«Бауыржан Момышұлының «Жалдап алған солдаттар ешқашан жанын салып соғыспайды» деген мағынадағы сөзі бар. Келіспей, қарсы айтар уәжіміз жоқ. Жалпы, Қазақстандағы «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана» велоклубы секілді спорт командаларының нәтижесі көңіл көншітпейді. Бірақ, бөлінетін қаржының есебі болмай тұр. Бұл спорт түрлеріне футболды да қосуға болады. Жыл сайын еліміздегі кез келген футбол клубына қомақты қаржы қаралып келеді. Тағы да сол бірағы бар. Әлемдік рейтингте 100-ге де ене алмаймыз. Қазақстандық клубтарда (қай-қайсысы болса да) легионерлердің қарасы көп. Әрине, сапалы, командаға көмектесе алатын тәжірибелі шетелдік ойыншылар керек-ақ. Десе де, бізге бет бұратындардың басым бөлігі – өз елінде «жарамай» қалғандары. Солай сияқты, әйтпесе неге нәтиже жоқ?».
Бұл – былтырғы жазған мақаламыздан үзінді. «Жалдап алған спортшы жанын салып ойнай ма?» деген тақырыппен «Халық» газетінде жарияланды. Жалпы, дәл осы пікірді қазақстандық спорт жанашырлары, журналистер мен сарапшылардың айтып жүргеніне көп уақыт болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Париж олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде еліміз спортшыларды дайындауға көп қаржы бөлетінін, сондықтан халықтың жүлде күтуі заңдылық екенін айтты. Әрі соңғы төрт жылдықты түйіндейтін жарыстардың нәтижесі әсер етсе керек, президент балалар спортына көңіл бөлуді, спортшы-легионерлерден арылуды тапсырды.
Президенттің айтуынша, кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер баршылық. Мұнымен нақты айналысатын уақыт та келді.
– Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауы тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн, – деді ол.
Бұқаралық, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру мәселесі де – бүгінге дейін аз айтылмаған тақырып. Спорт жанашырлары дәл осы сөзді ел президентінің айтқанына қуанып отыр. Яғни, бұл жерде «бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген тәмсіл еске түседі.
«Бұл – өте маңызды міндет. Себебі, бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Сондықтан, мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің аймақтарында 20 мыңнан астам спорт алаңы жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешен мен спортзал бар. Осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуге тиіс және спортпен айналысамын деген әрбір адамға қолжетімді болуы керек. Барлық облыс орталығында және аудандарда футбол, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, садақ ату, үстел теннисі, шахмат және тағы да басқа танымал спорт түрлерінің секциясы болуға тиіс. Бұл – әкімдердің міндеті. Ал, Үкімет спорт нысандарының жұмыс тиімділігіне сараптама жүргізіп, осы мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдағаны дұрыс» деген болатын мемлекет басшысы.
Шыны керек, елімізде бірқатар спорт түрінен бапкерлер мектебі қалыптасты дей аламыз. Десе де, спорт саласына жоғары білікті мамандарды тарту қажет. Париж олимпиадасында қазақ бапкерлердің өзге елдің спортшыларын дайындағанын көз көрді. Демек, біз шетелден спортшы емес, бапкер әкелуіміз керек. Себебі, спортшы-легионерлер белгілі бір жетістікке жеткен соң, тарихи отанына қайтады.
– Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің тхэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін ескертті. Жоғарыда жазғанымыздай, мұны спортсүйер қауым неше жылдан бері айтып жүр. Тіпті, зілтеміршілеріміз допинг дауына ұшыраған тұста көп қозғалды. Футболда легионерлердің қарасы қалың екенін бәрі біледі. Жалпы, шетелден дайын спортшыны әкелу, жүлде еншілеу, сол арқылы мемлекеттен сыйақы, пәтер мен көлік алу да дөкейлердің бизнесі екені рас. Атақ пен даңққа, ақша мен сый-сияпатқа малынған кейбір шетелдік спортшылар спорттық мансабын аяқтап, өз еліне кете барады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн» деген сөзі спорттың айналасындағы басшыларға қатаң ескерту болуы тиіс. Әйтпесе, олимпиадалық спорт түрлеріндегі нәтижеміз төмендей береді.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы бес жылда жоғары жетістіктер спортына шығын екі есе өскен, бірақ соған лайық нәтиже жоқ.
– Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды! – деді президент.
Естір құлақ болса, есті сөз айтылды, шенділер мен шенеуніктерге шегелеп тапсырма берілді. Жегі құрттай болған жемқорлықтың жиі кездесетінін де жеткізді. Енді тек іске кірісу керек секілді. Жолдауды қолдай кететін жұртшылық мемлекет басшысының осы айтқанынан да нәтиже шығарып, эстафетаны бір-біріне жолдаса екен…
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!