Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарихты зерттеу арқылы өткенімізді екшей аламыз

06.06.2024, 11:00 164

ТАРИХТЫ  ЗЕРТТЕУ  АРҚЫЛЫ  ӨТКЕНІМІЗДІ  ЕКШЕЙ  АЛАМЫЗ

«Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек». Бұл – Мемлекет басшысының Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан сөзінен үзінді.

Өзгелер осы пікірмен астастырып, «қазір біз той тойлайтын емес, ой ойлайтын шаққа келдік» деп ел мойнындағы міндетті күш салып қолға алуға шақыруда. Осы жүйелі жұмыс шеңберінде атқарылуы тиіс дүние­лерді түгендесек, күн тұрмақ, ай жетпеуі мүмкін. Ел Президенті осы жайында ілкімді істің бастауын тарихи мұрамызды зерттеуден бастау керектігін баса айтты. Ол өз сөзінде: «Биыл Жошы ұлысының негізі қаланға­нына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады» деп  атап  өтті.

Тарихымыз да, дініміз де, дәстүріміз де – біздің қағидамызға қағылған мәдениеттің ең негізгі бөлігі. Осы арқылы кешегіміздің кемел болғанын ұғынып, ертеңіміздің берекелі болуына нық сеніммен қадам жасаймыз. Ол үшін әр қазақстандықтың жадында туған елдің тілі мен дінін, ділін үйренуге  талпыныс  пен  ыждағат  жоғары  болуы  тиіс.

Қазірде көбіміз астарына үңіле бермейтін тарих тақырыбы әлі де тіні ақтарылмаған кен орны секілді. Көмбені қаза берсең, астынан өткені­мізді танып-білетін дүниелер шыға береді. Ендігі әрекет осы болуы тиіс.

Осы тақырыпқа байланысты мәдениет және білім саласында қызмет етіп жүрген тәжірибелі басшыларды сөзге тартып, ұсынысын тыңдап көрдік.

ТАРИХИ  МҰРАМЫЗДЫ  ӘЛЕМДІК  ДӘРЕЖЕГЕ  КӨТЕРУ  КЕРЕК

Бүгінгі Қазақстан XIII-XV ғасырлардағы Орталық Еуразияның ірі көпұлтты мемлекеті – Алтын Орданың ұлы дала көшпелі өркениеті­нің тікелей мұрагері болып отыр. Үшінші Ұлттық құрылтай кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек» деп айтқаны, қазақстандық қоғам алдына үлкен міндеттер жүктеп отырғаны белгілі. Осы арқылы ел президенті Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толуына орай қазақстандық зиялы қауымды осы тарихи артық­шылықты барынша нығайту үшін ба­йыпты зерттеу жұмыстарын бастауға шақырды. Өздеріңіз білетіндей, алдымен Жошы ұлысы Шыңғыс хан империясының құрамына кірді. 1224 жылы бүгінгі Қазақстан аумағында Жошы ханның билігі басталды. Жошының ұрпақтары алты ғасыр бойы – 1224 жылдан 1860 жылға дейін билік жүргізді. Ұлыс қазіргі Жетісу облысының шығыс шекарасынан Каспий теңізіне дейін, содан кейін Қазақстанның қазіргі аумағының едәуір бөлігін қамтитын Еділ сағаларына дейін созылды. Көптеген жошидтер біздің тарихымызда  маңызды рөл атқарғанын атап өткім келеді, олардың арасында Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейхан, Санжар Асфендияров, Ермұхан Бекмаханов  және  басқалар  бар.

Жошы ұлысы XVI ғасырдың басында өмір сүруін тоқтатқанымен, әлемде өзін оның ізбасарлары деп санайтын бірқатар этнос бар. Бірақ олардың ішінде бүгінде тек қазақ халқының өз мемлекеті бар. Халықаралық аренада Алтын Орда брендін кеңінен қолдану үшін біз бірқатар іс-шара қабылдауымыз керек. Атап айтқанда, мен Алтын Орда дәуірімен байланысты тарихи және мәдени ескерткіштердің бейнелерін кеңінен қолдануды қарастыруды ұсынамын. Мысалы, оларды ақша банкноталарының жаңа серияларын жобалаудың негізгі сюжеттеріне енгізуге болады. Мемлекеттік рәміздердің дизай­нын жасау кезінде осы элементтерді қолданудың мағынасы бар. Ғалым ретінде мен Президенттің Қазақстанның жаңа академиялық тарихын жазу жөніндегі бастамасын ерекше қолдаймын. Құрылған Жошы ұлысын зерттеу институтына үлкен үміт артылды. Елімізде Алтын Орда мұрасының тарихи, әдеби, эпиграфиялық және басқа да түрлерін зерттеуге арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландырудың арнайы конкурс­тарын  жариялау  орынды  болар  еді.

Бұл тарихи мұраны терең және жан-жақты зерттеуге үлкен серпін береді. Алтын Орда брендін қабылдау Қазақстанмен тығыз байланысты болуы үшін халықаралық туризмді дамыту­дың жаңа бағыттарын қалыптастыруды, сол дәуірдің ең танымал тарихи объектілері бойынша жаңа маршруттар құрумен айналысуды ұсынамын. Атап айтқанда, халықаралық туристік қызметтер нарығында Қазақстанның танылу деңгейін арттыру үшін Ұлыс – Жошы хан кесенесі (Ұлытау облысы), Сығанақ орта­ғасырлық қалашығы – ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қыпшақ хандығының астанасы (Қызылорда облысы) және XIII-XVI ғасырлардағы Сарайшық ортағасырлық қаласы (Атырау облысы) кіретін маршруттарды ұйымдастыруды қолға алу  керек  деп  есептеймін.

Мұндай іс-шара еліміздің туристік саласын дамытуға  қуатты  серпін берер еді. Бұл ауылдық жерлерде жаңа  жұмыс орындарының ашылуына,  бюджетке  инвестициялар мен кірістердің түсуін қамтамасыз етуге, кіру және ішкі туризм ағындарының ұлғаюына әкеледі. 2026 жылы Сығанақта Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысын өткізу туралы ұсынысты қарастырған жөн. Мұнда Ақ Орда (XIV–XV ғасырлар) және Қазақ хандығының орталығы (XVI–XVII ғасыр­лар) болды. Бұл – Қазақстан тарихы қалып­тасқан  қасиетті  орын.

Бейбіткүл  КӘРІМОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректор,

филология  ғылымдарының  кандидаты

МӘДЕНИЕТ  САЛАСЫН  ЖАҢҒЫРТУ  ҰЛТТЫҚ  ӨРНЕКТІ  АЙШЫҚТАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде бірқатар маңызды тақырыпты көтерді. Ол өз сөзінде Қазақстандағы саяси жүйенің жаңаруына, әкімшілік-ау­мақтық қайта құрудың маңыздылығына және халықтың бірлігін нығайтуға баса назар аударды. Оның айтуынша, референдум арқылы Конституцияға енгізілген өзгеріс­тер жаңа саяси кезеңнің бастауын білдіреді және бұл өзгерістер мемлекеттің басқару жүйесінде түбегейлі жаңарады деп көрсетті.

– Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз  керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды, – деді Президент.

Бұдан басқа, мемлекет басшысы жаңа Қазақстанды қалыптастыру үдерісінде халықтың белсенді қатысуының маңыздылығын айтты. Ол әкімшілік-аумақтық қайта құрудың қажеттілігін айта келе, жаңа экономикалық және әлеуметтік мәселелер­ді шешу жолдарын қарастыруды ұсынды. Осы орайда, мәдениет саласы мамандары Президенттің жаңа саясаттарын қолдай отырып, өз үлестерін қосуға дайын болуы тиіс. Бұл жаңа кезең мәдениет саласында да жаңа мүмкіндіктер ашады, мәдени мұра мен өнерді жаңғыртуға және халықтың рухани дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.

Ел президенті мұнымен қоймай, мәде­ни-гуманитарлық саланың және идеоло­гияның жаңа бағдарларын айқындау маңыз­ды екенін атап өтті. Ол мәдениеттің ұлттық бірегейлікті нығайтуға және елдің қарқынды дамуына үлес қосатынын түсіндірді. Әсіресе, Қазақстанның мәдени мұрасы мен жаңа ғасырдағы жаңғыруына баса көңіл бөлінуі тиіс екені айтылды. Әрі тіл мен кітап  мәселесін  қадап  айтты.

– Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітапты шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында, – деп  атап  өтті  Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент жаңа мәде­ни бағдарламаларды іске асыру үшін жұртшылық­тың пікірін тыңдауға және бұл бағыттағы жаңашыл бастамаларды қолдауға шақырды. Мәдениет саласындағы осындай жаңғыртулар халықтың рухани дамуына, сондай-ақ елдің тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл Қазақстанымыздың болашағын бағдарлап ғана қоймай, ел мере­йін үстемдетіп, әлеуетімізді арттырады.

Талғат  МАҚАШОВ,

Қызылорда  облыстық  филармония  директоры

Пікір жинаған  Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Инфографиканы  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: