Менің бір көршім бар сұраншақ, «апам айтады берсін дейді» деп, біздің үйден сұрамайтыны жоқ. Оның апасының айтқаны орынды, бермесең тағы болмайды. Қалай бермейсің, көрші ғой. Қазірде көршіден артық туыс жоқ.
Жақында ауданға жаңа әкім келді. Отыз жыл орнында отырып қалған Талтаңбай әкім ақыры кетті. Кетерінде креслосымен жылап қоштасты.
Бір күні үйге әлгі көрші үйдің қызы жүгіріп келді.
– Әкім айтады, бүй дейді, бір кесе қант берсін дейді, – деп қарап тұр.
– Ойбай-ау, апаң айтады емес пе? Әкімің не айтып тұрған? – дедім таңырқап.
– Жоқ, қазір ауданның бәрі солай дейді, – деп, дік-дік етіп қояр емес.
Әйелім, әншейінде «жоқ» дейтін еді, әкім айтып жатыр дегесін, бір кесе емес, бес кесе қантты бірден бере салды. Үйдің арғы бетінде Қамысгүл деген кәсіпкер әйелдің екі жоғары оқу бітірген тәмпіш қызы бар еді. Оны да құдалар «әкім айтып жатыр» деп, алып кетіпті. Қамысгүл оқымысты қызын былтыр Астанадан бір байдың баласы құда түсіп келгенде бермеп еді. Қазір жақсы болды, «әкім айтып жатыр» деп, ала бересің, бере бересің…
Көшеде келе жатыр едім, алдымнан мекемеде бірге істейтін Піштубай қарсы шықты.
– Бес мың теңге барма?
– Қарызға ма?
– Жоқ!
– Енді?
– Сол, бес мың теңге беріңіз, әкім айтып жатыр, – деді.
Қалай бермейсің? Әмиянымнан суырып бердім. Әсемханның тоғыз жастағы баласы шешесімен ерегісіп, сөзге келер емес.
– Бүгін мектепке бармаймын.
– Барасың, кеше де қалып қойдың, – дейді анасы
– Жоқ, бармаймын, әкім айтып жатыр, – деп қояды ол да аузы бұртиып.
Үлкендерден үйренген ғой. «Әкім айтып жатыр» деген бұл ауданға хит болды. Бірін-бірі осы сөзбен алдап жүр.
Кешкілік шай ішіп отырсам, құрдасым келіп тұр.
– Бірдеңе десем ренжімейсің бе?
– Иә, айта бер.
– Әйеліңді бере тұршы.
– Сен, басыңды бағанаға соғып алдың ба?
– Жоқ.
– Онда не айтып тұрсың?
– Әкім айтып жатыр.
– Әй, сендер немене, әкім айтып жатыр деп, енді біреудің жеке әйеліне қол сұқтыңдар ма? Шық үйден, – деп желкелеп қуып шықтым.
Уф, шаршап кеттім. «Әкім айтып жатыр» деп, мына жұрт бір-бірінің басын қатырды. Түнімен жынданып жата алмадым. Таңертең әйелім оятады.
– Не болды?
– Курортқа барайын деп едім.
– Иә, кім айтты?
– Әкім айтты.
– Әкім айта береді, бармайсың, – дедім.
Мынау сұмдық қой, «әкім айтып жатыр» деп, біреудің сыртынан сөйлейді. Тап осылай деп, аудан әкімінің айтуы мүмкін емес. Өтірік. Ешқашан айтпайды. Әлде, бұл ауданның тұрғындарына бірдеңе болған ба? Қазір ауданға жаңа әкім келгелі «әкім айтып жатыр» деп, бірін-бірі әкіммен қорқытатын болыпты. Әсіресе төменгі қызметтегі адамдарға қиын болды. Жоғарыдан осылай сөйлейді. Ал, тыңдамай гөр… Маған да бір ой келе қалды. Қарызбек деген құрдасым бар еді. Былтыр отыз мың теңгемді алып, бермей жүр еді, соған телефон соқтым.
– Қарызбек, амансың ба?
– Кім бұл?
– Мен ғой, Шүлдірбек. Айтпақшы қарызымды қашан бересің? Тез берсін деп жатыр, – дедім
– Берем ғой. Кім айтып жатыр?
– Әкім айтып жатыр.
– Қашан? Қазір жеткіземін, -деп, сол бойда үйге ақшамды әкеліп берді.
Бір жағынан бұл әдіс жақсы екен. Болашақта біраз шаруамды тындыратын болдым. Қарызым қайтарылып қуанып тұр едім. Ұялы телефоным шыр етті. Жүрегім дір етті.
– Әлеу, Шүлдірбек Шідербекұлы, бұл сен ба?
– Иә, иә тыңдап тұрмын.
– Бұл басқармадан ғой, әкім айтып жатыр.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!