Баланың құқығы жөнінде неше түрлі форум-семинар, іс-шаралар өтіп жатыр, бірақ одан шығып жатқан нәтиже жоқ. Бүгінде балаға жасалып жатқан зорлық-зомбылық, қатыгездік өршіп тұр. Оған куә болу үшін әлеуметтік желіге көз түсірсең жеткілікті. Жасөспірімдер арасында бір-бірін әжуалап, ұрып-соғып, одан қалды зорлады деген ақпараттарды күнде естіп жүрміз. Оның үстіне балаға қорлық көрсеткен егде жастағылар да жоқ емес. Осы және өзге де жайттар бір отбасының үпілеп отырған балаларының жастайынан психологиялық тұрғыда жараланып, өкініштісі, кейбірінің мерт болуына себепкер болуда.
Сабақ уақыты бітер уақытта немесе жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстар көбейе беретіні бәрімізге белгілі. Өңірде осыдан 1 апта бұрын жасөспірімдер арасындағы бопсалау, зорлық-зомбылық пен әлімжеттік факторларының басын қосатын қылмыс болды. Бұл ақпаратты алғашқы болып «NeMolchi.KZ» қоры жариялады.
– Қылмыскерлер жәбірленушінің телефонын тартып алған, онымен қоймай, ата-анасына қысқа текстпен жауап беріп отырған. Қыздың ата-анасы қанша хабарласса да, тұтқаны көтермеген, «егер мені іздейтін болсаңыздар, мен өз-өзіме қол жұмсаймын» деп үркіткен. Сонымен қатар, бопсалаушылар отбасылық чаттарға қыздың жалаңаш бейнежазбасын жібереміз деп қорқытқан, – дейді «НеМолчиKZ» қоғамдық қоры.
Қоғамдық қордың мәліметінше, бопсалаушылар зардап шегушіге неше түрлі зәбір көрсеткен. Дәлірек айтқанда, денесін қағазды және целлофондық пакетті өртеу арқылы күйдірген, онымен қоймай жыныс мүшесіне де зақым келтіреміз деп те қорқытқан. Және «ата-анаңды өлтіреміз» деп те бопсалаған.
– Қыздың ата-анасы қанша мәрте шағымданып, құзырлы органдарға көмекке жүгінгенімен, мектеп басшылығы және кәмелет жасқа толмаған балалардың қылмысына жауапты инспектор үш рет арыз жазғаннан кейін оларды ата-ана құқығынан айыратындығын, ал қызды арнайы интернатқа жіберетінін айтқан. Айтуларынша, мектеп басшылығы қыздың сабаққа келуі төмендеп кеткенін жасырып, емтихандардан автоматты баға қойып отырған, – дейді қоғамдық қор.
Бұл сорақының соңы емес. Күдіктілер зәбірленушіні құрбысының үйінде, өз үйіне қайтқысы келмейді деп алдаған. Қыздың атынан хабарлама жазып, iPhone маркасындағы телефон алдыртқан, тіпті қыздың әке-шешесі 2-3 рет несие алғанын айтады. Осы уақыт аралығында жас бопсалаушылар зардап шегуші қызды жезөкшелікке итермелеп, алған ақшаға демалып, қалағандарынша күн көрген. Ал қызға түскен соманың аз бөлігін ғана берген екен.
Бұл іс резонанс тудырып, әлеуметтік желідегі пабликтер дабыл қаға салысымен қоғамда неше түрлі пікір жазылды, айтылды. Қыздың анасының берген ресми пікірінде қызын «дочь» емес, «девочка» деп атағанына шүйліккендер бар. Ал Қызылорда полициясы нақты ақпарат шықпайынша жалған ақпарат таратпауды ұсынды. Алайда нақты ненің жалған ақпарат екендігі жөнінде хабарламады.
Қазіргі таңда нақты үш күдікті қамауда. Бұған дейін облыстық сот оларды екі ай көлемінде тұтқынға алу белгілеген болатын. Біреуі – ұл, екеуі – қыз бала. Жәбірленуші қыздың анасы онлайн баспасөз мәслихатында сөз сөйледі. Ол күдікке ілінгендердің біреуі қызының жақын құрбысы болғанын айтады. Бүгінде жәбірленуші қызға жасалған аударымдар саны да қоғамды дүрліктіріп отыр. Kaspi қосымшасы егер жәбірленуші тараптан өтініш түссе, керек ақпаратты беруге дайын екендігін жеткізді. Айта кетейік, 6-8 ай аралығында зардап шегушінің картасына 1000-ға жуық адамнан ақша түскен. NeMolchi.KZ қорының басшысы Дина Таңсәрі баспасөз жиынында «сайтқа 18 жас деп тіркесе де, қыз баланың дене тұрпатына қарап, кәмелет жасқа толмағанын аңғару қиын емес» дейді.
– Жәбірленушіні клиенттер күдіктенбес үшін, оларды күліп қарсы алуға мәжбүрлеген. Клиент кеткен соң, ұрып-соққан. Психологиялық, физикалық жарақат қатар алған. Қазір жап-жас қыздарды жыныстық қызмет тұзағына түсіру тенденциясын көріп отырмыз. Сайтта қыздың жасы 18-ге толмағанын көрсететін белгілер бар. Алматыдағы бір істе… клиенттер қыздардың кәмелет жасына толмағанын түсінуі үшін олардың шашын әртүрлі түске бояған, – дейді ол.
Аталған істен аймақ басшысы да хабардар. 16 тамыз күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жағдай болған №7 мектеп мектеп-лицейінің директорын, оның орынбасарларын, тәрбие ісіне жауапты тұлғаларды, сондай-ақ психологтар мен әлеуметтік педагогтарды жұмысынан босатты. Аймақ басшысы бұл атышулы қылмыстан жарты жылға жуық уақыттан бері полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен қызға сабақ беретін мұғалімдер бейхабар болғанын қатаң сынға алды.
– №7 мектеп-лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологі, әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері жұмыстан босатылсын. Қызылорда қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына, қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс, бөлімнің тәрбие жөніндегі жауапты маманына жұмыстан босату шарасы қолданылсын. Білім басқармасының басшысына өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беремін. Өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамаған мектеп инспекторы мен учаскелік полиция инспекторы, оны бақыламаған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды полиция бөлімшесі, қалалық полиция басқармасы мен облыстық жергілікті полиция қызметі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тікелей кінәлі. Осы орайда, жауапты мамандардың жауапкершілігін қарап, қызметінен босатуға дейінгі кадрлық шешімдер қабылдансын – деді Н.Нәлібаев.
Сонымен қатар, аталған іс жөнінде жұмысты жылдамдатуды ұсынып, бүкіл процесті бақылауда ұстайтындығын ескертті.
Елімізде үлкен резонанс тудырған бұл істің аяқсыз қалмайтыны анық. Бір өкініштісі, қор алғашқы болып дабыл қақпағанда шарасыз қыз әлде де психологиялық, физикалық озбыр көре берер ме еді!? «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді ғой Әл-Фараби. Резонанстық жағдай өңірлік білім саласына үлкен сын болды. Не де болса, бүкіл кінәні білім саласына артып қоюға да болмайды. Баласының не істеп, не қойып жүргеніне ең алдымен ата-ана жауапты екенін де ескерген жөн. Бұл жайында Еуропа психологтар қауымдастығының мүшесі, психолог Сымбат Абрахманова былай деген-тұғын.
– «Ата-аналармен жұмыс істеу керек» деген пікірлер көп айтылады, жазылады. Иә, толықтай келісемін. Себебі, балада үйден тыс жерде қандай проблема болса да, бала үйге барады. Ал, үйде жағдай дұрыс болмаса, тіпті қиын. Бала дүниеге келгеннен кейін, тек сенің ғана балаң емес, қоғамның бір мүшесі. Оның жақсы не жаман болғанына қарай, ол қоғамға пайдасын тигізуі мүмкін немесе зиянын келтіруі ықтимал. Сондықтан саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру маңызды. Алайда, білім беру ұйымдары ата-аналармен жұмыс істегісі келгенімен, ата-аналар жиналысына келетін ата-аналарды саусақпен санауға болады. Оны өз көзімізбен көрудеміз. Барлық ата-ананың орта есеппен тек 30%-ы ғана келеді. Көп ата-аналарды өкінішке қарай келтіре алмайсыз. Сіз ше, балаңыздың жиналысынан қалмай барасыз ба?, – дейді ол.
Әрине, мұндай ситуациядан кейін күнделікті өмірге қайта бейімделу қиынға соғатыны рас. Іс жалғасын тауып, сот әділ шешім шығарады, жәбірленуші қыз өзіне қажетті көмек алып, өз қатарына қайта қосылады деп сенеміз.
Хақназар ҚАСЫМХАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!