Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пробация қызметі сотталғандарға қайта мүмкіндік береді

22.08.2024, 9:20 120

Пробация қызметі жайында бірі білсе, кейбірі онша таныс емес. Қандай да бір қылмыс жасаған адамды заң жазалайды, сондай-ақ қайтып өмірге икемделуіне, қоғамнан оқшауланбай жұрт секілді саламатты өмір салтын ұстанып, кітап оқып, ендігіде байырғы ісін қайталамауына ықпал етіп, тәрбиелейтінін есте сақтаған жөн. Яғни, қылмыскерді әлеуметке бейімдеу –  заң жүзінде қаралған іс. Бұл жұмыспен пробация мекемесі айналысады. Пробацияның тергеу изоляторынан айырмашылығы мұнда сотталушылар үйінен қатынайды. Ал мекеме қызметкерлері күдіктілердің қайда, не істеп жүргендерін жіті бақылауда ұстап, мінез-құлқының  түзелуіне  септігін тигізеді.

Өңірдегі Пробация мекемесінде 502 соттал­ған бар. Оның ішіне әйел адамдар да, тіпті кәмелет жасқа толмағандар да кіреді. Әр аймақ­қа жеке инспекторлар бекітілген. Олар жергілікті полиция қызметкерлерімен тексерулер, рейдтер жүргізеді. Пробацияның алғашқы қағидалары – жұмысы шартты немесе шектеулі түрде сотталғандарды жұмыспен қамту, психологиялық-әлеуметтік көмек көрсету. Тұтқындалушылардың отбасымен, ата-ана, балалары­мен  қарым-қатынасы  да  жіті  бақылауда.

Мекеменің тыныс-тіршілігі, жұмыс барысымен танысу мақсатында Қызылорда қалалық пробация қызметінің аға инспекторы әрі әділет капитаны Самрат Бекмұратұлымен тілдесіп, аталған қызметтің ерекшелігі, тұтқындалушыларға берілген жан-жақты көмек жайын­да  сұрадық.

– Пробацияда тұтқындалушылар шектеу жазасы мен шартты жазаға бөлініп, кейбіріне 4-5 жылға жаза кейінге шегеріледі. Бұл жеңілдік, әсіресе, 14 жасқа толмаған балалары бар әйелдерге беріледі. Шектеу жазасы ауыр, орта­ша, жеңіл болып бөлінеді. Егер араларында жұмыс­қа тұрамын деушілер болса, біздің мекеме оларға жұмыс іздеп, бос вакансияларды ыңғайлайды. Сондай-ақ, жаза түріне қарай 80, 100, 200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Тұтқындалушылар жазасын өтеу барысында кәсіп бастаймын десе, оған да қолдау бар. Бүгін­де алты сотталушы 1 476 890 теңге көлемінде қайтарымсыз несие алды. Оның біреуі көлік жөндеу жұмыстарын қолға алса, екеуі мал бағуды құп көрген. Ал біреуі жиһаз жасаумен айна­лысады, – дейді  Самрат  Бекмұратұлы.

Қызылорда  облысы  бойынша  қылмыс­тық-атқару  жүйесі департаментінің  ақпаратына сүйен­сек, жыл басынан бері пробация есебіндегі 52 азамат квотамен жұмысқа орналасқан. Ұрлық  бабымен бас бостандығынан шектелген  азамат екі қолға бір күрек табыл­ғанына  дән  риза.

– Тез арада жұмыс тапқаныма қуанып отыр­мын. Несін жасырайын, жұмыс берушілер сотталған дегенді естісе, ат тоңын ала қашады. Шалыс басқанымды мойындаймын. Өмір болғаннан кейін қателеспейтін жан болмайды. Пробация қызметкерлері психологиялық, құқықтық, медициналық жәрдем беруден ешқашан тайын­ған емес. Алдағы уақытта берілген жұмысты толығымен атқарып, отбасыма, ата-анама көмек берсем бе деймін, – дейді есептегі азамат.

Пробация қызметіне жүгінуші сотталушылар айына екі рет тіркелуге келеді. Тұтқындалушыларға 22:00 мен 6:00 аралығында сыртқа шықпау, ойын-сауық орталықтарына бармау міндеттелген. Егер пробация қыз­меткерлері қадағалау барысында қандай да бір сотталушы үйінде болмаған жағдайда ата-анасы­нан түсінік алынады. Ал ата-ана түсінік беруден бар тартқан жағдайда үш жақты АКТ жасалып, келесі күні ескерту беріледі. Бір рет ескерту беріледі, ал екінші рет тағы ескерту алса, бас бостандығынан айыру жазасына ұсыныс жасалады. Аға инспектор Самрат Бекмұратұлының айтуынша, жыл басынан бері оның қарамағындағы 12 адамға ескерту лими­тінен асып кетуіне байланысты бас бостандығынан  айыру  жазасына  ұсыныс  тастал­ған.

Мекемені аралау барысында тіркелуге келген бір сотталушымен тілдесудің сәті түсті. Атын анонимді ұстауды сұрады. Бұған дейін курьер болып нәпақа тапқан азамат көршісінің тоңазытқышын тонап, бас бостандығынан шектеліпті.

– Көршімнің үйінің есігі ашық қалыпты. Бұл сәтті пайдаланып, тоңазытқышындағы азық-түлікті ұрладым. Ол кезде бұл ісім аса қауіп­ті, бүгінгідей істі болады-ау деп мүлде ойла­мап едім, қазір міне сол ойсыздығымның зардабын шегіп отырмын. Менің шектеуім екі жылға бекітілген. Бұйырса, бұл мерзім аяқ­тала салысымен қайта жұмысқа кіріскім келеді, – дейді  ол.

Жоғарыда  атап  өткендей,  пробация  есе­бін­дегі тұлғалар мәдени-спорттық іс-шара­лардан тысқары қалмайды. Мәселен, жақында пробация ұйымдастыруымен ұрлық, бұзақылық жасағаны үшін сотты болған жасөспірімдерді кітапханаға апару іс-шарасы өтті. Іс-шара барысын­да олар кітапхана қыз­метімен  таны­сып, кітап залдарын аралап, жаңа  топ­тамаларға  куә  болды.

Айта кету керек, жазасын өтеген және пробация қызметі есебінде тұрған жастарды қоғамға қайта бейімдеу және оларды үйлес­тіру мақсатында облыстық жастар ресурс­тық орталығы аталған мекемемен үш жақты мемо­рандумға қол қойған. Яғни, орталық сотталушыларға шеберлік сағаттарын жүргізе отыра кәсіби бағдар береді, сонымен қатар есепте тұрған жастардың саламатты өмір салтын ұстанып, зиянды әрекеттерден аулақ болуы­на бағытталған спорттық іс-шаралар өткізеді.

Осы айда Қызылорда қалалық пробация есебіндегі тағы 6 азамат қайтарымсыз грант ұтып алды. Нақтырақ айтқанда, олар «Бастау Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында оқып, мал шаруашылығы сана­ты  бойынша 1 млн 476 мың теңге көлемінде  қаржы  алды.

Бизнес жобам мақұлданып, мемлекеттен қайтарымсыз  қаражат алғаныма қуанып тұрмын. Енді кәсібімді ашу ғана қалды. Кондитер өнімдерін шығарып, халыққа сапалы өнім бергім келеді. Кондитерлік өнімдердің сұраныс­тан түспейтіні анық. Жеке кәсіп ашсам деген өтінішіме құлақ асып, көмек көрсеткен жергілікті атқарушы органдар мен пробация қыз­метіне алғысым шексіз, – дейді есептегі аза­матша.

Баланың істі болғаны қай ата-анаға да, әке мен ананың істі болғаны қай балаға да оңайға түспейтіні анық. Біреуі ермеліктің кесірінен ұрынады, ал біреуін шайтан жолдан тайдырады дегендей, ал кейбірі істеген ісінен сабақ алмайды, өкінбейді. Бір рет істі болған азаматтың кейінірек адамша өмір сүруі, жұртқа ілесіп, бұрынғыша ойнап-күлуі – қиынның қиыны. Осы мәселенің алдын ала отырып, шарасыз қалғандарға көмек көрсетіп, панасыз  қалғандарға пана болып, қатесінен сабақ  алуға  үгіттейтін пробация қызметі секілді түзеу органдары керек-ақ. Азғантай уақытқа созылған сапарымызда ұяттан басын төмен түсірген шарасыз адамды да, басын тік көте­ріп, ауыр қылмыс жасаса да, міз қақпайтын адамды да көрдік. Біріншісі тезірек жазасын өтеп, қарапайым өмірге қайта қосылады, екіншісі істеген ісіне өкініп, сабасына келеді деген  үміттеміз.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: