Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бірлігі жарасқан Бектаевтар әулеті

05.09.2024, 14:00 285

«Мерейлі отбасы» байқауы құндылықтың құны түспейтініне дәлел. Өйткені, жыл сайын бақ сынайтын әр әулет өз ерекшелігімен есте қалып, көпке үлгі болып жүр. Байқауда қатысушы отбасылар кезеңнің кедергісінен кідірмей, жүлделі болу жолында жігерлілік танытты. Әлбетте, даналық дәріптелетін, жетістік таразыланатын тұста асықтың алшысынан түсуі абырой. Өткен аптада байқау қорытындысы жарияланып, жалағаштық отбасы жеңіс тұғырынан көрінді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, құттықтауын білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді» деді.

2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні, 2014 жылдан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Мерейлі отбасы – береке-бірлігімен, тәлім-тәрбиесімен, қалыптасқан қағидасымен, асыл қасиеттерімен баршаға өнеге. Сондықтан, олардың үлгісін дәріптеп, тағылымын көпке тарату маңызды. Биылғы конкурс нәтижесімен 16 отбасы үздіктер қатарынан табылды. Барлығы – өскен-өнген әулеттер мен шаңырақтар. Өңірлік комиссияның шешімімен Төлеміс Бектаевтың отбасы республикалық конкурста облысымыздың мерейін үстем етеді. Бүгінгі мерейлі күнде шаңырағында ізгі қарым-қатынас, игі дәстүрлер сақталып, өзара сыйластық салтанат құрған барлығыңызға ризашылығымызды білдіреміз», – деді Н.Машбекұлы.

Иә, Бектаевтар әулетіне бас жүлде бұйырып, енді Елордада сынға түспек. Ынтымақпен ырысы артып, берекемен бірлігі жарасқан отбасы жүлделі болатынына сеніпті. Содан болар, аса қобалжу болмаған. Марапат мінберінен көрініп, еңбектің еленгеніне әулет мүшелері қуанышты.

– Мекемеде жұмыс істеп отырғанымда Мақпалкөл ауылдық округінің маманы қоңырау шалды. Ауданнан «Мерейлі отбасы – 2024» байқауына қатысу бойынша хат келіп жатқанын айтып, соған лайықты отбасы бар ма деп сұрады. Алдымен, бекітілген ережесімен таныс болып, әулетімізді ұсындым. Анамыз – батыр ана. Оның үстіне, ата-анам – қарапайым еңбек адамдары. Ұсынысымды әулетке айтып едім, бәрі қатысуға ниет білдірді. Сөйтіп, құжат дайындап, кірісіп кеттік. Кезең-кезең бойынша берілген тапсырманы тиянақты орындауға тырыстық. Ата-анамның өмір жолы, еткен еңбегі, жанұядағы жарасымдылық бәйгеде оза шабатынымызға сенім сыйлады. Тиісінше, қабылдаушылардың да бізді лайықты отбасы дегені көңілге қуаныш ұялатты. Сөйтіп аудандық кезеңнен өтіп, төбеміз көкке жеткендей риза болдық.

«Мерейлі отбасы» байқауы – үлкен мерекелік іс-шараға айналды. Ұлттық құндылықты жаңғыртып, жастарға үлгі болып, жауапкершілікті арттыратын мақсаты бар. Танымы тереңде, мән-мазмұны зор. Отбасындағы үйлесімділікті сақтап, адамгершілік қасиетті жадыдан шығармауға, жүректен өшірмеуге ықпал етеді. «Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы» деген дана сөз бар. Халықтың алдында үлгі боларлық отбасы көбейіп, оң имиджді қалыптастыруға үлес қоса берсін деймін. Бұл бағыттағы байқаулардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табатынына сенемін. Осы орайда, басшыларға және ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – дейді Ғалия Төлемісқызы.

Әулет үлкендері Төлеміс Бектаев пен Сәнімкүл Әшірбекова өз ортасында сыйлы. Бос мақтанға берілмесе де, қызметке адалдығы, жылы жүрегі мен кең пейілі жұрт жадында. Жалағаштың құрметті азаматы атанған Төлеміс Бектаев пен оның жары – бірталай марапаттың иегері. Бұл – маңдай тер мен еселі еңбектің жемісі. Бүгінде мәуелі бәйтеректей жайқалған шаңырақ шаттық толы. 11 баладан 43 немере, 68 шөбере, 2 шөпшек бар. Үлкендерден үлгі алып, ақылына қанығып өскен ұл-қыздары әртүрлі салада қызмет етіп жүр. Оның алды зейнетке шығып үлгерген. Екеуі ауыл шаруашылығында тер төксе, екеуі кәсіпкерлікте ісін жандандырып отыр. Сонымен қатар, екі баласы педагог болса, 4-еуі медицина саласында міндетін орындауда. Ал, енді бірі теміржол саласында нұсқаушы болып қызмет атқарады.

– Әкеміз тамыз айының 20-сы күні көз жұмды. Қаралы хабар жүрегімізді қарс айырғанымен, өзімізді жұбатуға тырыстық. Өйткені, әкеміздің есімін тағы бір мәрте көпке танытып, әулет атын шығардық. Анам екеуінің айтқан ақыл-кеңесі мен нұсқаған бағыт-бағдары бізді осы күнімізге, осындай жетістікке жеткізді. Бала кезімізден еңбекке баулып, білімге жақын болып, кітаппен дос болуды үйретті. Бауырлар арасында қамқорлық болу керегін түсіндіріп, сыйластыққа сызат түспеуін қадағалады. Ал, анамыз ұлттық құндылықты бойымызға, қазақтың салт-дәстүрін санамызға сіңіріп, тәлім-тәрбие берді. Тіпті, кішкентайымызда кілем тоқуды, жіпті дайындап, иіріп, оны бояуды үйретті.

Әкеміз 1 апта ауырып, 1 апта ауруханада жатып, 1 апта үйде болды. Сол уақытта бәріміздің басымызды қосып, «аналарына да, ұл-қыздарым, сендерге де ризамын» деп қоштасты. Немере-шөберелерін де шақырып, «ақылды болыңдар, кісі ақысын жемеңдер, сұралған сұрақтар болса бастарыңды тік ұстап жауап беріңдер, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді ұмытпаңдар» деп өсиетін жеткізді, – дейді әулеттің қызы Ғалия.

Әулеттің беделі жоғары екенін айттық. Өйткені, еңбегімен танылған үйдің үлкендерінің ісі үлгі алуға тұрарлық. Тыл ардагері Төлеміс Бектаевтың «Құрманбай ата» шаруа қожалығына берген батасы мен білдірген сенімін естен шығармаған жеке кәсіпкер Әліби Бекжанов әулеттің анасына көлік сыйлады. Осылайша, жалағаштық отбасын жеңісімен құттықтады. Енді әулет мүшелері Сыр елінің мерейін үстем етіп, тағы бір жеңісті еншілейді деген сенім бар.

З.ДАСТАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: