Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аристон ақиқаты немесе ыстық суға қатысты ымыра

13.06.2024, 10:40 216

Қызылорданың республикада ыстық суы жоқ жалғыз облыс орталығы екені жиі айтылды. Бірақ, бұған дейін де мәселенің мәнісін шешуге кірісу болғанымен, кейінге ысырыла берді. Сұлу Сыр  мекені суға келгенде сыр бергені көпке аян. Содан болар, құрғақ  қасықпен  ауыз  жыртпауға  бекінген жұртшылық жапа-тармағай аристон орнатты. Енді ғана түйткілдің түйіні тарқаған тәрізді. Көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету қолға алыныпты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің  баспасөз   алаңында   білдік.

– Мемлекет  басшысының  қол­дауы­мен алдағы екі жыл ішінде кезең-кезеңі­мен тұрғын үйлерге ыстық су берілетін болады. Қызылорда қаласындағы 781 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оның ішінде 174 үйді ыстық суға қосуға мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, қаржыны қажет ететін қаладағы 424 көпқабатты тұрғын үйді ыстық су жүйесіне қосу үшін демеушілік есебінен құны 26,2 млрд теңгені құрайтын 32 жоба әзірленді. Бұл жұмыстар екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезеңде 2024 жылы 187 үй, екінші кезеңде 2025 жылы 237 үй. Ал, биыл Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлініп, 187 үйді орталықтандырылған ыстық сумен қамту үшін мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланып, жеңімпаз мердігер мекемесі анықталды, – деді Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебай.

Іс ілгері басу үшін тиянақты әрекет ету керек. Қазіргі таңда тапсырыс беруші мен мердігер мекемелер арасында келісімшарт жасалуда. Жұмыс­ты жүйелеу мақсатында арнайы топ құрылып, алгоритм бекітілген. Соның негізінде ыстық суға қосу жөнінде тұр­ғындарға  түсіндірме жүргізілуде.

Расымен де, су қайнатып, сарсаң­ға түскен көпшіліктің күйі жайлы болма­ғаны анық. Амалын тауып орнат­қан аристонның тиімсіз тұсы тағы бар. Жарық өшсе жылытқыш жым болып, істемей қалады. Сосын, жарықтың жануы­мен бірге судың ысуын қоса күте­ді. Ал, коммуналдық төлемнің еселе­нетінін есепке жүйрік емес те біледі. Демек, қымбатшылық қыспаққа алған кезеңде қалтаға – салмақ, жүйкеге – жүк. Ал ыстық су жүйе­сіне қосылу жағдайды реттеп, тұрмысты  түзетпек.

– Мемлекет басшысы өткен жылы өңірімізге жасаған жұмыс сапары бары­сында  Қызылорда  халқын  ыстық сумен қамту мәселесін дер кезінде шешуді тапсырған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің тапсырмасы негізінде тиісті жұмыстар қолға алынды. Бүгінге дейін Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлер электр сужылытқыш немесе газбен жылытатын құрылғылар арқылы ыстық сумен қамтамасыз етілген еді. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде әр үйде кем дегенде 50 литрлік аристон бар. Ол құрылғы суды ысыту үшін 3 киловатт электр энергиясын қажет етеді. Оған кететін шығын 1700 теңге мен 2000 теңгенің аралығын құрайды. Біз осы орайда аристон пайдаланатын үй мен ыстық су жүйесіне қосылған үйді салыс­тырдық. Нәтижесінде, ыстық сумен қамтылған үйдің шығыны 5 есеге арзан болатынын анықтадық. Жалпы, бүгінде қалада орталықтандырылған жылу  жүйесіне қосылған 804 тұрғын үй бар. Осы тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту үшін биылдан бастап құрылыс монтаждау жұмыс­тары бас­талуда. Осы жоба бойынша биыл қала­мыздағы «Шұғыла», «Сырдария», «Сол жағалау» шағын аудан­дары, Тәуелсіздік, Бейбарыс көшелерін­дегі көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су жүйесі жүргізіледі, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық  басқармасының  басшысы  Медет  Усаин.

Иә, орталықтандырылған ыстық сумен қамтудың артықшылығы көп. Мәселен, электр энергиясына кете­тін шығын 3 есеге азаймақ. Сондай-­ақ, құрылғының да істен шығуы бір-ақ сәт. Тозбастан, үздіксіз жұмыс істейтініне кепілдік жоқ. Сондықтан, белгілі  мерзімде аристонның жаңасын сатып алуға тура келеді. Мұндай шикілік те шығынға батырады. Демек, ыстық сумен қамтудың басты артықшылығының мәні де осында. Электр қуатының жүктемесі төмендеп, артық шығын азайып, таза өжіре мен инженерлік желілер жаңаланады.

Көп жылғы қалау орындалса, көп­шілік те қамсыз отыратын еді. Ыстық сумен қамту мүмкіндігі туғанда тұрғын да ынталы болса игі. Келісіп пішкен тонның келте болмайтыны секілді, шешіммен қабылданған жобадан шашау  шықпайды  деп  сенеміз.

З.ҚОНЫСЖАН

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: