Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ қоғамы эгоист пе?

10.07.2024, 11:20 714

Бұл сұраққа төтесінен жауап беру қиын. Бірақ айналамызда болып жатқан дүниелер осы ойға жетелеп, алып келді. Мәселен, қоғамдық көлікте, әлеуметтік орында қаптаған халықтан адамгершіліктен бұрын агрессия, кішіпейілділіктен бұрын кекшілдік, эмпатиядан бұрын эгоизм байқау басым. Әдет жұғады дейміз ғой, жас буын айналасына қарап өседі, тәлім алады. Өзгенің эгосын көріп өскен жастар эгоист болып тәрбиеленбесіне кім кепіл?  Жалпы, «қазіргі қазақ қоғамында эгоизм басым ба?» деген сұраққа жауап беру үшін алдымен  эгоизм  ұғымын  түсіну  қажет.

Эгоизм – жеке мүдделерін бәрінен жоғары қою, өз қажеттіліктерін басқалардың қажеттіліктерінен артық санау. Бұл  құбылыс  қазақ  қоғамында қаншалықты кең  таралған?

Жуырда журналист, әлеуметтік желіде белсенді Данияр Есеннің парақ­шасынан «Қазақ қоғамы эгоист болып барады» тақырыбымен тұрған жазбаны көзіміз шалып қалды. Мәніне ұғынсақ, айналасындағы ағайынның этикаға жат қылығын көрген ол біздегі дертті дөп басып айтыпты. Тақырыпқа тұздық болсын, журналист  бүй  деп пікір білдіріпті.

– Қазақ  қоғамы  тым  эгоист болып барады. Бір-біріне жаны ашымайды. Әрине, жаны ашуы міндетті емес. Өйткені, бәрінің өз проб­лемасы бар. Әркім өз қоты­рын  өзі  қасып  жүр.

Менің айтайын дегенім, қазіргі қоғамда біреудің уақытын сыйлау деген атымен жоқ. Бәрі  шетінен – кісі.  Бәрі – маңғаз, бәрі – тәкаппар.

Әсілінде, біреудің уақытын сыйлау – ең үлкен мәдениет.

Қарапайым ғана ұсақ-­түйек мысалдар келтірейін.

Мысалы, кейбір адамдар автокөлігін кез келген жерге қойып кете салады. «Басқа машинаға бөгет жасаймын ба, жасамаймын ба?» деп басын ауыртпайды. Өзіне ыңғайлы болса, болды. Қояды да кетеді. Дөңгелегін теуіп, шырқырап екінші машинаның иесі қалады.

Дүкенде де сол жағдай. Лентада товарың өтіп жатқан кезде, телефоныңды ашып, Каспий QR-ыңды дайындап тұруға болады негізі. Басқа адамның уақытын үнемдеу үшін. Жоқ, біз ондай емеспіз. Асықпаймыз. Маңғазданып, қалтамыздан телефонымызды шығарамыз. Жан-­жағымызға асықпай бір шолу жасап, кодымызды теріп, одан кейін барып, керіле-созыла төлем жасаймыз.

Банкоматтың алдында да осы жағдай. ЖСН-ді қағазға жазып алып, ақшамызды санап алып, алдын ала дайын­далып бармаймыз. Банкоматқа дейін біреумен сөйлесіп тұрамыз да, кезегіміз келгенде, жанталасып сөмкемізді ашып, ақшамыз­ды, картамызды іздейміз. Өзімізден кейінгі ұзын-сонар кезекке мұрнымызды шүйіріп бір  қараймыз. Өзімізге ыңғайлы  болса  болды. 

Міне, біздегі мәдениеттің үлгісі – осы. «Менікі жүре тұрсын, сенікі тұра тұрсын» деген қағидамен өмір сүріп жатырмыз. Бір-біріміздің уақытымызды сыйламайтын болдық. Ары қарай қалай болатыны белгісіз.

Сіз қалай ойлайсыз? – делінген  жазбада.

Бұл ғана емес, қазақ қо­ғамындағы эгоизмнің кө­рінісі әртүрлі. Мысалы, көпшіліктің арасынан өз мүддесін қорғау үшін басқаларды елемеу, қоғамдық көлікте орын бермеу, өз мүддесін қорғау үшін жалған ақпарат тарату, коррупция­ға бару секілді әрекеттер арқылы  да  байқалады.

Ал оның  салдарына  үңілсек, рухани құлдырау та­қырыбын айналшықтай бастаймыз. Өйткені, оның қоғамға тигізетін зияны айтар­лықтай. Біріншіден, әлеуметтік  ынтымақтас­тық­тың әлсіреуі. Егер әр адам тек өз мүддесін ойлайтын болса, қоғамдағы  бірлік  пен татулық жоғалады. Екіншіден,  қоғамдағы  сенім деңгейінің төмендеуі. Эгоизм қоғамдағы сенімділік пен адалдықты төмендетіп, адамдардың  бір-біріне деген сенімсіздігін  арттырады.

Мұндайда қандай әрекет етпек керек? Эгоизммен күресудің бірнеше жолы бар. Оны былай түйіндеп көрейік. Біріншіден, ұлттық құндылықтарды насихаттау. Қазақ халқының дәстүрінде бірлік, ынтымақ, жомарттық секілді қасиеттер жоғары бағаланады. Осы құндылықтарды жаңғырту арқылы қоғамда эгоизмді азайтуға  болады.

Екіншіден, білім беру жүйесінде этика мен мораль сабақтарын енгізу. Балаларды кішкентайынан адамгершілікке, бір-біріне құрмет көрсетуге тәрбиелеу арқылы болашақта эгоистік әрекеттерді  азайтуға  болады.

Үшіншіден, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қам­тамасыз ету. Әділеттілік пен теңдік бар жерде эгоизм аз болады, өйткені адамдардың қажеттіліктері әділ түрде қанаға­ттандырылады.

Қоғам ішінде әдеп, мәдениет ұғымдары сирек талқыланатыны соншалықты, біз үшін заман ағымына қарай эгоизм тақырыбы пайдалы дүние секілді көрінуде. Оған тіптен көп мысал келтіруге болады. Жай ғана әке мен бала арасындағы «біреуге тиіспе, тиіссе аяма» сынды сөздер жас ағзаға қатыгездік пен өшпенділіктің қанын құяды деп ойламайсыз ба? Берілген тәрбие тал бесіктен қате болып жатыр. Ал қисық біткен сүйек ешқашан түзу болып өспейді. Біз өз буынымызда эгоист қоғамды жасай алмасақ та, болашақ қауым үшін тәрбиеге мән беріп, ертеңгі жастың тағдырына тәрбиені енгізуіміз керек. Қазақ сонда эгоизмнен бұрын эмпатияны түсініп өседі. Оған ешкімнің таласы жоқ  екеніне  сенімдіміз.

Мойындайық, қазақ қоғамында эгоизмнің бар екендігі рас. Ең бастысы, әрбір адам өз әрекеттеріне жауапты болу керек және өз мүддесін қоғамның мүддесінен жоғары қоймауға ты­рысуы қажет. Формула – осы, іске көшейік.

К.ҚҰРМЕТ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: