыр ауылы тіректі елді мекен болғандықтан, бірқатар жеңілдіктер бар болуы да мүмкін. Жан-жағындағы көрші ауылдар, яғни қала беткейіндегі Ақтан батыр, Жалаңтөс, Мұратбаев, Сырдарияның арғы жағалауындағы Түктібаев, өзге де ауылдар сервистік жүйемен қамтылған. Бекарыстан би ауылына биыл жүргізілмекші. Бір қызығы, Түктібаев пен Бекарыстан би ауылының аралығындағы Майдакөл ауылы да сервистік жүйеге қосылмаған. Көршілері сервистік жүйенің игілігін көріп отырғанда дәл ортадағы Жанқожа батыр атындағы тіректі ауылдың тұрғындары мұндай игілікті істен қалайша қалыс қалған?!
Құрметті Гүлшара Наушақызы! Мұнан бір-екі күн бұрын әлеуметтік желідегі парақшамда облыс әкімі, яғни сіздің атыңызға осы мәселені айтып, көмектесуіңізді сұрап жазба жазған болатынмын.
Жауап күні кеше, 25 мамырда облыстан емес, Қазалы ауданы әкімдігінен келді. Онда «Өзіңіз айтып отырғандай мұндай жұмыстардың барлығы қаржыға келіп тіреледі. Біз өз тарапымыздан аудандағы ауызсу сервистік желіге қосылмаған Жанқожа батыр, Майдакөл және Бекарыстан би ауылдарының құжаттарын дайындап, тиісті басқармалар мен министрліктерге ұсындық. Биыл «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының арқасында Бекарыстан би ауылын сервистік желіге қосу жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта қаржысы шешілсе, қалған екі елді мекен де ауызсу сервистік желіге қосылады» деп жазылыпты.
Тағы да қаржысы шешілсе… Сонау 2013 жылдан бері есітіп келе жатқан жаттанды жауап.
«Қаржысы шешілсе» деген Қазалы ауданы басшылығы айтып жүрген жауапқа тоқталсам, 2013 жылдан бері шешілмеген не деген табылмайтын қаржы?!. Оған қоса, «2013 жылы дайындалған сметалық жоба мерзімі өткендіктен 2017 жылы қайтадан дайындалды. Оның мерзімі биыл аяқталады» деген деректі құлағымыз шалды. Ол рас болса, 2020 жылдың ортасына да келіп қалдық. Қажетті қаржы Қазалы ауданы әкімдігі жауабында жазғанындай жыл соңына дейін шешімін тапса жақсы. Шешімі табылмаса ше? Онда бәрін қайтадан бастауға (жоба-сметалық, т.б. құжаттарды қайта жасауға) тура келе ме?! Міне, көңілдің алаң болатыны осы ғой. Маңайдағы ауыл тұрғындары игілігін көріп отырған ауызсу құбырын сервистік жүйеге қосуда тіректі ауыл саналатын Жанқожа батыр ауылын қалайша аттап кеткен? Майдакөлде де тура сондай жағдай болған. Сервистік жүйені ауылдардың орналасу ретіне қарап жүргізуге қандай кедергі себеп болды?
Құрметті Гүлшара Наушақызы! Сізден Жанқожа батыр ауылы тұрғындары қаншама жылдардан бері зарыға күтіп жүрген ауызсу құбырын сервистік жүйеге қосу мәселесінің оң шешімін табуына ықпал етуіңізді сұраймын. Қызметіңізге сәттілік тілеймін! Әулие әрі батыр Жанқожа бабамыздың аруағы өзіңізді қолдап жүрсін!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі,
Қазалы ауданы
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!