Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бояу бетіндегі болмыс

10.10.2024, 9:20 126

Испан суретшісі Пабло Пикассо «Кім адамның жүзін дұрыс көре алады: фотограф па, айна ма, әлде суретші ме?» дейді. Әсте, суретші адам бетіндегі әжімнің сырына да қанығуы мүмкін. Бұл – бейнеге жүрек көзімен қарайтын сурет өнерінің өкілдеріне тән қасиет. Тек қол еңбегі емес, шалқар шабыт пен қиял қиылысы қатысатын тұс. Тынымсыз тіршілік һәм уыста тұрмайтын уақыт бөгелуге де мұрша бермейді. Мұндайда өмір келбетін келістіретін сан түрлі бояу мен көркем картина екені анық. Былайша түрленген табиғатқа мән бермеуіміз мүмкін. Ал, жыл мезгілінің қағаз бетіндегі сұлулығы сүйсіндірмей қоймайды.

Осыншама аяулы сезімдерді қылқаламның ізіне сыйдыру қабі­лет пен өнерге деген құштарлықтан туады. Әсемдікке әсерлене қарап, таңданысқа толы дүниені тасада тыс қалдырмай, суретті сезініп сала­тын таланттың бірі – Құндызай Жанабай.

Иә, бейнелеу өнері – бөлек әлем. Әр картинаның санада сайрайтын сыры, тіпті түйсікте түртіліп қалар тарихы бар. Ал, сан түрлі бояудың сиқырлап алатын күшін қайда қоясыз?! Осы бір әлемге енгенде жан тыныштығын табатын Құндызай сурет салудан қол үзбек емес. Өнерді түсіне­тін өресі биік ару сурет салудың таным шеңбе­рін тар етпейтінін тілге тиек етті. Ақылды артты­ратынын және жан-жақты болуға жетелейтінін де жақсы біледі. Мектеп қабырғасында жүргенде шығармашылығымен жұрт назарын аудартып, жетістікке жете білген ол әркез шеберлігін шыңдауда.

– Суретке деген қызығушылы­ғым бала күнімнен қалыптасты. Бейнелеу өнеріне бейім болуыма әкем де ықпал етті. Ол кісі суретті жақсы салады. Қарым-қабілетімді байқаған жетекшілерім мені үйірмеге бірден қабылдап, 2 жыл сонда сабаққа қатыстым. Алғашында сурет салуды хобби ретінде қарастырсам, қазір маманды­ғыма бағыттап алдым. Сурет салу­да­ғы тәжірибем архитектура ма­мандығына тап­сырудағы сыннан сүрінбей өтуіме септігін тигізді. Алда­ғы уақытта шеберлігім дизай­нер саласында да төбе көрсетуі­ме мол мүмкіндік бермек, – дейді Құндызай  Серікқызы.

Қылқалам шеберіне айналу үшін талғампаздық, еңбекқорлық, әрбір детальға ерекше назар аударатын байқампаздық керек. Қанша деген­мен сурет салу айқыш-ұйқыш сызық­ты сызып, бояумен өңін өңдеп, келістіре салатын жеңіл іс емес. Адам суретке үңілгенде үзік сырды байқап, қағаз бетінде сөйлеген сезім үнін естіп, көрініске таңдай қағуы қажет. Құндызайдың шығармашылығында дәл сондай шынайы­лық бар. Оның кез келген туындысы таланты мен талпы­нысын танытып, шабытының шарық­тау шегін айшықтап, дарынды екенін дәлелдеп береді. Демек, туынды мен оның иесінде тұтас тамыр­ластық  пен  бүтін болмыс жатыр.

– Суретте аса қатты мән бере­тінім – жаны бар адам, жан-жануар­ларды салғанда көбіне эмоцияны көрсетуге тырысамын. Гүл немесе құмыра секілді суреттерде шынайы­лық беруге, жаттанды жасандылыққа жуымауға көңіл бөлемін. Иә, суреттерімді сатып алғысы келетін­дер бар. Алайда, суретке өзімді арнап, көз майым­ды тауы­сып, жаныммен салатын­дық­тан ешкімге қимаймын, өнерімді саудалағым келмейді. Тек сыйлыққа берген кездерім болды, – дейді  ол.

Картиналары әлем тізімінде көш бастап, санаға сілкініс жасаған суретші көп. Бұл – өнерге тәнті болған көпшіліктің берген ба­ғасы. Сайып келгенде, салынған бейнеге селт етпейтін адам кемде-кем. Суреттің мәлім де беймәлім мәнін ашуда ынталы болып, таным таразысында талдап алуына да нақ сол себеп. Әлбетте, әр суретшінің өзіне тән ерекшелігі, ғаламды қағаз бетіне сыйдырып әкетер ғажайыбы, тапқыр тәсілдері болатыны анық. Осы ретте, талғампаз Құндызай Висенте Ромероны жанына жақын тұтып, суреттеріне аса назар аударатынын алға тартты. Испандық суретшінің туындысы ерекше ұнайтынын, оның жарықты бейнелеп, бәрін бүкпесіз, ешбір боя­масыз   қағазға  түсіретінін  жеткізді.

Кейіпкеріміз  дамуда  дамыл таппай, үздіксіз ізденістің ізін жал­ғап жүр. Машақатына мән бермес­тен машықтануын жалғастырып, гале­реяларға жиі барып, өзге сурет­шілердің жұмысымен танысады. Бұл қызығушылықтың жоғары, өнерге махаббаттың шексіздігін білдіреді. Бала күнгі арманымен  бола­шағын  бекіткен  ол  биік  бе­лес­ті  бағындырары  сөзсіз.

Лағыл  БАЙМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: