Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елімізде кеш ана атанатындардың саны артқан

16.05.2024, 11:20 350

Бұл дүние – әлемнің озық, дамыған елдерінде қалыпты құбылыс.  Өйткені, отбасында әйелдер тұрмысқа шықпас бұрын біраз уақыт мансап қуып, бала босану қамына кеш кіріседі. Ал біздің елде ер баланы 13-інде отау иесі деп «айдарлап» қойған ағайын қызын тұрмысқа берудің жайын ертеден ойластырады. Оның үстіне босаға аттаған келіннің аяғы «ауырлағанын» күту кәдімгі салтқа айналған. Онымен қоса, шаңырақ көтергеніне жыл толған отбасында әліге дейін бала болмаса, онда әулие-әнбие жағалау басталады. Әңгіме бұл жайында емес, елімізде бірінші баласын дүниеге әкеліп жатқан аналардың жасы жыл өткен сайын үлкейіп барады. Мәселен, 2020 жылы бұл көрсеткіш 29,2 жас, 2019 жылы 28,9 жас, 2018 жылы 28,7 жасты құрады. Осылайша, бірінші бала туған кездегі ананың орташа жасының  жыл  сайынғы  өсімі  байқалады.

Әйелдердің 35 жастан асқанда жүктілікті жоспарлауы қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдайлармен тығыз байланыс­ты. Мысалы, гормоналды контрацепцияны пайда­лануы, әйелдердің еңбек нарығындағы белсенділігі, білім алу деңгейінің артуы, мансаптық өсу және әлеу­меттік мәртебені көтеру, сондай-ақ бала туу мен тәрбие­леуге қолайлы орта құру – мұндай шешімдердің ең  негізгісі.

Кеш ана болудың артықшылығы мен қаупі бар. Артықшылығына тоқталсақ, аналардың ақпарат­тану деңгейінің жоғарылығы, балаға көңіл бөлу, шыдамдылық және қамқорлық жас аналарға қарағанда жетілген аналарда жақсы дамыған. Сонымен қатар, әйелдердің 35 жастан ке­йін босануы денсаулықтың жақсы екенін аңғартады. Және ол аналардың ағза­сында жас аналардың күті­міне сай ерекшеліктер қа­лыптасқан десек, артық емес. Мұны кейбір сарап­шылар етеккірінің кеш тоқтауымен байланыстырады.

Дегенмен, кейбір кемшіліктер де бар. Атап айтқанда, жасы ұлғайған сайын ананың жүктілік, босану кезіндегі және босанғаннан кейінгі денсаулығының нашарлауы мүмкін. Бала денсаулығының нашарлауы, ананың нәрестеден айырылу және өлім қаупінің артуы да мүмкін. Көп жағдайда, нәрестені жоғалту қау­пі жүктіліктің соңғы кезеңдеріне байланысты, себебі бұл кезеңде анада созылмалы аурулардың даму және өршу ықтималдығы жоғары. Балаға генетикалық неме­се басқа да аурулардың пайда болу қаупі артады, сондай-ақ босанғаннан кейінгі асқынулар да жиі кездеседі.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюро­сының мәліметінше, соңғы 7 жылдағы деректерді салыстыратын болсақ, елде 2021 жылы ана өлімінің коэффициенті 2017 жылмен салыстырғанда 17%-ға жоғары. Сәбилер өлімінің коэффициентінде өсу байқалады. 2017 жылы 7,93, ал 2021 жылы 8,44-ке жеткен.

Бұл цифрларды санға айналдырсақ, орта есеппен әр 10-шы бала туылғаннан кейін шетінейді немесе ауыр жағдайда дүниеге келеді дегенді білдіреді. Өйт­кені, біздегі кеш босану жағдайы осы мәселелерді туындатып  отыр.

Сонымен қатар, бедеулік проблемасы да ең өзекті­сі. ҚР  Президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаев  2020  жыл­ғы  1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-­қимыл  кезеңі» Жолдауында Қазақстанда әрбір алтын­шы отбасының бала сүйе алмай отырғанын, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негізгі себеп деп санайтынын айтты. Аталған проб­леманы шешу үшін Президент ЭКҰ бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни  7  есеге  көбейту  қажеттігін  тапсырды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, 2020 жылы әйелдер бедеулігі диагнозымен диспансерлік есепте тұрған әйелдер саны – 11 229, 2021 жылы – 17 082, 2022 жылы  25 202 адамды құрады. Ал 2020 жылы ерлер белсіздігі бойынша диспансерлік есепте тұрғандар саны – 54, 2021 жылы – 119, 2022 жылы 111 адамды құрады. Осылайша, 2024 жылы Қазақстанда «бедеулік» диагнозы қойылған әйелдер саны 2020 жылмен салыстырғанда үш есеге жақындады.

Енді еліміздегі аналардың кеш сәби сүюінің негізгі себебіне тоқталсақ. Негізінен, сәби сүйіп, ана бақытын сезінудің ерте-кеші жоқ. Дегенмен, «қазақстандық аналардың кеш ана атануының себебі неде?» деген сұрақ аясында жүргізген сауалнамамызға 100-ден аса респонденттің 70 пайызға жуығы «кеш тұрмысқа шығу, карьера қуудың кесірі» деп пікір білдірді. Бұлай жауап бергендердің басым көбі – ерлер. Ал қалған пікір білдіргендердің 22 пайызы «денсаулық жағдайы, бедеуліктің салдарынан аналар кеш сәби сүйіп жатыр» десе, қалған 8 пайызы «бұл – тағдыр. Алла бермесе, өмір бойы да бала көтере алмауы мүмкін. Құдай бала берген жасы сол шығар» деп қорытындылады.

Расында, респонденттердің ойы негізгі себепке дәл келеді. Ана болу бақытын Құдай нәсіп етеді деген сөздің жаны бар. Бірақ, себеп деп жүріп, салдарымен күресе алмасақ, демографиялық ахуал күрт нашар­лайды. Көзге көрінбегенімен, көзге шыққан сүйелдей деген  мәселе – осы.

Төмендегі кестеде 2020-2022 жыл аралығындағы ананың жасы бойынша туған нәресте саны көрсетілген.


Жас аралығы202020212022
1Барлығы426799446410403891
220 жасқа дейін134181453813231
320-24 жас952559817687342
425-29 жас134102137005120162
530-34 жас111560116587105296
635-39 жас578496421862093
740-44 жас139571510214926
845 жастан жоғары658784841

Е.ҚАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: