Меңделеев кестесіндегі 99 элементке малынып отырғанымыз мақтаныш. Ал, соны ұқсата алмау күйініш екені тағы рас. Жеті қат жердің астындағы байлықты жия алмай, кен орнын зерделеуде кенже қалған жайымыз бар. Көрші ел Өзбекстан геология саласына қаржы бөлуде көш ілгері. Аустралия мен Канада еселенген қаржыны салаға еншілеп қойған. Еліміз 12 жыл ішінде барлау жұмысына триллионды топ еткізгенімен, салым бойынша артта қалды. Енді сирек және сирек жер металдарын барлау жұмыстары баяу жүріп жатқаны айтылып жүр. Бұдан бөлек, мамандар келешекте кен орындарының қоры таусылады деп дабыл қағуда. Сонда сарқылудың себебі неде? Ал, кешенді жоспар істі ілгерілетуге қаншалықты ықпал етпек?
«ЖАҢА МҰНАЙДЫҢ» ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?
Сирек кездесетін металдың тигізер септігі көп. Өнеркәсіптік саланы өрге сүйрейтініне шүбә жоқ. Смартфоннан бастап көлік жасауға дейін қолданылады. Көш басынан қалмайтын Қытай сирек металды өндіру мен тұтынуда да алда. Мұны экспорт көлемін жыл сайын 4%-ға арттырғанынан аңғаруға болады. Тіпті, әлемдік сұраныстың 80%-ын бір өзі өтеп отырғаны да айтылды. Сирек металға шет мемлекеттердің сұранысы жоғары. Алдағы жылдары да артпаса кемімейді. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Қазақстанда құны 46 трлн доллардан асатын бес мыңнан астам ашылмаған депозит бар екен.
– Қымбат металдар арасында жасанды түрде өндірілген сирек кездесетін металдар да бар. Бірақ олар көп емес. Мәселен, Осмий-187 элементінің бір граммының құны 10 мыңнан 200 мыңға долларға дейін бағаланатынын атап өткен жөн. Қазақстан – табиғи шикізаттан алынатын Осмий-187 моноизотопының жалғыз өндірушісі. Бұл шикізат Жезқазған мыс кендерін өңдеу кезінде пайда болған қалдықтардан алынады.
Елімізде сирек жер металдарының құрамы бойынша 12 жаңа орынды, әсіресе Шығыс Қазақстан облысындағы Қара-Аяк пен Мунча сияқты жерлерді зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде әлемдегі ең танымал сирек жер металдардың бірі – литий. Бұл минералды зат елдегі Юбилейное, Верхне-Баймурзинское, Бакенный, Ахметкино, Медведка, Ахмировское сынды алты кен орнында бар, – деді сенатор Андрей Лукин.
Табысқа жетуге әбден болады. Ол үшін саладағы түйткілдің түйінін тарқату маңызды. Біріншіден, инвестициялық және экологиялық мәселеге назар аударып, жер қойнауын геологиялық барлауға лицензия беруді оңтайландыру керек. Сирек және сирек жер металдарының баланстық қорына қолжетімділікті ашу қажеттігі де – сенатордың ұсынысы
Кеңестік кезеңде құпияланған «жаңа мұнайдың» тынысын ашу істі ілгерілетуге негіз. Мәселен, 2021 жылы литий, тантал, ниобий және басқа элементтердің баланстық қоры туралы ақпаратты құпиясыздандыру бұл салаға инвестиция тартуға мүмкіндік берген. Бұл ретте, Премьер-Министр Олжас Бектенов биыл бюджеттік қаржыландыруды пайдалана отырып, 2 млн шаршы шақырым аумақты геологиялық-геофизикалық барлауды қамтамасыз ету және геологиялық ақпаратқа ашық онлайн қолжетімділікті дамытуды жалғастыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
– Инвесторлардың геологиялық ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету және жер қойнауын пайдаланудағы бизнес-процестерді автоматтандыру мақсатында 2023 жылдың маусым айында minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушыларға арналған бірыңғай платформа пайдалануға берілген. Ол онлайн режимінде мемлекеттік қызметтерді көрсетеді, оның ішінде қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге лицензиялар беру бар. Платформа қазірдің өзінде 2577 барлауға және қатты пайдалы қазбаларды өндіруге 148 лицензия берді, – деді ол.
Үкімет саланы дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарын бекітіп те қойған. Қарқынды жұмыс жалғасын табады деп сенеміз. Әлем елдері әлеуетімізге таңқалып отырғанда, қолқусырып отырған жарамас.
КӘДЕГЕ ЖАРАТУДЫҢ КӨЗІН БІЛМЕСЕК…
Бас қалада өткен ХІV Халықаралық тау-кен металлургия конгресінде кесім мен келісім байқалды. Сирек металдың қажеттілігі артқанда, сұраныс та сиремейді. Өндірісті өрге сүйреуге ниетті 20 мемлекеттің компаниялары 22 млрд теңге болатын келісімшартқа қол қойды. Негізі еліміз «жаңа мұнайдың» 19 түрін экспорттайды. Еуропа тағы 16 металл түріне дәмелі болып отыр. Сұраныс көп. Франция делегаты Қазақстанда сирек металдар өндірісін дамыту үшін әлеует жеткілікті екенін айтады.
Еліміз «жаңа мұнайдың» елеулі қорымен есте. Алтынның алдын орап кететін осмий Қазақстанда өндіріледі. Әрі шикізатты сату арқылы әлемдік нарықта орнын бекіткен. Медициналық құрылғыларды өндіруде және аэроғарыш саласында, ракета жасауда, қазіргі заманғы технологиялар мен көптеген дәрілік препараттарды синтездеу кезінде қолданылады екен. Бұдан бөлек, вольфрам қоры бойынша да Қазақстан әлемде 1-орында тұр. Хром кенінен – 2, қорғасын, мырыш, барит бойынша – 5, мыс шикізатынан – 12 және алтын кені көлемінен 15-орында. Марганец, күміс, уран қорының да мол мөлшері бар. Қысқасы, химиялық элементтің көбі бізден табылады. Тек, қынжылыс бар. Экспорт көлемі артып, шикізатқа бай болғанымызбен, өзімізді жарылқауға жағдай жетпей жатқан сыңайлы. Ал, әлем елдері пайдалы қазбамызға көз тігіп, пайдаға асырып отыр.
Литий қоры бойынша бірінші орын Боливияға тиесілі болғанымен, Қазақстан да бұдан қалыс емес. Өйткені, елімізде сирек кездесетін металдың алты кен орны бар. Мемлекет басшысы инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болатынын айтты. «Жаңа мұнай» үшін жанталас болатыны түсінікті. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 2-3 жыл ішінде дүниежүзінде литий элементіне деген қажеттілік екі есе көбейсе, кобальт 70%-ға қымбаттауы ықтимал.
Ал, корей геологтары Шығыс Қазақстанда орналасқан литийдің ірі кен орнын тауып, алақайлап жүр. Тіпті, оны игеруге ниетті. Кореяның геоғылымдар және минералды ресурстар институты құны 15 млрд доллардан асатын литий қоры бар деп есептейді. Канадалық агенттік жүргізген талдауға сәйкес, бұл аймақта табылған литийдің кейбір түрлерінің құрамы 5,3%-ға жетті. Қызығы, Батыс Австралия шахтасындағы литий мөлшері 2,1%-ды құрайды екен. Академик Марат Бітімбаев барлау жұмысына байланысты былай депті.
– Біріншіден, бағалы металдарды барлау үшін елімізде әлі де перспективасы жоғары аумақтар бар. Барлау принципіне орай, ол жерлерге жаппай шетелдік компанияларды тартудың қажеті жоқ, ондай жағдайда көп нәрсені жоғалтуымыз мүмкін. Екіншіден, шетелдік геологтер келетін кен орнынан жаңа кен көздері табылса, ол компаниялар меншік құқығын иеленетін болады. Ал, біз болашақ дивиденттерден айырыламыз. Үшіншіден, Қазақстан геологтерінің қорында бағалы металды арзанырақ жолмен әрі тезірек алуға көмектесетін көптеген қызықты ақпарат бар. Мұны барлап, зерделеу шетелдіктердің көп уақытын алады және олардың жұмысы мемлекетке әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін. Төртіншіден, егер алғашқы іздестіру мен барлауды қазақстандықтар жүргізетін болса, ескі кадрларды да, жоғары оқу орындарының түлектерін де жұмысқа орналастыруға болады және ол қажет. Бұл тау-кен саласындағы сабақтастықтың жоғалуын тоқтатады, – дейді ол.
ҚОР ТАУСЫЛСА ҚАЙТПЕКПІЗ?
Жер байлығын игерудің жайын қозғасақ, сан сауал туындайды. Шиеленісті реттейтін шешім қажеттігі айқын. Өйткені, су бетіне қалқып шығатын мәселе жоқ емес. Егер жаңа кен орындарына геологиялық барлау жүргізілмесе, бағалы және түсті металдар қоры алдағы 10-15 жылда сарқылуы мүмкін. Тіпті, басқа да минералды ресурстар тақ-тұқ болмаса да, қай жылға дейін жететіні болжанып отыр. Демек, іске кірісу қажет. Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай еліміздегі геология тұрғысынан зерттелетін жер көлемін 2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізуді тапсырған. Әсіресе, «сирек және шашыранды металдарды іздеуге басымдық беру керек» деді. Бұл үшін 36,6 миллиард теңге қажет. Алайда бұған үш есе аз қаражат бөлініпті. Енді инвестиция тартуға байланысты енген түзетулер мәселені реттейді деген сенім бар.
Өзекті мәселе өткен жылы Қазақстан геологтарының І Съезінде де талқыланған.
– Соңғы 30 жылда Кеңес одағында қалыптастырылған қорларды игердік. Бұл бізге базалық металлдардың әлемдік жеткізушілерінің ондығына кіруге мүмкіндік берді. Алайда қорлардың толықтырылмауы олардың біртіндеп сарқылуына әкеледі. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихинское, Зырян сияқты ірі қорғасын-мырыш кен орындары толығымен игерілді. Осы себепті 65 жыл қызмет еткеннен кейін ERG «Қазақстан алюминийі» АҚ Торғай боксит кен басқармасы барлық жұмыстарды тоқтатты. Егер жұмысты осы қарқынмен жалғастыра беретін болсақ, бізді үлкен проблема күтіп тұр. Біздің есептеуіміз бойынша, егер базалық түрлі-түсті металлдарды өндіру көлемін сақтайтын болсақ, 15 жылдан кейін шикізат жетіспеушілігіне тап боламыз. Бұл – факт, – деді ӨҚМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов.
Кадр тапшылығы да геология жұмысына айтарлықтай әсер етіп отыр. 19 жоғары оқу орнында геологтар даярланып, 8,5 мыңнан астам студент білім алады. Дегенмен, көбі мұнай мен газ өндіруге мойын бұрады. Білікті маман бар да ресурстық базаны жүйелеуге болатынын ұмытпаған абзал.
ТҮЙІН. Не болса да, алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмаудың қамын қылу керек. Көл-көсір байлықты есепсіз шашпай, ел мүддесі мен кәдесіне жаратуды ұйғарған ұтымды болмақ.
Замира ҚОНЫСЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!