Менің сүйікті әкімім Талтаңбай жұрт қатарлы бір қабатты үйде тұратын еді. Көршісі Бәтима күнде-күнде келіп маза бермеді.
– Ауылға газды қашан тартасыңдар? Малдың соңынан қапшық ала жүгіріп, қай заманға дейін қи жағамыз? Қымбат несиені алып-алып осылай банктерге малай болып жүре береміз бе? Жеріміз бай болса да кедейміз…
Бәтима кезінде клубта әнші болған. Мына сөздерін жоқтаудың нақышына келтіріп сайрағанда адамның жүрегі ауырып, денесі түршігеді. Күнде таңертеңнен бастап кеш батқанға дейін зарлайды.
Талтаңбайдың әбден мазасы кетті. Дереу бір қабатты үйінің үстіне екінші қабатты тұрғызды. Бірақ бәрібір тыным болмады. Ентігіп есікті Қиқарбай қақты.
– Талтеке, балам қызыл дипломмен жоғары оқуды аяқтады. Бір жұмыстың реті болса…
– Жұмыс жоқ… Қайдан болсын, – деп Талтекем есікті тарс жапты. Қаны қайнады. Шыдамы таусылып үшінші қабатты тұрғызды. Шамалы жерден биіктеді, бірақ есіктің қоңырауы тағы шыр етті.
– Айналайын, қайда жоғарылап барасың? Азық-түлік екі есе қымбаттады. Бензиннің бағасы ұшып тұр, – деді Боранбай қарт қақалып. Ар жағынан ентігіп ауылдың мектеп директоры Қауғабай келді.
– Айналайын Талтаңбай, бір шара жасамасаң болмайды. Оқушылар мектеп емес, мешітке барып оқимыз дейді. Салт-дәстүріміз жойылып барады. Жастар өзге ұлттың діни секталарына кіріп жатыр. Мына қарқынмен жүре берсек, қазақ деген ұлт құрып, ата-бабамыздың найзасының ұшымен қорғап қалған атамекені алыпсатарлар мен келімсектердің қолдарында кеткелі тұр…
– Оған менің не қатысым бар? Барыңдар, мазамды алмаңдар, – деп, Талтаңбай креслосына жалп етті.
Есікке күнде маза жоқ. Үйдің қабаты да биіктеп барады. Бүгін он бірінші қабатқа көшті. Бұрынғыдай емес, биік. Халықтан жоғары. Аспанда құстар ұшып жүр. Тыныштық. Көзі төмен қарай түсіп кетіп еді. Өрмелеп Қоңқыш келе жатыр.
– Әй, Қоңқыш саған не керек? – деді әкім қарлығып.
– Басеке, қайда кетіп барасың биіктеп, бізден неге қашасың?
– Онда сенің шаруаң болмасын, – деді Талтаңбай тануын таңқитып.
– Тәке, өткен жылы маған пәтер жағы шешіледі деп едіңіз, сол не болды?
– Не болсын пәтер жоқ… Пәтер керек болса балшықтан тұрғызып алыңдар, нан керек болса егін егіңдер. Өз күндеріңді өздерің көріңдер. Менің құлағыма тыныштық беріңдер, – деп, Талтекем көктіктен аузы көпіріп талып қалды. Қасындағы көмекшілері «үйдің қабатын одан әрі жоғарылату керек, сонда ғана тыныштық орнайды» деп ұсыныс айтты.
Қанша биіктесе де халық оған маза беретін емес, құлағынан ызың кетпеді. Тағы да он қабатқа жоғарылады. Жиырма бірінші қабатта Талтекең теңселіп тұр. Жерге қараса, жүрегі айниды. Бұлттың арасынан басын қылтитып жан-жағына қарайды. Гүрілдеген қатты дауыс шықты. Шошып кетті. Бұл аспанда ұшып бара жатқан ұшақ еді. Талтекеңнің қазір төменге түспегеніне төрт жыл болды. Құлағы тыныш. Өзін Құдайға біртабан жақындағандай сезінеді. Әйтеуір мәз. Бірақ, жердің ауасы басқа ғой. Ол кәдімгідей аяғымен жер басып жүрген шақтарын сағынды. Бір кезде хатшы оған «төменде айғай-шу төбелес болып жатыр, олар жоғарыға өрмелейміз деп шешім қабылдапты» деп еді. Талтаңбай дір ете қалды. Қасындағы нөкерлері де қалтырады. Тірсектерінің дірілі қатты болды. Үйдің қабырғалары сөгіле бастады. Тағы да бес қабат тұрғызып жоғарылағысы келіп еді. Өкініштісі сол, олай болмады. Үйдің іргетасы соншама биік қабаттың салмағын көтере алмады, опырылып жерге құлады. Талтаңбай командасымен құлаған үйіндінің астына көміліп қалды. Ол үшін мәңгі тыныштық орнады.
«Биіктеу бар жерде құлау бар» деген, міне, осы…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Фото: krots.top
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!