Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Еңбек адамы» идеологиясын жандандыру керек пе?

15.08.2024, 11:40 587

Алдымен  «еңбек  адамы»  ұғымына  анықтама  берейікші.  Тақырыпты  оқығанда,  көз алдыңызға  иен  далада  иығына  кетпен арқалаған адам ғана елестеді ме? Шынында, еңбек адамының санатына көптеген сала қызметкерін жатқызуға болады. Осыдан он жылдан аса уақыт бұрын  драматург Сұлтанәлі Балғабаев бұл сұраққа: «Бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды еңбек адамы деп есептеймін.  Ол – диқан  бола  ма,  ол – малшы  бола  ма, ол – жазушы  бола  ма, ол – өнер адамы бола ма, актер бола ма, бәрібір. Ол маңдай терін салып  жұмыс істеуі керек. Шығармашылық дарынды, талантты болуы керек. Өкінішке қарай, бізде еңбек адамдарын осы жағынан бағалау жетіспейді. Бізде кімнің тамыр-танысы көп, соның жолы болғыш. Кім пысық болады, соның  жағдайы  жақсы. Ал  турасын  айтсақ, еңбек адамы деген  тек  қана  диқанды,  шопанды  ғана  білдірмейді. Еңбек адамы деген кез келген салада болу керек» деп жауап беріпті. Расында, өз саласы бойынша шынайы еңбек етіп, жанашырлықпен  қызмет  қылатындар – еңбек  адамы. Бұл ұғым  тәуелсіз  Қазақстанның  кезінде  емес,  бұрынғы кеңес үкіметі  тұсында  да  дәуірлеп  тұрған   атақ  болған.

Драматургтың  айтқан  мәселесі  әлі  күнге  дейін өзекті. Қоғам  арасында  еңбек  адамдарын жік-жікке бөлу басым. Мәселен, өнер саласында табысты еңбек етіп жүрген біреудің еңбегі еленіп, орден алып жатса, оның бұл құрметке лайық емес екенін айтып жарыса түсеміз. Сын сағатта ақыл айтуға асығамыз. Демек, қоғамда «еңбек адамдарына» деген идеология дұрыс қалыптаспаған секілді. Әйтпесе, өз туғанымыздың еңбегін езгіге салмас едік. Сонымен, «еңбек адамы» идеологиясын  жандандыру  керек  пе? Таразылап   көрейік.

Мемлекет басшысы 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деп атап өтті.

Бүгінде елімізде «еңбек адамдары» санатына кәсіпкерлерді жатқызуға болады. Олар өз ісін тынбай еңбектену арқылы табысқа жеткізіп, кәсіп иелерінің қатарынан табылып отыр. Бірақ, олардың қоғам алдында кәсіби беде­лі  «еңбек адамы» ұғымына сай ма? Мәселе осында. Жоғарыда бұл ұғымның идеологиясы қайта  жандану  керектігі  туралы  тілге  тиек  еттік. Енді сөзімізді қуаттау үшін түрлі факторды  мысал­ға  алып,  мәселені  түсіндірейік.

Ол үшін еңбек нарығына талдау жасап өткен жөн. Еңбек нарығы – бұл жұмыс күші мен жұмыс орындары арасындағы байланыс. Мұнда жұмыс берушілер мен жұмыс іздеу­шілер арасында келісімдер жасалады. Негізінен, еңбек нарығы адамдардың еңбегі үшін алатын жалақысына негізделген. Бұл нарықта жұмысшыларға деген сұраныс пен ұсынысты мемлекет реттейді, сонымен қатар ең төменгі жалақы, жұмыс уақыты сияқты маңызды ережелерді де мемлекет анықтайды. Қазақстандағы еңбек нарығы үнемі дамып отырады және оған саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар әсер етеді. Қазақстандық қоғамдық даму институтының әлеуметтанушыларының мәліметінше, 2022 жылы 15 және одан жоғары жастағы халықты жұмыспен қамту деңгейі 65,3%-ды, жалпы жұмыс күшіне қатысты  95,1%-ды құраған. Халықаралық еңбек ұйымы­ның әдістемесі бойынша 2022 жыл­ға есептелген  жұмыссыздық деңгейі 4,9% бол­ған. Жыл  сайын  бұл цифрда кему байқалып жатыр.  Демек, қоғам еңбекке ұмтылуда деген сөз. Осы  кезде  елдегі  жұмыссыздар  саны 458,3 мыңға дейін қысқарды. Соңғы онжылдықта еңбек нарығының барлық негізгі көрсеткіші бойынша оң динамика сақталып келе­ді. Халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу деректері бойынша өткен жылы Қазақ­стан экономикасының түрлі салаларында 9 млн адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 6,9 млн адам (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,3%-ы) жалданып жұмыс істеді, 2,1 млн адам өз-өзін жұмыспен қамтыды (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 23,7%-ы). Еңбек нарығындағы бүгінгі көрсеткіш – осы. Демек, еңбек адамдары жыл сайын артып келе жатыр. Сөзімізге статистика дәлел.

Негізінен, «еңбек адамдары» идеологиясы ұғымынан қоғам бейхабар секілді. Қазақстандық әлеуметтанушылар мың шақты респондент арасында «Айтыңызшы, сіз «еңбек адамы» идеологиясы туралы естідіңіз бе?» деген сұрақпен сауалнама жүргізіп, нәтижесіне көз жеткізді.

Сауалнама нәтижесі бойынша, қатысқандардың 67,2 пайызы хабарсыз екенін жеткізген. Ал 6,9 пайызы білетінін айтса, 4,6 пайызы жауап беруге қиналған. Қалған 22,3 пайызы осыған байланысты «бірдеңе естігенмін» деп жауап берген. Демек, бізге бұл ұғымды қайта жаңғыртудан бұрын, қоғам санасына ұғындыру ісін қолға алу керек секілді.

Мемлекет басшысы  өткен жылы 1 қыр­күйекте «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек адамдарына, зиянды еңбек өндірісінде қызмет ететін қазақстандықтарға қолдау  көрсететінін  айтты.

– Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамыту­ға сіңірген еңбегі және денсау­лығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін  табады  деп  күтіп  отыр, – деді  прези­дент.

Әлеуметтанушылардың зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтардың «еңбек адамы» идеоло­гия­сымен байланысы бойынша пікірі үш негізгі  топқа  бөлінді.

Бірінші топ: Бұл топқа жататын адамдар «еңбек адамы» деп, қоғам игілігі үшін жұмыс істейтін және сол арқылы материалдық жағдайын жақсартуды да маңызды санайтын адамдарды түсінеді.

Екінші топ: Олар үшін «еңбек адамы» – тек қоғамға қызмет ететін тұлға. Олардың түсінігінде материалдық жағдайдың маңызы жоқ, тек еңбек  арқылы қоғамға пайда келтіру маңызды.

Үшінші топ: Бұл топтағы адамдар үшін еңбек тек материалдық игілік алудың амалы ғана емес, сонымен қатар, өзін көрсету және рухани құндылықтарды бекіту жолы деп саналады.

Бұл пікірлердің алуандығы қазақстандық­тар арасында «еңбек адамы» ұғымының нақты анықтамасы қалыптаспағанын көрсетеді. Сондықтан, мемлекеттік органдар осы ұғымды халық­қа түсіндіруге ерекше көңіл бөлуі қажет.

Идеология туралы білетін қазақстандық­тардың көпшілігі оның маңыздылығын түсінеді және қазіргі кезде өзекті деп санайды. Бұл пікірлер еңбек нарығында болып жатқан өзгерістерге байланысты. Қазір әлеуметтік-мәде­ни кеңістікте байлыққа, әлеуметтік мәртебеге және беделге деген ұмтылыс артқан. Бұл жағдай еңбек саласында ынталандырудың төмендеуіне және материалдық марапатқа мән берудің артуына әкелді. Осыған байланысты қоғамда әр азаматтың құндылықтар иерархия­сында еңбек бірінші орында тұратын «еңбек адамы» бейнесін қалыптастыруға сұраныс байқалып отыр. Нәтижесінде, қазақстандықтардың көпшілігі бұл идеологияны қолдап, оң көзқарас  білдіреді.

Респонденттер «Еңбек адамы» идеологиясының пайдасы туралы сұраққа да жауап берді. Онлайн мамандықтардың қажеттілігі және блогерлердің танымал болуы, сондай-ақ еңбек құндылығын түсіну мәселесі еңбек нарығындағы теңсіздікке әкелген болуы мүмкін. Осы өзгерістердің салдарынан физикалық және ақыл-ой күшін қажет ететін мамандықтар қоғамда өзектілігі мен беделін жоғалта бастады. Жалпы алғанда, респонденттердің көпшілігі бұл  идеологияны  пайдалы  деп  есептейді.

Зерттеушілер «Еңбек адамы» идеологиясы туралы халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында мынадай бірнеше ұсыныс айтуда.  Біріншіден, «Еңбек адамының бейнесі» тақыры­бында әлеуметтік бейнероликтер түсі­ріп, оларды республикалық  телеарналарда көр­сету  қажет. Екіншіден,  Қазақстандағы  Еңбек күні  мерекесі қарсаңында БАҚ пен әлеу­мет­тік желілерде ақпараттық науқанды күшейту  ұсынылады.

Сондай-ақ, «Еңбек адамы» идеологиясын насихаттау және түсінуді нығайту үшін қоғамдық-саяси ток-шоуларда сарапшылардың қатысуы­мен ашық пікірталастар өткізу орынды болар еді. Жастар арасындағы патерналистік көзқарасты төмендету үшін ақпараттық жұмыстарды  жандандыру  қажет.

Облыстық және аудандық БАҚ-та «Еңбек адамы» арнайы айдарын ашып, онда белгілі тұлғалардың еңбекке қатысты өмір жолынан қызықты деректер жариялау да – ұсыныстың бір бөлігі. Еңбек күніне орай, еңбек құндылығын насихаттайтын телебағдарламалар мен сюжеттер дайындап, танымал тұлғалар туралы өмірбаяндық бағдарламалар шығаруға болады.

Сонымен бірге осы кезеңдегі танымал қазақс­тандық еңбек әулеттері туралы көркем фильмдер түсіру мүмкіндігін де қарастырған жөн.

ТҮЙІН. «Еңбек адамы» идеологиясы – қоғамдағы еңбектің маңызын, адамның материалдық және рухани құндылықтарын дәріптейтін маңызды бастама. Қазақстандағы еңбек нарығының өзгерістері мен қоғамдағы құндылықтардың ауысуы бұл идеологияның өзектілігін арттырып отыр. Осы бағыттағы мемлекеттік және қоғамдық іс-шаралар еңбек адамының рөлін нығайтуға, жастар арасында еңбекқорлық пен кәсібилікке деген құрметті арттыруға бағытталуы тиіс.

Қоғамның еңбекке деген көзқарасын өзгерту, еңбек адамының мәртебесін көтеру үшін идеологияны жандандыру қажет. Бұл жолда ақпараттық науқанды күшейту, білім беру жүйесіне еңбек адамының рөлін енгізу, сондай-ақ, қоғамдық пікірталастар мен арнайы жобаларды іске қосқан дұрыс. Түптеп келгенде, бұл идеологияның жандануымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы нығайып, еңбекке деген құрмет пен жауапкершілік арта түседі. «Еңбек адамы» идеологиясы – қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі болуға тиіс. Формула – осы, іске көшейік!

Қ.КЕМЕЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: