Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

30.05.2024, 9:20 200

Шамшырақ  және  Темірқазық

Кемелерге бағыт беретін, төңірегіне жарық беретін шамшырақ (маяк) пен қараңғы түнде адасқан кісіге жол сілтейтін Темірқазық жұлдызының пайдасы ұшан-теңіз. Дәл сондай қасиетке ие адамдар да болады. Бірақ, өте аз.

Иттің  де  түр-түрі  бар

Иттің де түр-түрі бар. Пілге үретін кандендер болады. Сүйек тістеп көрмедім, жегенім жал мен жая дейтін қаншықтар болады. Абаданды қорқыттым дейтін күшіктер де болады. Арыстанмен арпалыстым дейтін төбеттер болады.

Алайда, түлкі алатын тазылар, қасқыр алатын бөрібасарлар бар екенін ұмытпайық.

Бар  екен

Қой терісін жамылған қасқыр дейді. Көрген соң айтқан шығар. Қасқыр терісін жамылған қоянды, арыстан терісін жамылған маймылды көргендер бар ма? Бар екен! Тек зообақта емес, арамызда жүр екен.

Бажамды  қимаймын

Көрші елдермен жасалған пайдасы жоқ әскери және экономикалық одақтан шыға алмай жүргенімізді көргенде қазақтың «ажырасып кетейін десем бажамды қимаймын» деген сөзі есіме түседі.

Дұшпаны  көп

Түріктің де Оспаны бар. Қазақтың да Оспаны бар. Екеуінің де ел намысын қорғауда, ел бірлігін нығайтуда қосқаны көп. Сондықтан да түріктің де, қазақтың да дұшпаны көп.

Кемел  болу  үшін

Ұл-қыздарымыздың білімі терең, үйренгені өнер, қолы шебер болса, арасынан суырылып шыққан азаматтар кемел болады. Мұның бірі де болмаса, деңгейі өзгелерден төмен болады.

Қолдаушылар  болады

Аспанға да қоя алмайсың баспалдақ, теңізге де қоя алмайсың баспалдақ. Бірақ, соны қоям деген жан болса, қолдайтындар табылады қос қолдап. Кейбір ессіз ұсыныстар соны есіме салады. Біреулердің қияли ойларын да қолдаушылар болады.

Тозақ  пен  жұмақ  қақпасы

Молдалар тозақта жеті қақпа, жұмақта сегіз қақпа бар дейді. Бұдан шығатын қорытынды обалдан сауап көп, жамандықтан жақсылық көп дегенге саяды. Алайда, қақпадан кіргеннің өзінде алаң ба, сарай ма, солардың көлемі қанша екенін ешкім білмейді. Мүмкін тозақтың көлемі үлкен шығар. Яғни, қақпаға қарап үлкен немесе кіші деп бағалауға болмайды.

Қашан  білер  екен?!

Некрасовтың «Ақын болу шарт емес, азамат болу – міндетің» деген қанатты сөзін қайталайтындар Сұлтанмахмұттың «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деген сөзі одан әлдеқайда маңызды екенін біле ме екен?!

Таңғаламын

Әдебиетшілерге таңғаламын. Өзгелерді мақтағанда алдына жан салмайды. Қазақтарды аузына да алмайды. Эзоптың тілі дейді. Мюнгаузеннің өтірігі дейді. Грек пен немісті, ағылшынды айтқанда неге қазақты ұмытып кетеміз? Өзіміздің Алдаркөсе мен Қожанасыр, Тазша бар емес пе?! Диогеннің бөшкесінен Жиреншенің «Айхай, өз үйім!» дегені артық емес пе? Шекспирдің Отеллосынан көрі Бекежан ақылды емес пе?

Қандай  жетікпіз?!

Қалпақты шляпа, шүберекті тряпка дейтіндер көбейіп кетіпті. «Пожалуйста» мен «Спасибоны» да солардың аузынан жиі еститін болдық. Апыр-ай, орыс тіліне қандай  жетікпіз?! Солар  колпактың  қалпақ,  чебурекидің шүберек  деген  сөзден  шыққанын білмейді.

Жазулар  болса…

Қаладағы үйлердің қақпасының сыртына «Абайлаңдар! Қабаған ит!» деп жазып қоятын дағды бар еді. Мәртебелі мекемелердегі кейбір шенеуніктердің есігінің сыртына да олардың қандай екенін бір ауыз сөзбен білдіретін жазу жазып  қойса, жақсы  болар  еді.

Өзгерістер

Ата Заң қанша рет өзгергенін санаған кісі бар ма? Әнұран да өзгергенін білеміз. Астананың атауы неше мәрте өзгергенін көзіміз көрді. Енді елді өзгертпей, елтаңбаны өзгертемін дегендерге не жорық? Біздің елде өзгерістен өзге істер болмай тұр.

Адамзат  үшін  не  қымбат?!

Қоғамда адал өмір сүріп, ағайынға, достарың мен замандастарыңа сыйлы бола білсең, ол да – бір байлық. Алла берген табиғи дарыныңды аша білсең, қабілет-қарымыңды елдің игілігіне жаратып, білім мен ғылым жолында қажырлы еңбек етіп, халыққа пайдаң тисе, мерейіңнің өскені, арманыңа жеткенің ғой. Өмір осы жағынан алғанда құнды деп ойлаймын. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп Абай айтқан. Ұлы ақын қандай іске де бар ниетіңмен кірісіп, нәтижеге жету үшін күш-жігеріңді жұмсауың қажет екенін айтып тұр. Азамат үшін туған жері, Отаны қымбат. Ана тілі бағалы. Адамзат үшін осы қасиеттер қашанда бірінші орында тұрмақ.

Қарыз  бен  парыз

Алла алдында қарызымыз бен парызымыз бар. Тоқсан би: «Жылға парыз – он екі айда келген құрбан, Айға парыз – отыз күн ораза, Күнге парыз – бес уақыт намаз, Ханға парыз – халқын әділдікпен бағу, Қарашаға парыз – ханның әділдігін білу» деген екен. Бес парызды жұртқа көз қылу үшін емес, Алланың ырзалығы үшін, өзің үшін жасайсың. Жердің көркі – адамзат, адам көркі – ақиқат, өмір көркі – қанағат, діннің көркі – шариғат, имам көркі – салауат, мешіт көркі – жамағат.

Дипломның  түсі  көк  болуы  керек

Оқуды үздік бітіргендерге Совет Одағы тұсында қызыл диплом тапсырылатын болса, сол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Сәкен Сейфулиннің коммунистік сәлеммен Сталинге жазған хатына қарағанда, пойызбен Орынборға қайтып келе жатқанда алашордашы Елдес Омарұлы Сәкенге: «Бұрын Алашорда едік, енді Қызылорда болдық. Қазақ үшін қызыл, жасыл, ақ түстің айырмасы жоқ. Ең бастысы, Орданың бауыры бүтін болғаны» деген екен.

Қызыл диплом – кешегі қызыл тумен түстес, Совет империясының символы. Қызыл аққан қанның түсі ретінде кешегі ашаршылық пен қанды қырғынды еске салады. Тәуелсіз қазақ елі бүгін көк туын желбіретіп отырғанда неге оның түсін көк қылмасқа?! Дипломның қызыл немесе көк болуы көп кісіге онша маңызды да емес деген пікірлер бар. Алайда, қолына диплом алған жас маманның көкірегіндегі елі үшін мақтаныш сезімі мемлекеттік ту көтерген секілді патриоттық биікте болғаны орынды емес пе?

Көк – қазақ ұғымында қастерлі түс. Аспан да көк, жаңа шыққан шалғын да көк. Осы туралы да Парламент депутаттары мен министрлік шенеуніктеріне құлаққағыс қылғымыз келеді.

Қашан  құтылар  екен?

«Қытайға барсаң – қыл бұрау, орысқа барсаң – кең тұсау» деген қазақ мәтелі бар. «Алқыны күшті асаулар ноқтаға басы кірілді»  деді Абай. «Қол-аяғым бұғауда»  деді Жиембет. Сәбит Мұқанов: «Нәлет қамыт мойнына мықтап ілген» деді. «Қызыл тіл қолым емес кісендеулі»  деді  Мағжан.

Бұғау мен тұсаудан, қамыт пен кісеннен қазақ қашан құтылар екен?

Баяғы   жартас  –  сол   жартас

Қостанай өңірінде қазақ тілінің жағдайы айдалада тоқтап қалған өгіз жеккен арбаға ұқсайды. Халық өлеңінде айтылғандай, қара жолмен сықырлап арба келеді. Не асфальт жол жоқ, аяқтың асты батпақ, жолаушылардың үсті сатпақ. Арбаны көздеген жерге алып бару үшін ең алдымен қамыт киген өгіз мықты болуы керек, оның шамасы жетпесе, айдаушы іскер болуы шарт, оның да қолынан келмесе, кездейсоқ жүргіншілер мен арнаулы жолаушылар бейнетіне көніп, бірі тегершігін итеріп, бірі өгізді сүйреп, біреуі жол көрсетіп дегендей, көпшілікпен бітетін жұмыс.

Бірақ, сөз көп те, іс шамалы. Құр айғаймен есекті де жұмысқа жеге алмайсың. Тілі ана тілінде шыққан бала қазақша сөйлей алмай тұрса, оған кім кінәлі?! Оны сақау деп те, мақау деп те айта алмаймыз ғой.

Ақылбек  ШАЯХМЕТ,

Қазақстанның  құрметті  журналисі

(Соңы.Басы  өткен  сандарда.)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: