Отбасы – қоғамның негізгі бөлігі. Мұны үлкен саясат ретінде қарастыруға болады. Бүгінде отбасы институттарының жұмысы сыр берді ме, әйтеуір кейбір «шағын мемлекет» ыдырап, тоқырауға түсіп жатыр. Отбасында ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық көп қазір. Мұның алдын алу үшін атқарылатын жұмыстардың сапасында сын бар. Бұрынғы тәрбиеден ауытқып бара жатырмыз ба, әйтеуір тең құқық іздеп жүргендердің көбі береке-бірлікті отбасылық өмірден емес, жеке бастың бақытымен байланыстыруда. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» дейміз, онда неге жалғыз қалуға жасалатын қадам басым? Тұрмыстық зорлық-зомбылық қанша айтылса да, тыйылмай тұр, себеп неде? Зерттеулерге назар салып көрейік.
СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?
Мемлекеттік отбасы саясатын іске асыруда өз қызметін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Олар отбасы қатынастарын нығайту, осал отбасыларды (көпбалалы, жалғызбасты аналар және т.б.) қолдау бойынша іс-шаралар жүргізеді. Орталық мемлекеттік органдардан отбасы саясатын іске асыруға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (халықты әлеуметтік қолдау), ҚР Оқу-ағарту министрлігі (балаларды мектепке дейінгі және орта біліммен қамтамасыз ету мәселелері), ҚР Ішкі істер министрлігі (әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі (отбасылық саясатты үйлестіру), ҚР Денсаулық сақтау министрлігі (халық денсаулығын сақтау, әсіресе репродуктивті денсаулық мәселелері) жұмылдырылған.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Отбасы институтын нығайту, әйелдердің, балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды нығайтумен айналысатын мемлекеттік органдар қызметінің функционалды талдауы» талдамалық баяндамасынан қоғам білуі тиіс статистикалар мен деректерді ұсынып отырмыз.
ҚР ІІМ деректері бойынша 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде полиция отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 1915230 шағымды тіркеген, яғни 1000 адамның әрбір 10-шысы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Алайда, осы он жыл ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша полицияға түскен шағымның төмендеу динамикасы байқалады.
Қылмыстық құқықбұзушылық Qamqor.gov.kz порталындағы ҚСжАЕАК деректері бойынша отбасылық-тұрмыстық салада елімізде жылына орта есеппен 1007 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеледі.
Жоғарыдағы кестеде көрсетілгендей, 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңдегі динамикада отбасылық-тұрмыстық салада тіркелген, 2018 жылдан бастап баяу өсу үрдісімен (+106,1%) 2020 жылы шарықтау шегіне жеткен қылмыстық құқықбұзушылықтардың салыстырмалы түрдегі құбылмалылығы байқалады. 2015 жылдан бастап отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар санының төмендеуі (-24%) 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа редакциясында қолданысқа енгізілген ҚР ҚК-ке және тиісінше бірқатар қылмыстың қылмыс деп танылмауына байланысты болуы мүмкін. Бірақ содан кейін 2018 жылдан бастап көрсеткіштің тұрақты түрде өсуі байқалады. 2021 жылғы «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ұлттық баяндамада атап өтілгендей, 2020 жылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шарықтау шегі (+21%) COVID-2019 кезеңіне келеді. Отбасылық-тұрмыстық салада тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық көрсеткіштерін салыстыру кезінде де осындай динамиканы байқауға болады.
Соңғы бес жылда адам өлтіру санының төмендеуін байқауға болады, ал денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіру салыстырмалы түрде өзгеріссіз қалған. Аталған кезеңде отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтардың 21,1%-ы адам өліміне әкеп соқтырғанын (2018 ж. – 226, 2019 ж. – 200, 2020 ж. – 205, 2021 ж. – 226, 2022 ж. – 195, 2023 ж. 7 ай – 10211) айта кету керек. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық агрессорларын, олардың құрбандарын және олардың арасындағы туыстық байланыстарды толық анықтау өте қиын, себебі жалпыға қолжетімді құқықтық статистикада мұндай деректер көрсетілмеген.
ЖЫЛ САЙЫН 1 МЛРД БАЛА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҰШЫРАЙДЫ
1989 жылғы 20 қарашадағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 44/25 қарарымен қабылданған және 1994 жылы ҚР ратификациялаған Бала құқықтары туралы Конвенцияның 1-бабына сәйкес «әрбір адам баласы 18 жасқа толғанға дейін, егер осы балаға қолданылатын заң бойынша ол кәмелеттік жасқа бұрынырақ толып қоймаса, бала болып саналады» делінеді. «Бала құқықтары туралы» ҚР Заңының 1-бабына сәйкес «бала – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам» деп сипатталады. Зерттеулерге сәйкес, миллиондаған бала – үйдегі, қоғамдағы немесе мектептегі зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері. 2020 жылғы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы әлемдегі жағдай туралы жаһандық баяндаманың деректері көрсеткендей, жыл сайын әлемде жарты немесе шамамен 1 миллиард бала физикалық, жыныстық немесе психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырайды, соның салдарынан олар жарақат алады, мүгедек болып қалады немесе өледі, себебі балаларды қорғау бойынша қабылданған стратегиялар тым сирек орындалады.
Жаһандық деректер мынандай мәселе бар екендігін көрсетеді.
– Жыл сайынғы статистика 0 мен 17 жас аралығында 40 150 бала өлімі болатынын айтады.
– Оның ішінде 28 160 ұл бала және 11 990 қыз бала.
– 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалардың төрттен үш бөлігі ата-аналары мен қамқоршысы тарапынан үнемі физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көреді.
– Мектепте қорлық көрген 11-15 жас аралығындағы балалардың мектепті сәтті аяқтау мүмкіндігі 13%-ға төмен.
– Кішкентай және 20 жасқа толмаған 120 миллион қыз сексуалдық зорлық-зомбылық құрбаны болған.
– Әйелдерде интимдік жұптарының физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылығының құрбаны болу ықтималдығы 16 есе жоғары.
– 5 жасқа дейінгі әрбір төртінші бала анасының интимдік жұбының зорлық-зомбылығының куәсі болған.
– Физикалық, жыныстық және психологиялық зорлық-зомбылықты қоса алғанда, балалық шақтың 4 немесе одан да көп жағымсыз тәжірибелерінен өткен ересектер тұлғааралық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе агрессоры болу қаупіне көбірек ұшырайды және оларда суицид қаупі жоғары.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың негізгі түрлеріне келсек, алғашқысы – физикалық зорлық-зомбылық. Ол ата-ана немесе баланы тәрбиелеуге жауапты адам салған дене жарақаты баланың өліміне немесе дене/психикалық денсаулығының ауыр (дәрігерлік көмекті қажет ететін) бұзылуын немесе дамуының тежелуіне әкеп соғуы мүмкін. Екіншіден, сексуалдық зорлық-зомбылық – ересек адамды қанағаттандыру/одан пайда көру мақсатында баланы (оның келісімімен/келісімінсіз) саналы немесе бейсаналы түрде (жетілмегендіктен немесе т.б.) ересектермен жыныстық қатынасқа тарту. Сексуалдық зорлық-зомбылыққа жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынас жатады, егер олар қауіп немесе физикалық күш қолдану арқылы жасалса, сондай-ақ зорлаушы мен жәбірленушінің жас айырмашылығы кемінде 3-4 жас болса. Баланың жыныстық қатынасқа келісуі оны зорлық-зомбылықсыз деп санауға негіз болмайды, себебі баланың толық еркі жоқ, ол өзі үшін жыныстық әрекеттің барлық жағымсыз салдарын толық болжай алмайды.
Енді бірі психологиялық зорлық-зомбылық – ұзақмерзімді, тұрақты немесе мерзімді психологиялық әсер, бұл баланың патологиялық сипаттағы белгілерін қалыптастыруға немесе оның жеке басының дамуына кедергі келтіреді.
ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЗАҢДА НЕ ӨЗГЕРІС БАР?
2009 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстанда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Бір жағынан, бұл республикамыз үшін нағыз прогресс болды. Қазақстан ТМД-да осындай заң қабылданған алғашқы ел болды. Заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық түрлері, мемлекеттік органдардың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі құзыреті ұғымы жазылған. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді тиімді қорғау үшін «қорғау нұсқамасы» және «құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар» құралдары алғаш рет пайда болды. Алайда, уақыт өте келе, ОТЗЗ-ға қарсы шараларды жетілдіру қажеттілігі туындап, Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, 2009 жылдан 2023 жылға дейін жаңа нормалармен 14 рет толықтырылды. Соңғы өзгерістер мен толықтырулар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 226-VII ҚРЗ енгізілді. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар әрқашан прогрессивті сипатта бола бермейді. Мысалы, 2013 жылы жергілікті өкілді және атқарушы органдардан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі өңірлік бағдарламаларды әзірлеу, бекіту және іске асыру жөніндегі функциялар алынып тасталды. 2014 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу субъектілерінің шеңберінен халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган бөлінді. Бұл ретте жәбірленушілерге АӘҚ және (немесе) көмек көрсетуді жүзеге асыратын заңды тұлға ретінде «көмек көрсету жөніндегі ұйым» деген ұғым берілді. Заңға енгізілген елеулі өзгерістер ретінде 2014 жылдан 2018 жылға дейін ішкі істер органының аумақтық полиция органы мен жергілікті полиция қызметінің бастықтарына, олардың орынбасарларына, учаскелік полиция инспекторларына, кәмелетке толмағандар істері және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға «қорғау нұсқамаларын» шығаруға мүмкіндік беретін, сондай-ақ ерекше жағдайларда соттарға жәбірленушіні және оның отбасы мүшелерін күзету және қорғау үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға осы адамда басқа тұрғын үй болған жағдайда жәбірленушімен бірге жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғын үйде тұруға тыйым салу түрінде әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасын қолдануға рұқсат беретін толықтырулар енгізілген кезде қабылданған нормаларды атап өтуге болады.
Сондай-ақ, 2020 жылы мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамға қандай тыйым салынатыны заңнамалық тұрғыдан нақты анықталды. Алкогольді, есірткіні және психотроптық заттарды тұтынуға тыйым салудың орнына «психикалық активті заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну» деген ұғым қолданыла бастады. Соңғы аздаған түзету 2021 жылы енгізілді, онда әкімдіктердің құзыреті оларға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған білім алушылар мен тәрбиеленушілерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудегі қажеттіліктерге талдау жүргізуге және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының жай-күйі мен өмірін жақсарту бойынша білім беру саласындағы уәкілетті органға ұсыныстар жіберуге мүмкіндік беретін ережемен толықтырылды. Қабылданған Заңның оң әсерін атап өту қажет, себебі ол арнайы болды және Қазақстанның ОТЗЗ-ға қарсы шаралар қабылдаудағы табандылығын көрсетті. «Отбасылық-тұрмыстық қатынастар» және «тұрмыстық зорлық-зомбылық» ұғымдары, сондай-ақ ОТЗЗ түрі анықталды. 2021 жылы ҚР БП жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық: ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру нысандарын криминализациялау/қылмыстық сипаттан арылту» ғылыми-практикалық зерттеуінің шеңберінде құқықбұзушылықтардың осындай нысандары бойынша шетелдік тәжірибені (ТМД, Грузия, Балтық жағалауы елдері) зерделеу негізінде әкімшілік құқықбұзушылықтар құрамын ҚК-ге қайтару құқық қолдану сипатындағы белгілі бір қиындықтарға әкелуі, жасырындылықты арттыруы және жауапкершілікке тартылатын адамдар санының деңгейін төмендетуі мүмкін деген қорытынды жасады. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке, ҚР БП мен әкімдіктерге қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдауды, оның ішінде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту қажеттігі мәселесін пысықтауды тапсырды. Бүгінде қылмыстық заңнамада ҚР ӘҚБтК-де анықталғандай, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды саралауға мүмкіндік беретін жеке норма жоқ.
2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқықбұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады.
Соңғы жылдары әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы жаңалықтар әлеуметтік желіде жиі жарияланғанымен, бұл саладағы әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны азайған жоқ. Сонымен қатар, сарапшылар әлеуметтік желінің жалпы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әртүрлі көзқарастың қалыптасуына айтарлықтай әсерін атап өтті. Осыған байланысты әлеуметтік желіні тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және саламатты өмір салтын насихаттау, отбасылық қатынастарды нығайту жөніндегі ақпаратты жариялау алаңы ретінде қарауымыз керек.
Отбасы – ол адам өзін қауіпсіз сезінетін орын, ал елімізде кейбір адамға ол қысым көретін, қадір-қасиетін қорлайтын, құқығы мен бостандығын шектейтін орынға айналуда. Мұны тоқтату үшін отбасы институттарының жұмысына ширақтық пен құқықтық әділдік орнауы керек. Әйтпесе, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан әлем бойынша алар орнымыз «төр» болмақ.
К.ҚҰРМЕТ.
«Халықтың» коллажы мен кестесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!