Эльзара НҰРЛАНҚЫЗЫ,
психолог:
Психология жан-жақты ізденісті қажет етеді. Азғантай біліммен жайын айтып келгеннің бабын табу мүмкін емес. Әсіресе, сабағын сатып, техникасын тықпалау көбейген кезеңде оң көрсеткіштер ғана сөйлейді. Эльзара Нұрланқызы – отбасы және бала бағыты бойынша жұмыс істейтін кәсіби психолог. 5 жыл ішінде 4000-нан аса адамның жан-жарасын жазуға көмектескен. 100-ге жақын ажырасудағы мәселелерді зерделеген. Осы тұста, шағын мемлекетте болатын мәселе бойынша сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Мұңын шағып, сырын бөлісіп келген адамның жан дауасын табу оңай емес. Десе де, бір сеанстан жағдайды жеңілдетуге көмектеседі екенсіз, бұл – өте жақсы. Айтыңызшы, әйелдермен қатар ер адамдар да кеңес алуға келе ме? Көп қозғалатын мәселені атап өтсеңіз.
– Қазіргі таңда психологтың көмегіне жүгініп жатқан адам көп. Бұл тұста адамдар екі топқа бөлінеді. Яғни, психологқа баруды бірі дұрыс, енді бірі бұрыс деп санайды. 40-50 жастан асқан әйелдер үшін психологқа бару – жай ғана шығын, уақыт өткізу сияқты көрінеді. Себебі, «біздің кезімізде мұндай маман болған жоқ, психологмен сөйлеспей-ақ өмір сүрдік, мәселемізді өзіміз шештік» дейді. Ал, жастар керек болған ақпарат пен жағдайдың барлығын өзімен жұмыс істеу арқылы шешіп жатыр. Бұрын үлкен кісілер даналығын көрсетіп, өнегелі сөзін айтатын. Ал, қазір мұндай көрініс бірен-саран. Сондықтан, әркім ішкі күйін өзі реттеп, мәселесін маманмен түйіндеуді құп көреді.
Жеке қабылдауға келетін әйелдердің үлесі – 99%. «Отбасымды сақтайын», «бәрі дұрыс болсын» деген ниетпен келеді. Негізгі мәселе ажырасу мен қаржылық қиындық болып тұр. Ерлер сирек келеді. Олардың қалауы өзінің шекарасында ғана шектеліп қалған. «Менің айтқаным болу керек», «менікі дұрыс болу керек» деген ұстаныммен өмір сүреді. Өкініштісі сол, ер адамның ойлау қабілеті мен шешім қабылдау жүйесі салыстырмалы түрде әлсіреген. Кейде енді ғана шаңырақ көтерген азаматтар келіп, кеңес сұрайды. Түсініспеушіліктің себеп-салдарын анықтайды. Мұндай азаматтар тек қарым-қатынасты сақтап қоймай, әулет алдындағы беделін де жоғалтпайды. Әрі жасалған қадамдар арқылы жағдайды реттеп, жаңа деңгейге жеткізеді.
– Отбасындағы билік пен бәсеке берекені қашырады. «Екі жарты – бір бүтін болу» қағидатына қайшы екені тағы бар. «Үйдегі бастық» болуға талас қалай туындап жүр? Ал, ене мен келін, бауырлар арасындағы бәсеке туралы не дейсіз?
– Бұл – өзекті тақырыптардың бірі. Әйелдер батыстың психологиясындағы кей білімін отбасына сіңіруге ұмтылады. Ер мен әйел теңдігін айтқанымызбен, олар дінде де, психологияда да, қарым-қатынаста да тең дәрежеде жүре алмайды. Ер адамның дәрежесі әрқашан биік. Тіпті, халқымыз ердің бас киімін баспай, киімін жерге қалдырмай, сыйлаған. Сондықтан, кез келген білім мен түсінікті ортаға тықпалауға болмайды. Мұның екінші жағын да қарастыру керек. Отбасының күйреуі, оның осал болуы, «билікке талас» ер адамның әлсіздігінен туындайды. Ер адам жауапкершілік жүгін өзіне алмай, өзгеге сілтеген кезде жағдай қиындай түседі. Негізі ер мен әйел өз рөлін ұмытпауы керек. Сонда шаңырақта шаттық та, бақыт та болады.
Отбасын ойран етпесе де, ойға түрткі болатын келеңсіздіктер бар. Ол кейде ененің, қайын әпке мен қайын сіңлінің тарапынан болатыны жасырын емес. Демек, бәсеке бары рас. Шаңырақтың шырқын бұзбаса да, жанжалға себепкер болатын, отбасыға араласатын, әйтеуір, бір адам кездеседі. Қазір қозғалып жүрген тақырыптың тағы бірі – ененің әрекеті. Баласын қызғанып, өмірінде туындаған мәселені келінінен көреді. Жеке қабылдауыма келген адамдардың да басынан осы жағдай өткен. «Енем мені күйеуімнен қызғанады, үйленгенде тіпті шарт қойған» дейді. Барлық ене мұндай деген сөз емес. Көпке топырақ шашпаймын. Десек те, адамның қадір-қасиетін жоққа шығарып отырған отбасы жоқ емес.
– Психолог-коучтың кеңесіне «тойып алған» қыз-келіншектер қоғам талқысына түсіп жүр. Екі жастың ажырасуына да сол себеп дейді. Кей психолог асыра сілтегенімен, енді бірінің сөзінде шындық бар. Керектіні түртіп алуға болады. Маман ретінде бұған көзқарасыңыз қалай?
– Бір курсты оқып алып, психологпын деп жүрген қыз-келіншек көп. Олардың әрекеті, берген кеңесі, айтқан сөзі бірінің отбасын сақтаса, кей шаңырақтың шырқын бұзып жатыр. «Өзіңнің шекараңды қойып ал, егер де біреу көңіліңді қалдырса, қарым-қатынасыңды тоқтатып таста» деген сынды біздің менталитет, дініміз бен ұстанымымызға, салт-дәстүрге келмейтін бағыттарды ұсынып жүр. Сондықтан, кей отбасында түсініспеушілік болып, ақыр соңы ажырасумен аяқталатыны анық. Әр адам өзінің кім екенін және қандай екенін, отбасындағы адамдардың да жай-күйін біледі. Осыған мән беріп, маманмен бірге жұмыс істесе, ол отбасында «сақтау» процесі жүреді. Деңгейі жоғары, нәтиже көрсете алған білікті маманға жүгінген дұрыс. Әсіресе, отау құрған жас жұбайлар қажетсіз білімді меңгеріп, бір-бірінің кемшілігін теріп отырады. Бұдан бөлек, «өзіңді ренжітпе, айтып таста» сынды пікірлер шаңырақтың шайқалуына түрткі. Айтып тастаудың да өз реті болады. Ал, бейберекет айтылған сөз бен орынсыз әрекет жағдайды ушықтыра түседі. Әр нәрсенің тереңіне бойлаған жөн.
– «Абьюзер жігіт», «тиран күйеу» сынды терминнен көз ашпайтын болдық. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырататыны да – осы. Мұндай түсініктен, мұндай құбылыстан қалай арылуға болады? Амалы бар ма?
– Бұл – жақында қосылған терминдер. Бала кездегі кейбір жағымсыз эмоция бойда қалып немесе шок алып қалғаннан кейін, ішкі әлемдегі келеңсіздіктің әсерінен туындайды. Сондай-ақ, отбасында әкесінің анасын ұрып-соғып, жекіргенін көрген баланың реакциясы қалыпты болып кетеді. Өзі үйленгенде де әйелге қол көтеруді үйреншікті жағдай деп түсінетіні содан. Тиран немесе абьюзер екенін жасаған қарым-қатынасы аңғартады. Олар адамның психикалық күйіне шабуыл жасаумен бастайды. Қорлап, қол жұмсап, соңы манипуляцияға жалғасады. Яғни, айтарын айтып, ұрып-соғып алып «құрбан» кейпіне енеді. Шарасыз күйге түсіп «мен сенсіз өмір сүре алмаймын» деп қасындағы адамын алдау оларға оңай. Тіпті, көңіл күйі де тұрақсыз болады. Бәрі өз ойлағанындай болмаса дереу ашуланып, ренжіп, қарым-қатынастағы адамына жәбір көрсетеді. Сосын мәселе туындамасы үшін өзін ақтап алатын жол іздейді. Алдайды, арбайды. «Мен негізі ұрғым келмеген» деген ақталуларын құлаққа құя бастайды. Ал, мұндай адамдарға алдай салу, ұрып-тепкілеу мәселе емес. Сондықтан, типтерді ажыратып, сана сүзгісінен өткізудің айыбы жоқ.
«Телефон қарап отыр едім, оған назар аудармағандықтан қабағымды жарып жіберді» деп келген әйелдер де болды. Айтқаны болмаса, залымдығын жасайды. Сынақ пен сынықтың үстінде жүрген әйел көп. Әйел адамға ақша, дүние, мансаптан бұрын тыныштық керек. Өзінің орнын қалыптастыра алмағандықтан, отбасының мүшесі деп санамағандықтан жаны күйеді. «Барған жеріңде тастай батып, судай сің» сөзі бәріне таныс. Бірақ, адамға белгілі бір жерге сіңіп, үйренуі үшін қайын жұрты да жылы қарсы алып, отбасының мүшесі деп қабылдауы тиіс. Отбасындағы қарым-қатынастың дұрыс болуы, бір-біріне құрметі мен ізеті үлкен кісілердің назарында болуы керек. Ал, кейбір ата-әже, енелер көрген қиындығын айту, оны жасату арқылы іштерін босатады. Мұндайда жастарға емес, үлкендерге де өзімен жұмыс істеу керек деген ойға қаламын.
– Ерлі-зайыпты арасындағы қарым-қатынас сау, конфликт те сауатты болуы керек. Сонда бір-бірін түсіну, ымыраға келу оңай болады. Ал, қазір түймедейді түйедей етіп, жанұядағы мәселені желіге жазып, жамандау белең алды. Бұған не түрткі?
– Екі адам арасындағы жанжалдың көбеюіне бір-бірін мүлдем түсінбеуі себеп. Бір шаңырақ астында тұрып, бір тілде сөйлегенімен, астарында «мен сенің жауабыңды қабылдамаймын» деген ұстаным болады. Бұл тұста ер адамның «миымды ашытып жатырсың», «ішкі сезімдерімді қанағаттандыра алмайсың» деген жанайқайы бар. Ал, әйел «маған және отбасыңа көңіл бөлші» деп назар сұрайды. Екі жақта өзінікін дұрыс деп санайды. Яғни, рөл ауысуы тағы туындайды. Әу баста сау қарым-қатынас құрмағаннан кейін береке қашады. Негізі ер адам – мәселені шешуші болса, әйел сол мәселенің шешілуіне ойы мен сезімін білдіретін жан. Ұрыс-керіс барлық отбасында болады. Бірақ, бір-біріне ауыр сөз айту, балағаттау кикілжіңді күшейтіп жібереді. Мұндай сәтте қос тарап ақылға салып, «мен неге былай ойлап отырмын?», «қандай қателік жібердім?» деп ой таразысынан өткізу керек.
Иә, отбасындағы жайтты желіге жариялау оңай болып кетті. Интернеттен өзгенің отбасындағы қарым-қатынасты айдан анық көретін жағдайға жеттік. Тіпті, пікір қалдырғандар біреудің жанұядағы мәселесін талдап тастайды. Біреуі келіседі, бірі келіспейді. Мұндай қайшылықтың өзі – отбасының ойрандалуына себеп. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бөлек әңгіме. Ал, қуаныш пен қайғы, жағымды-жағымсыз оқиға ерлі-зайыптының арасында шешілуі керек.
– Бала тәрбиесіне тоқталайықшы. Материалдық тұрғыда жағдайын жасап, қалағанын әпергенімен, мейірім мен махаббат керегі түсінікті. Тәжірибеңізде мұндай жағдай кездесті ме? Ата-аналар қай тұрғыдан қателік жібереді?
– Отбасында жауапкершілік жағынан балаларды алшақтатып аламыз. «Сенің қолыңнан келмейді», «әрі тұр, оған тиіспе», жыласа «аузыңды жапшы» дейміз. Баланың ойы мен пікірін, қалауы мен арманын білген жөн. Оның ішкі жағдайына үңілу маңызды. Тамағы тоқ, көйлегі көк демей, назар аудару қажет. 5-10 минут отырып сөйлесу, көңіл күйін білу баланың ойлау жүйесін дамытады. Бұл тұрғыда ата-аналар ақсап жатады. Психиканың сау болуы, травмасыз өсуінде ата-ананың атқарар рөлі зор. Кейбір ата-ана өзінің ішкі сезімінде қорқыныш болған соң баланы қоршауға алады. Шектен тыс қамқорлық танытып, «отыр, құлап қаласың, жарақат аласың» деп өбектейтіні жасырын емес. Айналада, әлемде болып жатқан қарым-қатынастан шектей бергенде балада сенімсіздік басым болатыны түсінікті. Өздігінше жауап бере алмайды, әрекет ете алмайды. Баланың да жеке өмірі, таңдауы мен қалауы барын есте ұстаған ләзім. Оның үстіне бар қайғы мен мәселені балаға жабуға болмайды.
– Жанұядағы жарасымды көрсететін негізгі белгілер қандай?
– Бақытты отбасын құрудың жолы – бір-бірін түсіну, қолдау көрсету және сыйластықтың жоғары болуында. Ең біріншіден, отбасыға өзге адамның сөзі мен ісі, көңіл күйі де әсер етпеуі керек. Сонымен қатар, отау құрған жас жұбайларға алғашында уақыт беру артық етпейді. Мәселен, келін түскеннен кейін қырық күн қатарынан үйден қонақ арылмайды. Сосын екі жастың сөйлесуге қуаты қалмайды. Шаршағаннан кейін бір-бірін тыңдауға да құлық танытпайтыны содан. Әулетке келін болып түскеннен кейін өз міндеттерін біліп, үйге үйренісу керек. Қонақжай халықпыз. Бірақ, келіннің шайын кейін де ішіп үлгереді. Келін онсыз да міндетін орындайды. Ал, жастар әу баста мәмілеме жасап, бір-бірін түсінсе құба-құп. Бақытты отбасының іргесін бірден қаласа, алдағы жылдары да сол бағыттан таймайтын болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Замира ҚОНЫСЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!