Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тауларды аласартпайық

20.06.2024, 10:20 196

Бірінші көрініс. Қаланың орталық көшесі. Халықты ақпараттандыруға негізделген жарнама тақтасы. Бетінде сұраулы жүздегі сәбидің суреті. Астында үлкен әріппен «Әке, алимент төлеші!» деген жазу. Жүрексізге әсер ете қоймас. Ал, «жүрегі барлардың» кеуде тұсын шымырлататын жарнама. Жарнама емес-ау, құлақтандыру. Сол құлақтандыру құлақты тұндырып тұр.

Екінші көрініс. Автобус іші. Әңгімелескен екеудің бірі: «Қазіргі еркектер ез болып кеткен». Екіншісі оны қостап: «Бала тудырудан басқа қолынан түк келмейді. Әлсіз еркек қана әйелге қол көтереді».

Үшінші көрініс. Есік ал­дында ойнап жүрген бір баладан екіншісі сұрауда: «Сенің әкең қайда?». «Әкем өткенде анамды сабаған. Сосын оны полицейлер әкетті».

Өмір болғасын бәрі болады. Қалыпты жағдай. Көп жұрттың үш көріністі қабылдауы осыған саяды. Өйткені, күнделікті тіршіліктегі болып жатқан жағдаяттарға көз үйреніп, ет өліп кеткен. Өлген етте жан болушы ма еді?! Жаны болса жеті атасы­нан кеңістігіне жат дүниені қабылдай  алмас  еді.

Жалпы, осы көріністер­дің жағдайынан нені аңғардыңыз? Біз неден қағылдық? Неден жаңылдық? Әкені қор етер қоғамды қайдан түздік? Баба жұрт «Алты аға бірігіп әке болмас» деген ұлық сөзді айтып еді. «Әкең біледі», «әкең шешеді», «әкеңнен сұран» деген қоғамнан шығып, «аналаған», ананы паналаған қоғамға қайдан тап келдік?! Бұл сөзіміздің қуаты, көп шаңырақта әкені шеше алмастырып жүр. Себе­бі, 1 миллионға жуық бала асқар таусыз күнелтуде. Денінің әкесін Құдай алған жоқ, заң  алды, адам  алды.

Қазақтың тәу етері  де, тау  етері де – әкесі-тін.  «Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Осы ұлағатқа мән бердік пе? Бұлаққа да, құраққа да пана тау емес пе? Кейде ойлай­сың, бар жақсыны ана­ға теліген қоғам түзіп, әке беделін төмендет­педік пе? Бәлки, ана тілі емес, ата тілі дегеніміз жөн шығар? Отан-ана емес, Отан-ата болуы керек пе? Құлаққа түрпідей естілді ме? Дейтұр­ғанмен, қазақ ана жолымен емес, әке жолы­мен тарайды. Отан-ана, ана  тілі  сөзін әкелер жасақ­тады, оны анық білеміз. Қазақ тари­хында әйелдер ерлермен иін тіресіп ұлт тағдырын жасағанмен ерлерін алға оздырып, екіншілікті місе тұтты. Осылайша, өз беде­лін де, әке (еркек) беделін де асқақтатты. Ал қазір ше? Қазір қорлықшыл да, зорлықшыл да, азғын да, озбыр да  әке  болып  шыға  келді.

Жалпы, гендерлік теңдік деп жүріп, тең дүниені теңсіздікке жеткізбедік пе? Қазақта әу бастан ер мен әйел тең еді ғой. Мысалы, ХV ғасырда күллі Еуропа­дағы әйел біткен кітап шығармақ түгілі есімін жаза алмай жүрді. Ал, сол уақытта дана  қазақтың  ханымы, Қасым  ханның  жары Айша-бегім кітап жазған. Қасым хан жарын тең көрмесе кітап жаздырар ма еді? Тари­хында Франция бір ғана Жанна д’Аркін, Англия Маргарет Тэтчерін, Германия Беттина фон Арнимін алға оздыра­ды. Өйткені, бұл елдің тарихында әйелдердің рөлі аз еді. Ал, қазақ тари­хы ше? Әйел тұлғаға толы. Мәселен, Тұмар-ханым, Ұмай-ана, Айша-бегім, Домалақ-ана, Жылауық-ана, Гаухар-батыр, Бопай ханым, бетперделі «Көктемір батыр» атанған Сапура Мәтенқызы, т.б. Бұл тізімді тоқтатпай әкете беруге болады. Қазақ аруларының ішіндегі ең-ең деген тұлғаларын тізіп отыр­мыз. Егер біздің танымда, біздің кеңістікте әйел ерден төмен болса, осынша құрметке  ие  болмас  еді  ғой!

Құнанбай мен Абай дау­ласып қалыпты. Сонда Ибрагимнің әкесі: «Сен мықты болсаң өзіңдей ұл таптыр» депті. Әке беделін көтеретін, құрметін асқақтататын мысал бұл. Баланың дүниеге келуіне ана қандай тер төксе, әкенің де рөлі сондай болмағын естен шығармаған жөн. Тауларды аласартқаннан бұлақ пен құрақтың айы оңынан тумайды. Тек аспаннан нұр себе­лер бұлттар далаға ығады, бұлақ суы сарқылады, құрақ қолайсыз өседі. Сондықтан, тауларды аласартпайық  бекерге!

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: