Ішімдіктің сатылмауы – қылмыстың алдын алу үшін жасалған таптырмас мүмкіндік.
Қызылорда облысында 150-ге жуық ауылдық округ болса, оның үштен бірінде соңғы 2 жылда мүлде қылмыс тіркелмеген.
Себебі, өңірдің бірнеше ауылында арақ-шарап сатылмайды.
Жекелеген ауыл тұрғындарының ішімдікті тұтынбауы, ауыл ақсақалдарының араласуымен осындай шешімнің қабылдануы қылмыстың, құқықбұзушылықтың болмауына, отбасылық, ұжымдық дау-жанжалдардың қайталанбауына өз септігін тигізеді. Мамандар осылай деп отыр.
– Бүгінгі күні Қызылорда облысында 144 ауылдық округтің 49-ында соңғы 2 жылда қылмыстар тіркелмеген және оның ішінде 18 ауылдың дүкендері арақ-шарап сатудан бас тартқан.
Талдау көрсеткендей, негізгі себептерінің бірі – ауыл дүкендерінің сөресінде арақ-шараптың сатылмауы, – деп хабарлайды Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Яғни, облыс бойынша, 18 елді мекен ішімдіктен бас тартқан. Жауапты органдар «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі» пилоттық жобасын іске қосып отыр.
Облыстық прокуратураның бастамасына ақсақалдар, әкімдік, полиция, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер қолдау білдіруде. Өз кезегінде игі бастамаға оң көзқарасын білдірген жеке кәсіпкерлер де бар.
Арал ауданына қарасты Жаңақұрылыс пен Қаратерең ауылында 5 жылдан бері ешқандай қылмыс оқиғасы болмаған. Мұны Қызылорда облысы Полиция департаменті Арал ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ғалымжан Измағанбетов ел арасындағы ағайындық, туған-туыстық және темірдей тәртіппен байланыстырады. Әрине, бұл орайда ішімдікке тосқауыл қоюдың да маңызы көп.
Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха елімізде 100-ге жуық елді мекеннің ішімдік сатуды тоқтатқанын хабарлаған еді. Және ол арақ-шарапты сатпайтын ауылдарда қылмыс саны айтарлықтай төмендегенін және бұл ауыл тұрғындарының ортақ шешімі екенін айтқан.
Коллаж egemen.kz сайтынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!