Бұл тақырыпта мақала жазу қажеттігі туындағанда дана халқымыздың «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл» деген тәмсілі ойға оралды. Осы кезде «білімге қаншалықты көңіл бөліп жүрміз?» деген сұрақ мен мұндалайды. Сайып келгенде, бір дүниенің өнімі мықты болу үшін оның маркетингі тиісті деңгейде мықты болуы тиіс. Ал біздегі білімнің маркетингі қай деңгейде? Осы сауал аясында шағын ізденіс жасап көрдік.
Қазіргі таңда маркетингтің күші әр салада айқын көрінуде. Нарықтағы көшбасшы компаниялар өз өнімдерін тиімді жарнамалап, тұтынушылардың назарын аударуда. Алайда, бұл жағдай білім саласына қатысты болмағандай көрінеді. Білімге деген қызығушылықты арттыру үшін де маркетингтің маңызы зор. Елімізде білім маркетингі – әлі де болса дамып келе жатқан сала. Білім беру ұйымдары арасында бәсекелестік күшейген сайын, олар өздерінің бағдарламалары мен оқу үдерісін, артықшылықтарын жарнамалау қажеттілігін сезіне бастайды.
Мысалы, Назарбаев Университеті және Қазақ-Британ Техникалық Университеті секілді беделді университеттер өздерінің жоғары сапалы білім бағдарламаларын халыққа кеңінен таныстыруда. Бұл жөнінен осы білім ошақтары маркетингті әлсіз жасайды дей алмаймыз. Яғни жастар арасында осы университетке түскісі келетіндер жағы аз емес. Ол дегеніміз бұл оқу орындары өзін жарнамалау жағын жақсы меңгерген. Бірақ елдің бәрі осы университеттерде оқиды деген сөз емес ғой, демек бізде әлде де білімге келгенде маркетинг кемшін. Аяқ алысы жиілеген саланың пайдасын білсеңіз, нағыз қажет дүние екенін түсінетініңіз анық.
Алдымен, білімге қолжетімділік артады. Маркетинг арқылы оқу орындары өздерінің бағдарламалары мен гранттарын көпшілікке таныстыруда. Бұл жастардың білім алуға деген қызығушылығын арттырады. Одан өзге сапалы білім үшін бәсекелестік те бір орында тұрмайды. Бәсекелестік артқан сайын, оқу орындары сапалы білім беруге талпынады. Бұл өз кезегінде жалпы білім сапасын көтереді.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, білім маркетингі дамыған елдерде кеңінен қолданылады. АҚШ, Ұлыбритания, Канада сияқты елдерде университеттер өздерінің бағдарламаларын жарнамалау үшін орасан зор қаражат жұмсайды. Оның пайдасын да көріп отыр. Мәселен, халықаралық танымалдылық. Білім маркетингі арқылы университеттер халықаралық деңгейде танылып, шетелдік студенттерді тартуға мүмкіндік алады. Мұнан өзге ол университеттердің инновациясы мен технологиясы да өзгеше қарқынмен артады. Маркетингтік кампаниялар инновациялық әдістер мен технологияларды қолдануды талап етеді. Бұл оқу процесінің сапасын арттырады.
Енді сандарды сөйлетсек. 2023 жылы Қазақстанда жоғары оқу орнына қабылданған студенттердің саны 2022 жылға қарағанда 30%-ға жуық өсті. Бұл білім маркетингінің дұрыс ұйымдастырылуының нәтижесі деп айтуға болады. Осы тұста жарнаманың рөлі, оған жұмсалған шығын көлемі маңызды екенін ескеру керек.
Ал 2022 жылы АҚШ университеттері маркетингке 1,2 миллиард доллар жұмсады. Бұл олардың халықаралық деңгейде танылуына үлкен септігін тигізді. АҚШ-тың білім жөніндегі порталдары осылай дейді. Ал 2021 жылы Ұлыбританияда жоғары білім алу үшін келген шетелдік студенттердің саны 10%-ға артты. Бұл да – тиімді маркетингтің нәтижесі.
Білім маркетингі – бұл қазіргі заманда білім саласындағы маңызды құрал. Ол білім беру ұйымдарының өз бағдарламаларын кеңінен таныстырып, сапалы білім беруіне мүмкіндік береді. Дегенмен, оның да белгілі бір зияны бар екенін ұмытпауымыз қажет. Қазақстанда білім маркетингі дамып келе жатқанымен, бұл бағытта әлі де көп жұмыс атқару керек. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, біз өз елімізде де білімге деген қызығушылықты арттырып, сапалы білім беруді қамтамасыз етуіміз қажет.
Осы тұста математика пәнінің мұғалімі Азамат Кеңестің тақырыпқа орайлас ойын білдік.
– Расында қазір маркетингі мықтының заманы болды. Алға басып озу үшін, қоғамға пайдалы дүние бере алатыныңды дәлелдеу үшін маркетинг мықты болуы тиіс. Өкініштісі сол, біздің елімізде білімнен гөрі басқа салалардың маркетингі басым. Сондықтан, жастардың білімге арналған кеңістігі әлі бос немесе толық емес. Оның орнын қызықсыз контенттер мен қажетсіз маркетингтер басып кетпей тұрып, әрекет болуы керек.
Мәселен, шет мемлекеттерде білімге инвестиция да, жарнамаға қаражат та айтарлықтай жұмсалады. Сол үшін оларда білім-ғылым дамып жатыр. Адамдардың қызығушылығын білімге бағыттау үшін бұл сала да қазір маркетингке тәуелді. Содан барып, «білім қауызы» ашылады деуге болады.
Қарап тұрсаңыз, курстардың, тіл үйренудің, білім дағдыларын игерудің құны 2 күндік тамақтану құнымен бірдей. Адамдар сол тамақтардың маркетингіне қызыққаннан оны тұтынуға уақыт табады, ақшасын жұмсайды. Тағы айтамын, білімге келгенде бос кеуде өз қуысын түкке қажетсіз дүниелермен толтыруы мүмкін. Сол үшін білім саласындағы жарнама ісін арттыру керек деген пікірді жиі айтамын, – деді Азамат Мақсатұлы.
Е.ҚАЛИЕВ,
Инфографиканы жасаған автор.
Коллажды жасаған жасанды интеллект.
P.S. Жуырда басылымға өндірістік практикадан өтуге бірнеше машықтанушы келді. Барлығы Apple компаниясының соңғы маркалы ұялы телефонын ұстайды екен. Соны байқаған газет дизайнері: «Қазіргі жастардың барлығында «айфон», біздің кезде ондайға қызығу жоқ, білімге көңіл бөліп, сонымен ғана бас қатып жүруші едік, қазірде осындай дүниелердің жарнамасы жақсы болған соң, барлығы қымбат болса да алып, пайдаланады» деп қалды. Мақалаға арқау болатын тұздық екенін бірден түсіндім.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!