Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім сыныптан емес, табалдырықтан басталуы тиіс

22.08.2024, 12:00 929

Апта басында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін білім саласының маңызды мәселелері пысықталып, жаңа оқу жылына дайындық жасайтын «Тамыз кеңесі» өтті. Кезекті кеңесті әдеттегідей өткізіліп жатыр деуге болатын еді. Бірақ бұл жолғы жиынның астарында көптеген түйткілді мәселе, жан-жақтан «құтқаруды сұраған» білім саласының жанайқайы бар. Білім беру жүйесін цифрландыру, сапаны арттыру, келешек ұрпақты дайындау деген ұрандар жыл сайын айтылғанымен, нәтижесі ойдағыдай емес. Бұл – біздің ғана емес, қоғамның пікірі. Десе де, білімге бөлінген қаржы да, педагогтердің барын салып істеген жұмысы, шәкірт жүрегіне білім мен ізгілік нұрын құюы бүгін-ертең нәтижесін беретін дүние деуге келмейді. Ол – жылдар бойы, мүмкін ғасырлар бойы қалыптасып, жемісін жегізетін жетістік. Дегенмен, таяқтың екі ұшы бар. Білімдегі «былықтың» бүгінгі көрсеткіші – кешегі тындырымсыз тірліктің түбірі. Ешкім баласын жаман болсын деп мектепке бермейтіні рас. Сонда «жаман мұғалім», «жаман оқушы» қайдан шығып жатыр? Міне, мәселе осында. Жүйені жаман деуге келмейді, оны жүйесіз етіп отырған – жемқорлықпен жұмысқа кіріп, жалған дипломмен жалақы алып отырғандар. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, десе де бұл дүниелерді ешкім жоққа шығара алмайды. Сөзімізге дерек келтіруге болар еді, бірақ ешкімнің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Оны әлеуметтік желінің «күшімен» де көріп-біліп отырсыздар. Сонымен, «Тамыз кеңесінде» не айтылды? Айтылған реформалар шынайы өзгеріс әкеліп жатыр ма әлде тағы да көзбояушылық па? Сауалдың жауабын баяндама жасаған  спикерлердің  сөзінен  іздеп  көрдік.

Жалпы, кеңесте Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосым­ша білім беру департаментінің дирек­торы Меруерт Медетбекова, Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының депу­таты Наурызбай Байқадамов, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова, «Bilim Land» ЖШС директоры Санжар  Кенжеханұлы арнайы баяндама оқыса, өңірдің  басқа  да  білім беру саласының өкілдері  іс-шараға  қатысты.

Жиынға жиылғандар алдымен Халық­аралық «Robotek Grand Tournament – 2024» чемпионатында озық шыққан, республикалық ғылыми  жоба  конкурсында «Black hole» жобасын цифрлық технология негізінде зерттеп жүлдегер атанған, республикалық «Зерде»  зерттеу жобалар конкурсында «Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға жасанды интеллект технологиясымен «Logo master» арқылы көмектесу», республикалық ғылыми жоба конкурсында «Устройство урны для автоматической сортировки отходов» атты жобаларымен бірінші орын алған, «First Championship» республикалық робототехника байқауында «Ұйқыға қарсы көзілдірік, Метрологиялық станция» жобасымен бас жүлде иеленген оқушылардың жетістіктері таныстырылған көрмені тамашалады.

БИЫЛ  БІЛІМ  САЛАСЫНА  262,1  МИЛЛИАРД  ТЕҢГЕ  ҚАРЖЫ  БӨЛІНГЕН

Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, өңірдегі білім беру жүйесінің жеткен жетістіктері мен қазіргі сын-қатерлерден өту бойынша жұмыстардың қалай үйлестіріліп  жатқанын  атап  өтті.

– Жылдағы дәстүр бойынша өзде­ріңізбен «Тамыз кеңесінде» бас қосып, білім саласындағы жетістіктерімізді саралап, мәселелер мен оларды шешу жолдарын бірлесе талқылау­ға жиналдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жома­рт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың  екінші  отырысында   «Мектеп – білімнің  ғана  емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі білім мен тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет»  деп  атап  өткен  болатын.

Қай кезеңде де мемлекет дамуының басты тетігі, стратегиясы сапалы білімге негізделген. Білім сапасын арттыру, педагогтер қауымы мен оқушыларға жайлы жағдай жасау бүгін­гі күннің алғышарты саналады. Бұл – келешегімізді кемел, елдігімізді мәңгі етуді көздейтін мемлекеттік көзқарасымыз және азаматтық ұстанымымыз. Біздің оқу-ағарту сала­сын дамытуға, білім сапасын көтеру­ге бағытталған бар жұмысымыз осындай алтын өзекке негізделген, – деді  аймақ  басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы биылғы тамыз кеңесінің «Digital Kazakhstan: Жаңа замандағы білім беру» атауын еншілеуі – білім саласын цифрландыруды әрі қарай жалғастыру қажет екендігінің бір дәлелі екенін айтып, облыс бойынша білімге бөлінген бюджеттің мақсатты жұмсалу барысын  баяндады.

– Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262,1 млрд теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8%-ын (бюджет 732,8 млрд теңге) құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 8,5%-ға артық (2023 жылы 241,5 млрд теңге). Тиісінше, алдағы жылдары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі артады. Жаңа мектептер салу, апатты мектептерді және үш ауысымдық оқуды болдырмау – білім саласындағы басым бағыттардың бірі. Осы жылы балабақшаларды қаржыландыруға 53,7 млрд теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 9,8 млрд теңгеге артты (2023 жылы 43,9 млрд теңге). Өткен жылдың шілде айынан бастап меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдарға цифрландыру саласындағы жетістіктеріміздің бірі – Face ID мобильді қосымшасы енгізілді. Бұл арқылы бала­бақшаға нақты келген тәрбиеленушілерге ғана мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, нәтижесінде 3 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік туды. Қазір үйірмелерге нақты келген балаларды есепке алу үшін аталған жүйені мәдениет және спорт саласына енгізудеміз. Бәлкім, бұл жұмыстар оңай ақша тауып үйреніп қалған кейбір кәсіпкерлерге ұнамауы мүмкін. Дегенмен, біз цифрландыру саласындағы жаңашылдықтарды енгізіп, бюджет қаражатының  мақсатты жұмсалуы­на қатаң бақылау орнататын боламыз, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақта түрлі әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан балаларды қолдау мақсатында бірқатар нақты шара қабылдануда. Өткен жылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 100 пәтер берілсе, биылғы жылдың алғашқы жартысында тағы 127 пәтердің кілті табысталды. Бұл – мемлекет тарапынан осындай балаларға көрсетілген маңызды қолдаудың бірі.

Сонымен қатар, әлеуметтік көмек шеңберінде биылғы жылы жергілікті бюджеттен жалпыға міндетті оқу қорына 5,2 млрд теңге бөлінді, 87 331 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін 9 млрд теңге қаралды. Бұл сандардың өзі мемлекет тарапынан жас ұрпаққа сапалы білім мен денсаулықты қамтамасыз етуге бағытталған қолдаудың маңыз­дылығын  көрсетеді.

Облыс әкімі атап өткендей, білім беру саласының басты мақсаты – сапа­лы білім беру мен саналы тәрбие. Жастар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық, суицид, кибербуллинг және басқа да келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында мектеп, оқушы, ата-ана үштағаны бірлесе жұмыс атқаруы керек. Осы бағытта аймақта құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Жыл басында облыс әкімдігі облыстық прокуратура, облыстық полиция департаментімен бірлескен «Жол картасын» бекітті. Мамыр айының соңында құқық қорғау органдарының басшылары, ата-аналар мен педагогтер қатысқан, тәрбие саласындағы мәселелер талқыға түскен алқалы жиын өткізілді. Келе­лі кеңес­те  бала тәрбиесіне қатысты тұшымды ойлар мен ұсыныстар айтылып, сала басшыларына тиісті тапсыр­малар берілді. Облыс әкімі өз сөзінде бала тәрбиесіне қоғам болып жұмылу, ұстаздармен қатар, ақсақалдар алқасының, аналар кеңесінің, қауым­дастық мүшелерінің бірлескен шаралар қабылдауы өте маңызды екенін  атап  өтті.

«ЖАЙЛЫ  МЕКТЕП» – ЖАЙЛЫ  ЖАҒДАЙДЫҢ  БАСТАУЫ

Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы Қызылорда қаласындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесі 1850 оқушыға арналған қосымша ғимараттардың салынуы арқылы шешілді. Бюджетке салмақ салмай, қаржы үнемделді. Нәтижесінде, 1170 орындық 4 мектеп, ал жыл басында 550 орындық 2 мектеп ел игілігіне табысталды. Алдағы уақытта жаңадан 14 мектеп және  4 мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға  беріледі.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, Шие­лі ауданында 100 орындық және Жаңақорған ауданында жергілікті бюджет есебінен 150 орындық  мектеп салынуда. Бұл нысандар  жақын  күндері қолданысқа беріледі.

Арал ауданының Тоқабай ауы­лындағы апатты мектеп және Ақшатау ауылындағы бастауыш мектеп жаңа ғимараттарға көшіп жатыр, бұл жобалар жеке инвесторлардың демеу­шілігімен жүзеге асуда. Сонымен қатар, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры мен жергілікті бюджет есебінен Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласындағы білім беру мекемелері жанынан оқу ғимараттары, асханалар  және  спортзалдары  салынуда.

Жеткіншектерді қосымша біліммен қамту үлесін арттыру мақсатында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы, жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауда­нында 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебі салы­нып, ел игілігіне беріледі. Соны­мен бірге, Сол жағалауда «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледж ғимараты салынуда. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақса­тында биыл облыс орталығында «Шығармашылық академиясының» құрылысы  басталды.

Жергілікті бюджет есебінен биыл 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Білім мазмұнын жақсарту мақсатында мектептер зама­науи пәндік кабинеттермен жабдық­талуда. Сондай-ақ, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 456 млн теңге бөлініп, 2 016 цифрлық бейнекамера орнатылды. Барлық білім беру ұйымы 100 пайыз қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген. Келесі жылы мектептер, балабақшалар және қосымша білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесін жаңарту үшін қосалқы қаржы  бөлінбек.

ПЕДАГОГТЕРДІ  ҚОЛДАУ  ЖАЛҒАСЫН  ТАБАДЫ

Мұғалімдерді әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалмай отыр. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пәндік олимпиа­далардың жеңімпаздарына бірреттік қаржылай сыйақы тағайын­дап, олардың ұстаздарын да моральдық әрі материалдық тұрғыдан ынталандырды. Бұл бастаманы өңірде де лайықты деңгейде жалғас­тыру  көзделген.

Аймақтың білім саласы соңғы төрт жылда ҰБТ-ның орташа балл көрсеткіші бойынша республикада үздік үштіктен түскен жоқ. Биыл өңір 20 аймақтың ішінен озып шығып,  бірінші орынды иеленді. Бұл – аймақ ұстаздары мен түлектерінің қажырлы еңбегінің жемісі. Жетістікті ұстап қалу үшін нақты жұмыс­тар жалғаса бермек.

Өңір басшысы Сыр ұстаздарына алғысын білдіре отырып, педагог мәртебесін жоғарылату және шығармашыл мұғалімдерді қолдау бағытындағы іс-шараларды атап өтті. «Үздік педагог» республикалық конкурсының жеңімпазы атанған 5 педагог әрқайсысы 3 млн теңге көлемінде грант иеленсе, жыл қорытындысы бойынша тағы 5 педагогке 1 млн теңге көлемінде сыйақы берілді. Алдағы уақытта дарынды оқушылар мен олардың ұстаздарын қолдау жалғасын  табатыны  айтылды.

Сонымен қатар, Алаш қайрат­керлері Жүсіпбек Аймауытовтың 135, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Сәкен Сейфуллиннің, Тұрар Рысқұловтың және Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығына орай ұйымдастырылатын іс-шаралар балалардың рухани танымын тереңдетуге бағытталмақ. Осыған орай, облыстық білім басқармасына мәдениет, спорт және қоғамдық даму басқармаларымен бірлесіп, жаңа оқу жылында танымдық іс-шараларды балаларға лайықты етіп ұйымдастыру міндеті жүктелді. Облыс әкімінің баяндамасынан  түйгеніміз – осы.

Мәселе барда оның шешімін шығару – маңызды қадам. Осы ретте облыста атқарылған жұмыс­тың жайы тарқатылып ғана қоймай, нақты сын-қатер жағдайындағы ұсыныстар да қаралды. Аймақ басшысының баяндамасынан соң экраннан ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагог қауымды жаңа оқу жылымен құттықтап, видео­сәлемдеме жолдады.  Министр өз сөзінде «біздің министрлік сіздермен бірге» дегенді жеткізді. Алайда, әлі де шешілмеген мәселелердің бары  айдан  анық.

«ҰЛТ  БОЛЫП  ҚАЛЫПТАСУ  ҰСТАЗДАН  БАСТАЛАДЫ»

Кеңесте сөз алған Оқу-ағарту министрліг­інің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Асқарбекқызы қалың көпшілікке дайын үлгідегі баяндаманы оқымай, соңғы болып жатқан жайттарға байланыс­ты  ойын  жеткізетінін  айтты.

– Қадірлі Сыр ұстаздары, сіздермен осы жиында кездесіп тұрғаныма қуаныш­тымын. Тұғырға шығып, дайын баяндаманы оқығаннан гөрі, өздеріңізбен емен-жарқын ой-пікір алмасып, соңғы болып жатқан дүниелерге байланысты ойымды жеткізіп өтейін. Мемлекет басшысы әр жолдауында, Үкімет мүшелерімен отырысында барлық тапсырмадан  бұрын бірінші кезекте ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыратын ұстаздардың мәселе­сін қарауды тапсырады. Қ.Тоқаев – ҚР Президенті болмай тұрып, «Педагог мәртебесі туралы» Заңды алғаш көтер­ген тұлға. Ол әрекеті бүгінде үлкен нәтижеге жетті. Еліміздің бас ұстазы – Ғани Бектайұлы республикамыздағы әр шебер ұстаз бен үздік ұстаздарға «Ы.Алтынсарин төсбелгісін» тағып, мәртебесін арттырып келеді. «Педагог 24 сағат бойы педагог болуы тиіс» деген дүниені кей әріптестеріміз басқаша түсініп, әртүрлі әрекеттер жасап жүргені көңілге қаяу салады. Әлеуметтік желіде суға костьюммен түсіп жатқан педагогтердің бұл әрекеті жаңағы сөзді тікелей түсінгенін аңғартып отыр. Педагог болып туған соң, ол өмірдің соңына дейін баланың білім алуына бар күшін салуы керек. Осы өтіп жатқан «Тамыз кеңесінің» өту ауқымы да ұлғайып жатыр. Бұл өңірлерді кеңес болып өткенімен, респуб­ликада  саммит  болып  өтеді.  Ол – үлкен жиын. Елімізде білім саласында жиындардың осылай ауқымды өтуі білімге бөлінген көңіл көл-көсір екенін аңғартады. Тәрбие, ұлт болып қалыптасу ұстаздан басталады, соны ұмытпайық, – деді департамент дирек­торы.

«ӨЗГЕРІС  ҒАСЫРЫНЫҢ БАСТАУЫ – БІЛІМ»

Аймақтың бас ұстазы Асқарбек Есжановтың салаға басшы болып тағайындалғанына 9 ай уақыт болды. Бірақ осы уақыт шеңберінде білім саласы қуанышты жаңалығымен де, көңілге қаяу салатын ақпараты­мен де актуалды болды. Жыл басын­да Н.Беке­жанов атындағы драма театрын­да облыс әкімінің қатысуымен білім саласының күрделі мәселелері қаралған отырыста сала басшысына көптеген тапсырма жүктеліп, маңыз­ды міндеттер шегеленген болатын. Асқарбек Темірбекұлы бұл жолғы «Тамыз кеңесінде» жыл бойы атқарылған жұмыстың жайымен бөлісіп, саланы дамытуға бағытталған жобаларды баян­дады һәм олқылықтың орнын толтыруда тек білім саласының өкілдері ғана емес, қылмыстық тергеп-тексеру тобының да жүйелі зерттеуі барын, оның нәтижесі алдағы уақытта  жарияланатынын  жеткізді.

– Аймақтағы 677 мектепке дейін­гі ұйымда 49 880 бала тәрбиеленуде. 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі – 90,2%, ал 3-6 жас аралығында 100% құрап отыр. Мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш сыныптар арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз ету мақсатында барлық мектепте «Біз мектепке барамыз» атты бірінші сыныпқа бейімдеу бағдарламасы әзірленді. Сонымен қатар, «Тірек балабақшалар» желісі қалыптастырылып, бұл жобаның тәжірибесі республика көлемінде таратылуда. Мемлекеттік 160 балабақшада «Ата-аналарға арналған консультациялық пункттер» ашылып, ата-аналарға тұрақты кеңес беру және ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылының ерекшелігі ретінде педагогикалық әдеп нормаларын қатаң сақтау, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу шаралары күшейтілетінін атап өтуге  болады, – деді  А.Есжанов.

Мектепке дейінгі ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығының ықпалдастығын арттыру үшін «Әкелер мектебі» және «Жас аналар мен әжелер мектебі» әлеуметтік институттарын дамыту қолға алынады. Сонымен қатар, балабақшалардың әрқайсысы жеке даму бағдарламаларын әзірлеп, педагогтердің қызметі балалардың жетістіктері негізінде бағаланады.

2024-2025 оқу жылында мектептерде оқыту мен бағалауда жасан­ды интеллектіні қолдану аясы кеңейтіледі. «Жер елшілері» жобасы шеңбе­рінде оқушыларға экологиялық білім беру қолға алынуда. Мектептердің даму бағдарламалары аясында 7 міндеттен тұратын 45 тармақ әзірленіп, мектептерде бұл көрсеткіштер  бойынша  нақты инди­каторлар жасақталды. Цифрлық трансформация бағытында, «Күнделік» электронды жүйесіне барлық мектеп қосылған. Өңірімізде цифр­лық ресурстар мен интерактивті технологияларды білім беру процесіне енгізу шаралары белсенді жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, мектептерде STEM кабинеттері орнатылып, жасанды интеллект элементтерін меңгерту жұмыстары қолға алынды. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында да маңызды қадамдар жасалуда. Жаңа оқу жылында колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға өсіп, бұл жастарды техникалық мамандықтарға қызықтыруға оң ықпал етпек. Қосымша білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында шетелдік тәжірибе енгізілуде. Мұның бәрі өзгеріс ғасырының бастауы тек білімде екенін аңғартса керек.

Осылайша, жаңа оқу жылында облысымыздың білім беру саласында бірқатар маңызды бастама мен жобалар жүзеге асырылады. Мұны аймақтың бас ұстазынан білдік.

«ҰСТАЗДЫҢ  ӨЛІМІНЕ  ҚАЙҒЫРМАҒАН  АДАМ –  ЕСУАС АДАМ»

Кеңес кезінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов сөз алып, Сыр ұстаз­дарының алдында тек бала оқыту емес, ұлттың болашағын жасау міндеті  тұрғанын  атап  өтті.

– Біз өркениеттер қақтығысы кезіндегі күрделі жағдайда жұмыс істеуге мәжбүрміз. Тәрбиенің құндылықтар бағдары заманауи сын-қатер­лерге толы болуда. Оның бір ғана мысалы, Батыс өркениетінде «әке», «ана» деп айтудан бас тартып, ата-ананы нөмірлеп айтуға шықты. Отбасы – ол артта қалушылық, оны асырау үшін көп еңбекті талап етеді жеке уақытың кетеді деген ұстаным қалыптасып келеді. Яғни, біз үшін адамның шын мәніндегі бақытының ошағы  саналатын  әрбір отбасына шабуыл  басталғандай.

Білім беру ісінің еңбек нарығының талаптарына, цифрландыруға, технологиялар дамуына ілесе алмай жатқаны да үнемі айтылады. Әр халықтың идеалды, тарихи-мәдени даму ерекшелігіне тән және қоғамның ортақ құндылықтарды игеруі табысты ұрпақ тәрбиеленуіне жол ашады. Қай заманда болмасын, қоғамның уақыт талабына сай ортақ құндылықтары әрбір қоғамның әлеуметтік құрылымын сақтау мен дамытудың маңызды факторы болып саналады. Яғни, моралдық қағида ретінде қабылданатын құндылықтар болашақта білім мазмұнын анықтау және балалардың жеке тұлғасын қалыптастыру үшін негізгі бағытқа айналады. Азаматтардың құндылық бағдарын жағдайға сай өзгер­ту, ұлттық құндылықтарға негіздел­ген инклюзивті, әділ, ашық және тұрақты қоғам құру үшін тиімді әдіс­тер  дайындау  – уақыт  талабы.

Ұл-қыздарымызды еңбекқорлық рухында, ұлттық салт-дәстүрлерді және жалпы адамзаттық жетістіктерді, адами қадір-қасиетті бас ұстаным ретінде қабылдауға тәрбие­леудің орны қашанда өзекті. Отбасы рөлін, ата-ананың беделін құрметтеу және олардың бала тәрбиесіндегі жауап­кершілігі мен құқығын қорғауды қамтамасыз ету маңызды деп санай­мыз. Бұларды жоғарыдан күтудің қажеті шамалы. Әр білім мекемелері осыларға басымдық бергені абзал. Сонымен бірге, білім саласына жөн-жосық­сыз араласпағанымыз жөн. Әсіресе, әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушылар. Өз мүддеміз үшін көптің ісіне кері әсер етпеуге тиіспіз.

Шығыста ертеден келе жатқан «кімде-кім ұстаздан ұялмаса, олардың басымдығын мойындап құрметтемесе, оларды қиыншылықта қорғамаса, ондай жандар тұп-тура ақымақтар қатарына қосылуы мүмкін. Ұстаздың өліміне қайғырмаған адам – есуас адам» деген мағынадағы сөз бар екен. Бұдан  артық  ұстаздың қоғамдағы орнын қалайша жеткізуге болады? – деп  атап  өтті  депутат.

ҮЗДІК  МЕКТЕПКЕ –  34  МИЛЛИОН  ТЕҢГЕ,  ҮЗДІК  ҰСТАЗҒА – ТӨСБЕЛГІ

Кеңес соңына таман ата-аналар мен сала мамандарының пікірі тыңдалып,  жүйені жақсартуға тек ұстаз ғана емес, ата-ананың да маңыздылығы жоғары екені еске салынды. Сонымен қатар, жиында елеулі еңбектің арқасында ұстаздар қауымына құрмет көрсетіліп, сахна төріне шақырылды. Олардың бір­қатарына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің марапаты табысталды. Атап айтсақ, Ы.Алтынсарин, «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілері, «Арнайы білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім беру ісінің үздігі», «Орта білім беру ісінің үздігі» дипломдары, облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етіліп, Сыр ұстаздарының мерейі  асқақтады.

Мұнымен бірге облыстың «Үздік орта білім ұйымы» грантын жеңіп алған Жалағаш ауданындағы Әл-Фар­аби атындағы №201 мектеп-лицейі­не 34 миллион теңгенің сертификаты  берілді.

ТҮЙІН. Қай салада болсын мәселе шаш етектен. Оны шешу үшін тек тапсырма беріп, басшыларды жұмыстан шығара берудің қажеті жоқ. Ауруды жазудан бұрын, оның неден басталғанын бақылайтыны секілді, мұнда да мәселенің мәнін іздеуге күш салған дұрыс. «Тамыз кеңесі» – тек саладағы жетістікті емес, мәселелерді ашық талқыға салып, талдайтын отырыс. Бірақ бұл жиында олқылықтан бұрын, оңдылықты көп көрдік. Әр нәрсенің жаманынан бұрын жақсысын естіген де дұрыс шығар, алдағы уақытта мәселелер оңынан шешіліп, жазықтылар жазаланатын күн туарына сенеміз. Бастысы, білім ордалары «былықтың» емес, жақсы үміттің есігі болсын.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: