Астана қаласында V дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Номадтар арасындағы жарыс көршіміз Қырғызстанда бастау алған. Он жыл көлемінде араға екі жыл салып үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан дүбірлі доданы өткізу бақыты биыл бізге бұйырды. Ел астанасында жалауын желбіреткен жарысқа 89 мемлекеттен 2500 спортшы қатысты. Көшпенділер ойынын алып жоба ретінде ұсынып, ойлап тапқан – қырғыз спорт үйлестірушісі әрі сарапшы Асхат Акибаев. Алайда, ол бұл атақтың жүгі ауыр екенін айтып, «Бұл ойындарды ойлап тапқан – біздің ата-бабамыз. Мен тек бұл істің ізін жалғастырушымын» деген екен. Алғашында ол бұл идеяны ортаға салып, әлемдік дәрежедегі чемпионат өткізуді місе тұтқанда біршама керітартпа пікір естіген. Олардың қатарында «шағын Қырғызстан мұндай инфрақұрылымымен күллі әлемнің басын біріктіретін көшпенділер турнирін ұйымдастыра алмайды, бәрі бос әңгіме» деушілер көп болды.
Расында, жалпы Орта Азия мемлекеттерінің ұлттық ойындарының тарихы тереңде жатыр. Бірақ та, заман дамыған сайын көшпенді халық құмарта ойнаған ойындар тек ауыл-аймақтың айналасында қолданыста болып, кейбір ойындар мүлде ұмытылып кетіп жатыр. Әлемдік деңгейдегі спорт түрлерінен кем түспейтін қазақша күрес, күреш, асық ату мен көкпар сынды ойындарды халықаралық тұрғыда дамыта отырып, әлемдік біріншілік ұйымдастырудың ұлт имиджіне көп ықпал ететіні айдан анық. Астанада болған ірі дода ашылу салтанатымен-ақ көпті таңғалдырды, тіпті кей жарыс үшін арнайы келген туристер «олимпиада ойындарының ашылу салтанатынан да қызықты өтті» деп бір марқайтты.
Елімізде болатын атаулы доданы ұйымдастыруға шамамен 12 миллион доллар кеткен. Ойындардың өтуіне ұлттық компаниялар да үлесін қосқан. 8 қыркүйек күні Астанада V дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылуы болды. Салтанатты кеште белгілі әнші Димаш Құдайберген өнер көрсетті. Димашты көру үшін шетел асып келген жанкүйер де көп. Ашылу салтанатында жарық, ән мен би арқылы еліміздің тарихы көрсетілді. «Астана Арена» стадионында өткен ірі іс-шараға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ, ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты. Биылғы көшпенділер ойыны Ресейдің Қырымды тартып алып, Украинаның шығысында соғыс шиеленіскен тұста басталғанына байланысты, бұл жолы украиндықтар жарысқа өз спортшыларын жіберген жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев көшпенділер ойындарының халықтар арасындағы ынтымақтастықта алар орнының ерекше екенін атап өтті.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді мемлекет басшысы.
Тағы айта кететін жайт, жоғары деңгейде өткен ашылу салтанатын әлемнің 19 телеарнасы тікелей эфирден көрсетті.
Алты күн болған аламанда еліміздің спортшылары ерледі. Олай дейтін себебіміз, жалпыкомандалық есепте 112 медаль алып, бірінші орын иеленді. Екінші орынды 65 медальмен қырғыз халқы еншілесе, үшінші орын 49 медаль алған солтүстіктегі көршіміз Ресей мемлекетіне бұйырды. Қатысқан 89 мемлекет арасынан тек 33 ел ғана жүлде алған. Яғни, қатысушы командалардың жартысынан көбі ең болмағанда қола жүлдені қанжығалай алмаған. Жүлдегерлер ішінде көшпенділер ойындарынан аса хат-хабары жоқ, мұхиттың арғы жағынан келген Канада мен Мексика өкілдері де бар.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ең көп қатысушы жинаған спорт түрі – қазақ күресі. Қазақ күресінің ережесі жапондық дзюдоға және ресейлік самбоға өте ұқсас. Сондықтан, қазақ күресіне қатысушылардың да басқа ойын түрлерінен көбірек болғаны анық. 41 мемлекеттен 16 салмақ түрі бойынша бас-аяғы 274 балуан бақ сынасты. Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешеңінде өткен белдесуде отандастарымыз 15 медальді қанжығасына байлады. Күрестің тек өзіміздің емес, қырғыздың алышынан, түріктің белбеу күресінен де отандастарымыз қапы қалған жоқ. Қазақ балуандары қырғыздың алыш күресінен 8 медаль еншіледі.
Дүбірлі доданың көркі, жалпы көшпенділер мәдениетінің бүтін бөлігі саналатын жылқыға қатысты ойын түрлеріне Орта Азия елдерінің назары ауатыны бесенеден белгілі. Әсіресе, көкпар, көкбөрі, аударыспақ ойындарында отандастырымыз өзге ойындарға қарағанда бәсекелестікті қаттырақ сезінетіні анық. Себебі, жылқы мінуде қырғыздар да, оны қойшы мұхит асып келген американдықтардың да бәсі жоғары. Көкпар ойынының ауқымы кең таралғаны соншалық, американдық бір топ ковбой еліміздің астанасына ат ерттеп келген екен. Жалпы, статистикаға сүйенсек, көп көрермен жинау жағынан көкпар мен көкбөрі дес бермепті. Ойындар да көрерменді өкіндірген жоқ, лайықты деңгейде өтті. Көкпар басталар алдында қанша құрама қатысса да, финалда қай командалар ойнайтыны белгілі. Бәрімізге мәлім, осы көкпарға келгенде қырғыздар мен қазақтардың қанша ғасыр бойғы достығына сыза түсіп, ойын нәтижесіне екі тарап та наразы болады да жүреді. Қарсыласын ойсырата жеңген қос команда финал кезінде кикілжіңге келіп қалған тұғын. Бірінші кезеңде 1:3 есебімен жеңіліп жатқан Қазақстан құрама командасы екінші кезеңде есепті 4:3-ке жеткізіп, камбэк жасады. Қырғыздар мойымай, есепті қайта теңестірді. Он минут қосымша уақытта қазақстандық көкпаршылар «алтын салым» салып, 9 мемлекет қатысқан додада үздік атанды. Қырғызстан – күміс жүлдегер. Ойын аяқталғаннан кейін біраз шу туындады. Әлеуметтік желіде сол күні екі ел арасындағы шиеленіс одан әрі жалғасты. Қазақстандықтар Қырғыз көкпар командасының марапаттау рәсімі барысында әнұранды елемей, кетіп қалғанына наразы. Көпшілік қырғыздардың бұл ишарасын қазақстандықтарға деген құрметсіздік деп есептейді. Ал, әлеуметтік желі қолданушыларының екінші бөлігі қырғыз бауырлардан кешірім сұрап әлек. Қамшымен қарсыласын қойып қалған қазақ көкпаршысының іс-әрекетін дұрыс емес деп, ортақ келісімге келуді, өкпе-ренішті ұмытуға шақырып жатыр. Көзі көргендердің айтуына сүйенсек, қазақ көкпаршылары ойыннан кейін айырқалпақты ағайынды асқа шақырып, татуласайық дегенінде оған да қарамаған екен. Ойыннан кейін команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек пікір білдірді.
– Финалдық ойын өте тартысты өтті. Екі таймда 40 минут бойы тоқтамай шаптық. Соңғы секундта қолымызға серке тигенде басқаша сезім болды. Оны әрі қарай жүзеге асырмасам – маған сын болар еді. Өздеріңіз көргендей, қосымша 10 минутта «алтын салым» салып, командаға жеңіс әкелдім. Негізі IV дүниежүзілік көшпенділер ойынында да дәл осылай «алтын салым» салған едім. Ойын барысы өте қызық болды. Қырғыз бауырларымызға жақсы қарсылас болғанына көп рақмет айтамын. Еліміздің, жеріміздің, халқымыздың қолдауы қатты сезілді. Бәрі Қырғызстан мен Қазақстанның есебі 3:1 болғанда қатты қорықтық деп жатыр, оған біз дайын болдық. Қандай жағдай болса да, жеңісті жұлып аламыз дедік, сол мақсатымызға жеттік, – деді ол.
Мақаламызда тек көп спортшы бәсекелескен, сұранысты көбірек тудырған спорт түрлерін талдадық, нәтижелерін баяндадық. Төрткүндікте спорт сайыстарынан бөлек, өзге де іс-шаралар кеңінен өткізілді. Арнайы ойындар үшін салынған этноауылдарда көрермен қауым, туристер ұлттық астан дәм татып, айтысқа куә болды. Этноауыл тек тарихи-мәдени көрмеге емес, сондай-ақ, сауда-саттық алаңына да айналыпты. ҚР Мәдениет қайраткері Қабдол-Мәжит Иманұлы «домбырамның біразын саттым. Американдық, италиялық азаматтар келіп алды. 14 домбыра әкелген едім, оның тек төртеуі қалды» дейді жымиған күйде.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, сонымен қатар, біршама таланттың аты жаңғыруына түрткі болды. Теңге ілуде бәсекеге түскен Рахат Қамбаровтың ептілігіне тәнті болғандар көп. Асық атуда қатарынан алты мәрте нысанаға дөп тигізген Нұрғиса Молжігітовтің де мергендігіне таңырқап, пікір білдірген шетелдіктерді байқадық. Құрлық асып, қазақ күресінен мойнына алтын таққан итальян қызы да әп-сәтте әлеуметтік желіде жұлдыз атана кетті. Кез келген дүниенің инь мен янь секілді жақсы жағы мен жаман тұсы қатар жүреді ғой. Ойындар барысында керітартпа пікірлерді де естімедік емес, естідік. Біріншісін жоғарыда атап өттік. Қырғыз ағайындардың наразылығы артық кетіп, жеккөрініштілікке айналғандай. Біреулер «егер Ресей Қазақстанға басып кірсе, орыстарға жақтасамыз» дегендерді көзіміз шалып, жағамызды ұстадық. Кей аналитиктер «бәсекелестік жоқ жерде ол спортты дамыта беріп, қаражат құюдың қажеті шамалы» дейді. Мәселен, көкпар спорт түрінен жоғары деңгейде тек екі ұлттық құрама ғана өнер көрсетті. Қалғандары кемі он салымнан өткізіп, «жемтік» болып жатты. Мұндай бәсекелестікте ешкімнің бұл спортты дамытуға зауқы жоқ деп жатқандар да бар. Бұл жайында этногроф-жазушы Бекен Қайратұлы былай дейді.
– Мысалы, аударыспақты алайық. Соған 10 шақты елден келді. Ат үстіне мініп көрмеген жігіттер. Тақым жоқ. Демек, біз сол ұлттық ойындарды өзімізге қатысты мемлекеттерге дамытып, соған арнайы кісі жіберіп жаттықтыру керек екен. Мысалы, дзюдо күресі қалыптастырылғанға дейін олар ақшаны шашты. Бүкіл елге тренерлерін, бапкерлерін жіберді. Сонда қайтеді бәсекелестік болмайынша, ынта оянбайынша, бұл тек қана көруге, көз қуанатын ар жағында тұғыры жоқ ойындар болып қалайын деп тұр ғой, – дейді.
Осылайша кезекті көшпенділер ойыны да тамамдалды. Спортшыларымыздың жетістігіне қуаныштымыз. Көшпенді халықтар арасында әуселеміз әлдеқайда жоғары екендігіне көзіміз жетті. Сондай-ақ, ұлттық ойындарымызды еуропалықтар мен өзге де құрлық өкілдері ойнап, тіпті жүлде еншілегені көңілімізді қуантты, «қап, медалімізді алып кетті ғой» деп менмендікке салынбадық. Жабылу рәсімі көрермендердің қатысуынсыз, тек спортшылармен өтті. Бұған ешкімнің реніші жоқ деп ойлаймыз, билік қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты доданы жабық түрде қорытындылауды құп көрген екен. Келесі көшпенділер ойыны тарихи мекеніне қайта оралады. Яғни, 2026 жылы Қырғызстанда өтпек. Ол жарыста да отандастарымыз бірінші болады деп сенеміз.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!