«Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең, мұсылман дінінен шығады» дегенді естіген боларсыз. Мәселе біреудің жылы немесе қатты сөйлеуінде емес, әңгіменің түп-төркіні сыйластықтың негізінде болып жатыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде «Көргенді көрмедім деу, білгенді білмедім деу – қияметтің нышаны. Алла бәрін көріп тұр» дегені бар. Олай болса, өзім куә болған мына жайтты ортаға салсам.
Жуырда облыс орталығындағы жеке емхананың бір дәрігеріне қоңырау шалдым. Соның алдында жақсы танысым әлгі дәрігерді «білікті маман әрі Қазалының келіні» деп жақын тұта сөйлегені бар-ды. Мен де жаңағы дәрігердің ата-енесін етене танитын едім. Телефон арқылы тілдесіп, ақылы түрде болса да емделудің жай-жапсарын білуді ұйғардым. Қарындасым әрі келініміз телефон тұтқасын көтерді. Өзімнің Қазалыдан екенімді айтып, мазалаған бір-екі сауалымды қойдым. Алғашқыда дұрыс жауап қайтарғандай болғанымен аяқ астынан «Мен сіздің кеңесшіңіз емеспін» деп дүңк ете қалсын. Бетімнен отым шықты. Жалма-жан кешірім сұрап, телефонымды сөндірдім.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп тегін айтылмаса керек. Оның үстіне «ауру адам сандалады» деген тағы бар ғой. Сонымен… ширыққан көңілімді басып, аз-кем уақыт отырдым да Ташкент қаласына билет алдым. Осылайша бұрын-соңды бір-жар рет өзім барып емделген Ташкент қаласындағы жеке клиникаға сапар шектім. Түскі үзіліс уақытына таяу барыппыз. Алайда «Omega eye» жеке көз клиникасының бас дәрігері Сохибов Санжар Мухтарович деп жазылған еңселі кабинеттің алдында адам қарасы өте көп екен. Олардың арасынан Қызылорда, Қазалыдан келген емделуші жерлестерімізді көріп, мәре-сәре болдық. Жерлестеріміздің айтуынша, осында емделушілердің арасында Қазалы ауданынан келіп емделетіндер де аз емес сынды. Кезегіміз жеткенде бас дәрігердің кабинетіне кірдім. Кабинет төрінде отырған мығым денелі, жігіт ағасы жасындағы бас дәрігер бізді көрісімен орнынан ұшып тұрды. «Ассалаумағалейкум, әка!» деп қос қолын ұсынып бәйек болып жатыр. Бас дәрігердің ниет-ықыласына тәнті қалдым. Санама «ұлық болсаң, кішік бол» деген ұлағатты сөз оралды. Біздің қасымызға отырып, сөзімізді мұқият тыңдауға кірісті. Санжар Мұхтарұлына келген шаруамызды бүкпесіз баяндап бердім. Бас дәрігер де өзінің білгенімен бөлісіп жатыр. Жанындағы көмекші мейіркеш қызды шақырып, бізге қажетті аппараттарға ертіп апарып, түсіруді тапсырды. Қалайша риза болмассың?! Санжар Мұхтарұлының ыстық ықыласы біздің «әлдеқалай болар екен» деген дүдәмал ойымызды серпіп тастады. Ризашылығымызды жаудырып, сыртқа беттедік. Ал, бас дәрігер болса «жол болсын» айтып кабинет есігіне дейін шығарып салды.
Сыртқа беттегенде ойыма өзіміздің облыс орталығындағы дәрігер қарындас-келініміздің «Кеңесшің емеспін» деп айтқан ренішті қатқыл үні құлағыма қайта оралды. Осы жерде мен «Жылы сөз жан жадыратады. Науқасты тек қана еммен емес, жылы сөзбен де айықтыруға болады» деген ұлағатты сөздің шын мәніндегі мағынасын терең түйсіндім. Оған қоса үлкен клиникада неге емделушілер көптігін, оның ішінде біздің жерлестеріміз Қызылорда облысынан, тіпті Қазалыдан келген емделушілерді жиі жолықтыруға болатындығын тек дәрігерлердің білікітілігі ғана емес, жылы сөзінің, осындай өздеріне тарта білетін жақсы қасиетінің арқасы шығар деп бағаладым.
5 минут 55 секунд
«Omega eye» жеке клиникасының бас дәрігері Санжар Мұхтарұлының кабинетінен шығып, ілгері қарай аяңдадық. Осы жерде аталмыш клиниканың дәрігер кардиологы Зафар Маруфовты кездестірдік. Сөзіміз салғаннан үйлесімін тапты. Әңгіменің өрбуіне Зафардың (қазақша мағынасы «Жеңіс» дегенді аңғартады) кезінде мықты боксшы, жасөспірімдер арасында бокстан 58 келі салмақ бойынша Өзбекстан Республикасының чемпионы атанғаны, спорт шебері нормасын орындағаны себепкер болғандай.
Сонымен, Зафар екеуміздің қызығушылығымызды арттырған бокс тақырыбына көңіл бөлуді қалап сәл уақыты болса, өзінің спорттағы жетістігі туралы аз-кем әңгімелеп беруді сұрадым. Сағатына қараған Зафар «6 минут уақытым бар» деді. Мен басымды изедім. Ол әңгімесін бастады.
Зафар Маруфов мектеп қабырғасында жүргенде спорттың бокс аталатын күрделі де қиын түрімен жатыққан. Осынау қимыл-қозғалысы шалт, қарулы бозбала өзінің қарсыластарын қашанда сабырлы мінезі, ауыр соққыларымен таң қалдырып, жеңіс тұғырының биігінен көрінетін. Қала, облыс чемпионы атанды. Зафар даңқты боксшы, КСРО-ның төрт дүркін чемпионы, әлем чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Руфат Рискиевке қатты еліктеуші еді.
Бірде жасөспірімдер арасында былғары қолғап шеберлерінің додалы бәсекесі басталды. Осы жарыста жаттықтырушысы Зафарға ерекше сенім білдірген. Әрине, кез келген жүйрікті баптау оңайға соқпайды. Зафардың әрбір күні жаттықтырушысының мұқият қадағалауымен өтеді. Күткен күн де жетті. Зафар 58 келі салмақта сынға түсті. Іріктеуден іркілмей өтті. Шаршы алаңда қалған кездесулерін де сәтті өткізді. Жартылай финалда қаншама ауыр болғанымен Зафар бұл жолы да өзінің бәсекелесін қапы қалдырды. Енді ақтық сын. Финалда Зафар Мафуров жасөспірімдер арасындағы республика чемпионымен қолғап түйістірді. Бір қызығы, Зафар екі қолымен де соққыны шебер әлі дәл жасайтын. Алайда жаттықтырушысы көбіне сол қолын көпшіліктің көзіне шалындырмауға тырысып, күшін артқа сақтауды жиі ескертетін.
Гонг қағылды. Кім басым түссе, сол Өзбекстан Республикасының осы салмақ бойынша чемпионы атанбақшы. Былайынша айтқанда, «не бел, не белбеу кетедінің» нағыз өзі. Бірінші раунд Зафардың басымдығымен өтті. Үзіліс кезінде жаттықтырушысы Зафардың құлағына жанұшыра сыбырлап жатыр. «Күшіңді сақта! Күшіңді сарқып алма! Сол қолыңды көп жұмсама!» деді. Міне, екінші раунд аяқталды. Есеп 1:1. Екінші раундтың үзіліс кезінде жаттықтырушысы Зафардың құлағына дабылсыз тапсырмаларды беріп, дамылсыз әлденеңелерді есіне түсіруде. «Зафар, бар күшіңді сал! Аянба! Міне, шешуші раунд. Есептің тең болып тұрғанын көріп тұрсың. Кім осы жолы жеңсе, сол Өзбекстан Республикасының чемпионы. Ұмтыл, Зафар! Есіңде болсын, дәл осы залда атақты боксшы Руфат Рискиевтің өзі отыр. Ұмтыл, Зафар! Ұмтыл!» деп арқасынан қақты. Гонг соғылысымен Зафар ширығып алға ұмтылды. Қарсыласы да – нағыздың өзі. Келсең кел дегендей тайсалар емес. Екеуінің бойы да, денелері де қарайлас екен. Екпіндеп келе берген қарсыласқа Зафар оң қолымен тура соққы жасады. Қатты соққыдан шайқалып кеткен қарсыласын Зафардың сол қолы бауыр тұсын пышақтай тіліп өтті. Зафардың сүйікті де сирек қолданатын тәсілі тұғын. Қарсыласы Зафардың сол қолының соққысы мұншалықты қатты деп күтпеген болуы керек. Тосыннан тиген соққыдан сол қолы төмен түсіп кетті. Есеп ашылды. Мұнан соң Зафар қимылын үдете түсіп, шабуылын соңына дейін жеткізді. Ауқымды залдың іші у-шу. Жекпе-жек аса тартысты өтті. Төрешілер алқасы ойласа келе жеңісті бірауыздан Зафар Мафуровқа берді. Зафардың қимылына сүйсінгендіктен шығар, қарсыласы «Жарайсың!» дегендей бас бармағын жоғары көтерді.
Зафар әңгімесін аяқтағанда, мен сағатыма қарадым. Сөзіміз тура 5 минут 55 секундқа созылыпты. Боксшының қанға сіңген ұқыптылығы дегеніміз осы шығар. Қазіргі таңда чемпион боксшы Зафар Мафуров «Omega eye» көз клиникасының дәрігер кардиологы болып еңбек етеді. Емің шипалы болсын, чемпион!
(Суретте мақала авторы Зафар Мафуровпен бірге)
Жұмабек Табынбаев,
Ташкент қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!