Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қылқалам шеберлерінің шері қандай?

04.07.2024, 11:20 267

Біз осы шын өнерді шідерлеп тастаған жоқпыз ба? Қазақтың қанында, қабілеттінің бойында бар сурет салу өнері әлі өлмеді. Дегенмен,  қолдаудан құралақан қалмаса да, суретшілердің жағдайы аса мәз емес. Тек таланттылар маңдай тер еңбегімен күнелтіп жүр. Әлемді мойындатуға әліміз жетеді. Тарихты түгендесек, елімізде қылқаламның ізіне күллі ғаламды сыйдырған дарын көп. Қазір де бар. Бірақ, тұлпарды тұсаулап, қане, бәйгеге шаптың керін келтіреміз. Оның үстіне, жаңа құрылыстың жайын ойлағанда, көрме залының кірпішін қалау неге естен шығады? Ұлы өнерді ұлықтауда кежеге кері тартпауы тиіс. Осы ретте, суретшілердің жай-күйі мен өнер сыры туралы  сөз  қозғайық.

МОНО  ЛИЗАНЫҢ  ЖАСЫРҒАН  СЫРЫ  немесе ҚАСТЕЕВ  КАРТИНАЛАРЫ

Леонардо да Винчидің «Мона Лиза» картинасы әлемге әйгілі болғаны рас. Өйткені, жұртқа беймәлім жұмбағы сананы сан-саққа жүгірткен. Одан бөлек, туындыға қатысты тартыс пен пікірталас та жиі айтылды. Әйелдің жасырын күлкісі мен құпияға толы күйі өнертанушы, ғалымдар мен көпшілікті таңғалдырған. Тіпті бұл әйел қауымына тән ортақ құбылыс болуы ықтимал. Соған қарамастан, картинаға көз салып, тереңдегі ойын түйсікке түртіп алғандардың топшылауы  әртүрлі.  Бұл – итальяндық  суретшінің  шеберлігі.

Еліміздегі бейнелеу өнері туралы баяндасақ, Әбілхан Қас­теев еске түседі. Ұлттың ұлылығы мен болмысын қағазға түсірген таланттың таңғажайып картинасы көп. Тіпті біз айтып отырған итальяндық­тардың өзі суретшіге жоғары баға берген. «Талас алқабы» атты кар­тинасын көрген Ренато Гуттузо «Біздің суретшілер алыс қашықтықты бейнелегенде   екі  шақырымдай  жерді  көрсете  алса, мұнда ұшы-қиыры жоқ жүздеген шақырым қамтылыпты» депті. Жалпы, таланттың қайсыбір туындысын жіктеп отыру артық болар. Өйткені, оның  шығармашылығы  мұқым  қазаққа  таныс.

Көбіне Еуропа елдерінде өнердің құны түспейді, тым жоғары дейміз. Өйткені, әккі ұрылар әйгілі картиналарды қолды етіп, ізін жасыру­ға әзір. Бұл – қалтаға қомақты қаржыны басуға қолайлы мүмкіндік. Мәселен, «Мона Лиза» картинасы да ұстағанның қолында, тістеген­нің аузында кете жаздаған.  Деректерге сүйен­сек, 1911  жылы Лувр жұмысшылары  сурет­ті  ұрлап  әкетіп, ол сурет 2 жылдан  соң  қайта табылды. Сосын 7 миллион АҚШ долларына суретке оқ өтпейтін әйнек пен қауіпсіздік жүйесі орнатылған. Шетелде картиналар шет қалмайды. Оны сақтауда салғырттық танытпайтыны да содан. Мұндай оқиға Қастеев картиналарына да қатысты. Бірақ, жағдай сабақ болғанымен, ұлылардың мұрасын қаншалықты қызғыштай қорып отырмыз? Осыдан бірнеше жыл бұрын, мемлекеттік мұрағаттан суретшінің 14 картинасы жоғалған.  Тіпті Әбілхан Қастеевтің ұрланған суреттерін 150 мың долларға сатпақшы болғандар ұсталған. Онымен қоймай, картинаның көшірмесін жасатуға кіріскендердің табылғаны кіжінуге  себеп.

 – Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайына қойылған барлық күмәнді картиналар жеке коллек­циядан алынған. Бір коллекция жинаушы картиналарды мұражайға ұсынған, ал мұражайдың сарапшылары картиналардың түпнұсқалығына күмән келтіріп, менен көмек сұрады. 46 жұмыстың барлығы жалған болып шықты. Олардың арасынан әкемнің бірде-бір жұмысы табылмады. Мен қарадым да, олар нақты оның жұмыстары емес екендігін айттым, – деп мәлімдеген  қызы  Г.Қастеева.

Түбін қазбалай берсек, суретші қазынасының қыр-сырына қанық бола түсеміз. Қызы Гүлда­рияның естелігі соған дәлел. Бұл ретте айтпағы­мыз, шетел туындылары ғана емес, қазақ картиналарының да құнды болғаны. 1965 жылы салған «Пейзаж» атты картинасына аукцион жария­ланып,  413 мың долларға бағаланғаны нағыз мысал. Мұндайда, қазір суретшілердің өнері қалай бағаланып  жүр  деген сауал  сарт  ете  қалады.

СИМПОЗИУМ:  СУРЕТШІЛЕРДІҢ  СЫН  АЛАҢЫ  ҚАЙСЫ?

Қаламыздағы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы көпке белгілі. Өнер ордасының есігінен аттай бере, тарихпен бетпе-бет келгендей  боласың. Қабырғада  ілулі тұрған картиналар  бейне бір  жанды  секілді.

– Көркемсурет  галереясында  тек суретшілер емес, қолөнер шеберлерін қолдау мақсатында біршама  іс-шара  атқарылуда.  Біздің  міндетіміз – жергілкті қылқалам шеберлерінің жұмысын көрсету, еңбектерін бағалау, шеберлік сағаттары мен суретшілердің жеке шығармашылық көрмесін ұйымдастыру, әр облыспен мәдени байланысты нығайту. Бұл ретте, дарынды суретшілердің интеллектуалдық қабілетін дамытуы үшін шығармашылық байқаулар да жүргізіледі. Осыған дейін галерея қорында 900-ден астам құнды туынды болса, мамыр айында өткен «Қылқаламда мәңгілік ел бейнесі» атты халықаралық суретшілер симпозиумының нәтижесінде 93 жұмыспен толықты. Бәрі дерлік өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан суретшілердің туындысы.

Авторы  белгісіз  шамалы ғана сурет  бар. Олар – облыстық  тарихи-өлкетану  музейіне Алматы қаласындағы көркемсурет галереясынан сыйға келген жұмыстар. Ал, аукционға түскен  картиналар  жоқ.

Сонымен қатар, қылқалам шеберлері мен қолөнершілерді қолдау және жұмыстарын көпке ұсыну мақсатында галереяда сатылым бұрышы бар. Келген қонақтар мен тұрғындар сыйлық ретінде сатып ала алады. Ал, екінші қабатында арнайы шеберханалар берілген. Мұнда Қарлы­ғаш Ілиясова, Темірбек Сағымбаев пен Дәулет­бек Тойшыбеков жұмысын жалғастыруда, – деді көркемсурет  галереясының  меңгерушісі Кенже­гүл  Ахметова.

Расымен, симпозиум – дарындының  бас  қосып, туындысы таразыға түсетін сәт. Өйткені, жүлде берілмесе де, әр қонақ картинаға өзінше баға береді, талдайды. Бұл ретте, біз де галереяға бет бұрып, таңғажайып туындылармен таныс­тық. Әрі көзімізге оттай басылғаны қарағандылық суретші Бейбіт Мұстафиннің «Арал экология­сы» болды. Ұзақ қарап тұрып, өз ойыңнан да ұзап кетесің. Өйткені, картина тым күрделі. Сондықтан, суретшімен тілдесуді жөн көрдік.

– Арал теңізінің тартылуы трагедияға айналғаны рас. Семей полигонына қатысты жайт та көпшілікті сергелдеңге салып, көңілін күпті етті. Тіпті 1995 жылы іс-шаралар да жүргізілді. Сондықтан, экология мәселесі елді елең, көңілді алаң еткен соң осы тақырыпта үн қосайын дедім. Картинаны салуға 1 ай уақыт кетті. Майлы бояумен, аралас техниканы қолдана отырып бейнеле­дім, – дейді  ол.

Симпозиумға Өзбекстан, Қырғызстан мемлекетімен қатар, есімі елге белгілі қылқалам шебер­лері мен жергілікті суретшілер қатысты. Олар қаланың көрікті және тарихи орындарын алып, қағаз бетінде өңірдің өңін аша түсті. Тақырып аясы бір болғанымен, әр суретшінің көңіл көкжиегіндегі, жүрек түкпіріндегі сезім қалтарысы бөлек екенін сездік. Барлық сурет сөйлеп тұр. Бірақ, әрқайсысының сыры мүлдем бөлек. 23 дарындының өнері өз алдына дара екенін түсінесің.

– Қызылорда қаласында халықаралық симпозиумға алғаш рет қатыстым. Осы орайда, ұйым­дастырушыларға алғыс айтамын. Екі туындыны алдын ала дайындап, қалған екеуін сол жерде салдық. «Қорқыт толғаулары» атты картинамды 1 ай көлемінде салып бітірдім. Баба­мыздың  тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыры мен сол аралықта шығарған күйлерін бейнеледім. Аңыз бен деректі негіз етіп, күйші­нің  тұтас  әлемін  қаламмен  тербедім.

Одан кейін еліміздің алғашқы астанасы болған «Ақмешіт бекінісі» картинасын салдым. Іздену  барысында түрлі дерек пен мәліметке қанық болдым. Архивтен алынған суреттерге де ерекше назар аудардым. Содан көкейге қон­ғанын  қағаз  бетіне  түсірдім.

Жалпы, картинаны қанша уақыт саласың деген­де, әрқайсысы әрқалай. Мәселен, симпо­зиум кезінде екі жұмысты бір аптаға жетпей салдым. Соның бірі – «Сыры ашылмаған сауыс­қандық». Сапар барысында көлік әрі қарай бара алмай, шет жағынан қайттық. Бірақ, кей суреттен тау басындағы арқарды көрдік. Сондықтан, соған жан бітіріп, бейнеледім. Негізінен тауда қаншама құпия жатыр, тау бәрін үнсіз көтеретіндей. Картинада да қалғанын  жұмбақ күйін­ше  қалдырдым.

Төртінші жұмысым ретінде «Сыр ана» монументальды ескерткішін салдым.  Бірақ, композициялық ойыма байланысты құбылтып, бояу­ларын өзгерттім. Сыр еліне қатысты барлық элементтер тыс қалмады. Бір ғана картинаға тарих­ты  таңбалауға тырыстым. Сондай-ақ, көбіне түйенің бейнесін кірістіремін. Сол арқылы қазақтың бар мұңы мен қуанышын көрсеткім келеді. Яғни, ол Сыр елінің өткені мен бүгінін байланыстыратын символ сияқты. Төзімділігі, ауыр  жүкті  еңсеретіні  қазақ  халқына  тән, – дейді Ұлмекен  Маутова.

Бір қызығы, қылқалам шебері өлкенің өзіндік ерекшелігі барын айтты. Егер нағыз суретшімін десең, Сыр елінің табиғатын бейнелеу керекті­гін жеткізді. Өйткені, оны бояумен келтіру  күрделі, асқан  шеберлікті  талап  етеді  екен.

МӘРТЕБЕ  һәм  ҚҰҚЫҚ: САЛЫ  СУҒА  КЕТКЕН  СУРЕТШІЛЕР

Дарын иелері даңғазалыққа бара қоймайды. Күйінсе де күнін көріп жүр. Бірақ, бұл – мәдение­тімізді мойындатуға үлкен кедергі. Оның бір себебі, қолы қысқа болғандықтан, шетел асып көрмеге де бара алмайды. Өз тап­қан табы­сы қашанғы тәжірибе алмасуға жетеді дейсіз? Қолдау мен қаржылық көмектің көңіл көншіте қоймайтынын айтқанда, суретшілердің мәртебесі мен құқығы да айтарлықтай деңгейде қорғалмаған. Яғни, «Мәдениет туралы заңда» бейнелеу өнері ұғымы жоқ және суретші кәсіби маман ретінде көрсетілмеген. Тіпті, бұл туралы сенатор Амангелді Толамисов елімізде кәсіби сурет­шілер заңды түрде мойындалмағаннан ке­йін көптеген мәселеге тап болатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, депутаттар 2022 жылы мәде­ниет туралы заңға «өнер», «суретші», «мүсінші», «қолданбалы өнер шебері», «қолөнерші» және т.б. ұғымдарды толықтыруға ұсынған. Алайда, мемлекеттік органдар бұл терминдер «шығармашылық қызметкер» және «шығармашылық қызмет» ұғымдарымен қамтылған деп есептегендіктен  түзетулер  қолдау  таппаған.

– Бізде кәсіби суретшілерді дайындайтын түрлі оқу орны бар, алайда олар кейіннен кәсіби мәртебеден айырылады. Нәтижесінде, біздің еліміздің кәсіби суретшілері жұмысқа орна­ласу кезінде заңды танылуда қиындықтарға тап болады. Олардың мемлекеттік қолдау бағ­дарламаларына қол жеткізу мүмкіндігі шектеу­лі. Суретшінің кәсіби мәртебесінің белгісіздігіне байланысты олардың қызметінен түскен табысқа салық салу реттелмеген, жеңілдік неме­се арнайы шарттары жоқ. Сондай-ақ, суретшілердің мемлекеттік бағдарламалар арқылы халықаралық жобаларға қатысуы реттелмеген, бұл осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан «суретші» мамандығының анықтамасы еліміздің құқықтық саласына қайта оралуы керек деп санаймыз, – деді  Амангелді  Толамисов.

Сондықтан сенатор суретші мамандығына ресми  мәртебе беру және «бейнелеу өнері» пәнін мектеп  бағдарламасына  қайтару үшін заңнама­ға  өзгерістер  енгізуді  ұсынды.

Шетелде халықтың әл-ауқаты мен сол мемлекеттің жағдайы суретшілердің жайына байланысты көрінеді. Яғни, картиналар аукцион­да қомақ­ты сомада сатылады. Ал, бізде қаржысы бар коллекционер ғана картинаны алуға  құлықты.

– 2000  жылдары Германия мен Израиль сынды  шетелдің коллекционерлері сатып алған туындым көп. Қызығушылық білдіріп, Алматы қаласындағы галереядан сатып алды. Мүмкін, ол уақытта жұмысымыздың құнын білмеген шығармыз. Бірақ, күнкөрісіміз соған қарап қалды. Әр облыс орталығындағы музей-­галереяда картиналарым бар. Қазір суретті шабыт  келгенде саламын. Сондықтан, әрқайсысын қызғыш­тай  қорып  қалғым  келеді.

Мамыр айында Қызылорда қаласында симпозиум өтті. Бұл ретте, ауқымды іс-шараға қолдау білдірген облыс әкімі мен ұйымдас­тыруға атсалыс­қан басқармаларға алғысымды білдіремін. Еліміздегі әр облыстың суретшілері қатысты. Сыр суретшілерінің өзіндік орны бар, стилі мен колориті бөлек. Суретшілерге қатыс­ты бір әттеген-ай бар. Ол – заңға енбей қалғанымыз. Сол жағынан қиындық туындайды. Үмітіміз  заңға  қосылсақ  дейміз. Соған қара­мас­тан, қол қусырып отырған суретшілер жоқ. Бәрі  тырмысып, шығармашылығын шарық­татудың  амалын  жасап  жүр.

Париждегі Лувр және Лондондағы бірнеше музейді аралап көргенмін. 1-2 күнде көріп тас­тау мүмкін емес. Олар көп бағытты көрді, жүздеген жылдар  бойы  қалыптасқан  өнер. Шетелдегі сурет салу өнеріне баға беруге құқым жоқ. Бірақ сол салада жүргеннен кейін талдау жасап, таразы­лайтынымыз анық. Сондықтан шетелдің түрлі бағытын дәріптеуге болмас. Оларды көру керек, бірақ бәрін санаға сіңірудің қажеті жоқ. Сүзгіден өткізу керек. Академиялық сурет салу өнерін дамыт­қан жөн. Жаңашылдық деп көрінгенді қалам­ға іліктіретіндер бар. Мұндайда «әсіре қызыл тез оңар» тәмсілін ұмытпаған абзал. Жаңа өнер өзі-ақ жарқырап тұрады. Сондықтан, үңілгенде үлгі алатын, адамзатты адамгершілікке бағыттайтын туындыны көбейту керек. Жастарға да айтарым – сол. Жаңалық ашам деп, сырттың шығармашылығына елітіп, атой салудан аулақ болыңдар, – дейді  КСРО,  Қазақстан  Суретші­лер одағының мүшесі, Қазақстан­ның мәдениет  қайрат­кері   Амангелді   Кененбаев.

Қылқалам шеберлерін қуаттайтын халықтың ықыласы мен өнерге қызығушылығы. Олар әр туындыны  тамашалауға  бейілді  екен.

– Шынын айту керек, суретшілерге мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді. Әншілердің гастролі мен фестивальдерге бөлініп тұрады ғой. Сондықтан, суретшілер – өз қаржысына тірлік етіп жүрген қауым. Жалпы, сурет өнерін өріс­тету үшін өнер студияларын көбірек ашса деймін. Сөйтіп жеткіншек пен жастарды бейнелеуге баулуға болады. Халықтың өнерге ықыласы өте жақсы. Суретшілер одағы көктем және күз айларында көрме ұйымдастырамыз. Келушілер саны көп, кейде ұнаған туындыны  сатып алып жатады, – дейді  кескіндемеші әрі мүсінші Б.Мұстафин.

Заңға қатысты ұсыныстар айтылғанымен, әлі де нәтиже жоқ. «Баяғы жартас, сол жартас» қалпында  болса, таланттар да  тасада қалуы мүмкін. Әйтпесе, ірі қалада базар маңында порт­рет  салып жүргендер өнерден шет емес, олардың да  кәсіби  қабілеті  бар.

КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ  КАРТИНАҒА КІРІС ӘКЕЛЕ МЕ?

Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамы­ту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі екенін айтып өтті. Сондай-ақ, тапқыр ой мен тың идея арқылы шығармашылық қуатты арттырып, ел экономикасына әсер етуді баяндады. Бұл ретте, креативті индустрияның мүмкіндігі  мол.

– Қазіргі заманда азаматтардың шығарма­шылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адам­дарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналды. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрия­ның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойын­датып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды  мәселе, – деді  Президент  Қ.Тоқаев.

Бірақ, суретшілер креативті индустрияның игілігін қаншалықты көреді? Негізінен, әр сала контентпен ғана шектелмей, оны сатуда белсенді болуы тиіс. Ол үшін білімін тереңдетіп, маркетингке машықтану қажеттігі айтпаса да түсінікті. Яғни, суретші картинасын көпке өтімді ету үшін, әлеуметтік желіде де, жалпылама да жарнамасын жасайды. Шығармашылығын көпке ұсынып, өнімін өткізуде және қоғамға таратуда тірлік етпесе, мына заманда еш сылтау қабылданбайтыны  белгілі.

Әрине, қазір тапсырыс қабылдап, табыс тауып жүрген жас суретшілер бар. Олар қоғамда беделге ие және өзіндік қолтаңбасын танытып үлгерген. Десек те, потенциалы жоғары болғаны­мен, қабілетін көрсете бермейтін дарын­дарды қайда қоямыз? Түптеп келгенде, креативті индустрияда кірістің үстіне күмп ете қалу мүмкін емес. Бәрібір жеке адам өзі үшін еңбектенеді, идеясын игілікке айналдыруда тер төгеді. Кейін жемісін жейді. Оның үстіне, елімізде қомақты көлемде картина сатып алуға сұраныс көп емес. Ал, мәртебесі мен құқығы әлі де қорғалмаған қылқылам  шеберлерінің  баста­ма­дан  қаншалық­ты  бағы  жанатыны  беймәлім.

ТҮЙІН. Өнер де – тірі организм. Әсіресе, сурет жанрының жанды бейне екеніне шүбә жоқ. Ендеше, қылқалам шеберлеріне құлақ қойып, өркендеу жолына шырақ жаққан дұрыс болар. Өнер адамды өлтірмеу үшін керек болса, оны жоқ қылуға қандай қақымыз бар? Әрбір картина  сана сәулесіне, жүрек түкпіріне әсер етеді. Ендеше, көңіл терезесін кірлетуге  асықпайықшы…

Замира  ҚОНЫСЖАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: