Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр маржанымен мақтанады

05.09.2024, 13:00 203

Бірнеше күн бұрын дән диқандары егінге орақ салып, Сыр салысын қамбаға жинауды бастап кетті. Биылғы жылы егін жинау науқаны қарқынды түрде жүргізіліп, ауыл шаруашылығы саласында маңызды нәтижелерге қол жеткіземіз деген үміт бар. Өткен аптада облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсабев БАҚ өкілдеріне брифинг беріп, өңірдегі егін егу, жинау жұмыстарының жайы турасында ақпаратпен бөлісті.

Қызылордалық ағайын еліміз тұрмақ әлем аренасында Сыр маржанымен мақтанады. Биылғы жылы аймақ бойынша барлығы 189,4 мың гектар жерге егін егілген. Оның ішінде негізгі дақыл болып саналатын күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрады. Облыста дәндi дақылдар 96,8 мың гектар, майлы дақылдар 4,8 мың гектар, мал азықтық дақылдар 70,2 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша өнімдері 17,6 мың гектарға егілді.

– Егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,9 мың гектарға азайып, оның ішінде күріш алқабы 3,4 мың гектарға қысқарғанымен, облыста егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Биылғы жылы соя дақылының егіс көлемі 111 гектарға, қант құмайы 240 гектарға, дән жүгері 1 011 гектарға, сүрлем жүгері 1,3 мың гектарға жеткізілді, – деді басқарма басшысы.

Егін жинау көрсеткіштеріне келсек, себілген 4,1 мың гектар күздік бидай толығымен жиналып, 7,3 мың тонна өнім алынды, бұл өнім орта есеппен гектарына 18 центнерден келеді. Оның ішінде жаздық бидайдың 5,3 мың гектары жиналып, 4,9 мың тонна өнім алынды, оның орташа көрсеткіші гектарына 9,3 центнерді құрады. Арпа дақылы 287 гектардан жиналып, 247 тонна өнім алынды, орташа өнімділік гектарына 8,6 центнер болды. Дәндік жүгері 1 мың гектардан егілген болса, оның 810 гектары жиналып, 2,5 мың тонна өнім алынды, орта өнім 30,8 центнерді құрады.

Сонымен қатар, 4,8 мың гектар майлы дақылдардан 4,2 мың гектары жиналып, 4,2 мың тонна өнім алынды, орташа есеппен әр гектардан 10,1 центнер өнім жиналған. Картоп, көкөніс, бақша дақылдарынан 4,3 мың гектарынан көкөніс жиналып, 75,3 мың тонна өнім өндірілді, сонымен қоса, орта өнім гектарына 175,1 центнерді құрады. Ал бақша дақылдарынан 5,5 мың гектар жерден 126,3 мың тонна өнім алынды, орта өнім гектарына 229,7 центнерден келді.

Жоңышқа алқаптары бойынша 47,9 мың гектар ескі жоңышқаның 45,4 мың гектары орылып, 121,3 мың тонна шөп дайындалды, орта өнім гектарына 26,7 центнерден алынды. Қазіргі уақытта II орым аяқталып, 113 мың тонна жоңышқа шөбі жиналды, орта өнім гектарына 25 центнерден алынған. 20,6 мың гектар жаңа жоңышқа толығымен жиналып, 19,8 мың тонна өнім алынды, бұл болса гектарына 9,6 центнерден өнім алынды деген сөз.
Талғат Тұрсынұлынан мемлекет басшысының «су үнемдейтін технологияларды енгізу қажет» деген тапсырмасына сәйкес қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрағанымызда, аймақта аймақта осыған байланысты іске асырылыып жатқан бастамалар легін айтып берді.

– Қызылорда облысында суды үнемдеп пайдалану және егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында үш ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын енгізу туралы тапсырмасын орындау және ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Шиелі ауданында «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қытайлық компаниямен бірлесіп, 2024-2025 жылдары 3000 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен жүгері егу жобасын жүзеге асыруда. Қазіргі таңда 800 гектарға жүгері дақылы егілді. Бұл әдіс суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, егіннің өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, Қазалы ауданында «РЗА Агро» ЖШС жаңбырлатып суару әдісімен 184 гектарға малазықтық дақылдар өсіруді қолға алды. 2022-2023 жылдары 87 гектарға сүрлем жүгері дақылы егілген болса, биыл бұл көрсеткіш 184 гектарға дейін ұлғайтылды. Жаңбырлатып суару әдісі жергілікті климаттық жағдайларда суды үнемдеп, малазықтық дақылдардың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ал Арал ауданынындағы «Camel Pro» шаруа қожалығы 830 гектарға жоңышқа дақылын жаңбырлатып егу жобасын іске асырды. Биылғы жылы 800 гектар жерге жоңышқа егілді. Бұл жоба суды тиімді пайдалану арқылы малазықтық дақылдарды көбейту және өңірдегі ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Т.Дүйсебаев.

Қызылорда облысында биылғы жылы егін жинау және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылып, оң нәтижелерге қол жеткізілді. Егістік алқаптарын әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік берді. Тындырымды тірлік жүргізіліп жатқанын байқадық. Жұмыстардың қорытындысын бірер айда сабантойдың сәтінде білеміз.

Е.ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: