Кино саласында топ жарғандар әр жыл сайын «Оскармен» марапатталатынын білеміз. Ал жылдың үздік футболшысы деп танылған ойыншы «Алтын доп» иегері атанады. Ғылыми ізденіс жасап, жаңалық ашқан ғалымдар «Нобель» сыйлығын иеленеді. Бұл – жыл үздіктерін анықтап, маусымды қорытындылау мақсатында қалыптасқан үрдіс. Сол секілді ақпарат айдынында жүзген өткір журналистерге берілетін Пулитцер премиясы бар. Бұл премияның берілу тарихы «Нобельге» ұқсас. Нобель секілді американдық журналист Джозеф Пулитцер де мұра ретінде Колумбия университетіне 2 млн доллар көлемінде қаражат қалдырған. Оның бір бөлігін журналистика мектебін құру үшін берсе, жартысын АҚШ журналистерін марапаттауға мұра еткен. Медиамагнат қайтыс болғанға дейін-ақ Пулитцер премиясының негізі қаланып қойған. Бірақ Джозеф бақилық болғаннан кейін 6 жыл өткенде ғана алғашқы табыстау рәсімі өтті. Содан бері аталған рәсім әр жылы мамырдың алғашқы аптасында Колумбия университеті құрамының ұйымдастыруымен өтіп келеді.
«Мемлекеттік қызмет» номинациясы: ProPublica, Джошуа Каплен, Джастин Эллиот, Бретта Мерфи, Алекса Мирьески және Кирстан Берг
Кларенс Томас – АҚШ Жоғары сотының өкілі. АҚШ тарихындағы екінші афроамерикалық сот төрағасы. Оның американдық миллиардерлермен күдікті қарым-қатынасы – біраздан бері Time, The New York Times секілді белді басылымдарда қозғалып жүрген тақырып. Осы мәселенің төңірегінде «ProPublica» басылымы да біраз зерттеу жүргізген еді. Ақпарат агенттігінің бір топ эксперт-журналисі сот орындаушының ізіне түскен. Айтуларынша, ол жылына алатын 285 000 доллар табыспен қымбат яхтымен жүреді, тіпті өзінің жеке ұшағы бар деседі. Сонымен қатар, калифорниялық миллиардер Харлон Кроумен әмпей-жәмпей болып жүрген көрінеді. Басылымның мәлімдеуінше, Харлон Кроу тіпті Томастың баласының жеке мектебін де төлейді екен. Сот өкілінің ісін зерттеген батыл журналистер Джошуа Каплен, Джастин Эллиот, Бретта Мерфи, Кирстан Берг және Алекса Мирьески 2024 жылғы Пулитцер сыйлығының лауреаты атанды.
«Үздік зерттеу репортажы»: The New York Times, Ханна Драйер
New York Times биыл да Пулитцерден құр қалмады. Американың үшінші басылымының тілшісі Ханна Драйердің АҚШ-та өмір сүріп жүрген мигрант балалардың еңбекке жегіліп жатқаны жайында жазған зерттеу мақалалары бір ауыздан үздік репортаж деп танылды. АҚШ-та мигрант балалардың еңбекке салынуы қарапайым дүние болып қалған. Мемлекет басшысы Джо Байденнің өзі бұл мәселеге назар аударғанымен, нәтиже жоқ секілді. Жалпы, бала еңбегі – жүз жыл бойы қалыптасып келе жатқан нәрсе. Әсіресе Мичиган қаласында балалар ұйқысыз жұмыс істейді дейді. Кейбірі тіпті мектепке де бармайды, күніне 14-17 сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істейтіндер бар. Ханна Драйер көптеген баланың жанайқайын айтып, АҚШ-та үлкен резонанс тудырды.
«Жергілікті есеп» номинациясы:
Сара Конвей және Трина Рейнольдс-Тайлер
Чикаго қаласындағы теңсіздік – көп қаранәсілдіні алаңдатып отырған жайт. Себебі, бұл жақта өздігінен жоғалып кету фактісі көп кездеседі. Афроамерикандық тұрғындардың сөзіне сүйенсек, жергілікті полицейлер расизмге көп жол береді. Дәлірек айтқанда, қаранәсілділердің ісін кейінге қалдырып, шегіндіреді. Сара және Трина бірқатар жоғалған адамның ісін егжей-тегжейлі қарап, олардың жақындарымен пікір алмасып, бас-аяғы 7 сандық репортаж жасаған. «Чикагода жоғалған қаранәсілділердің кризисі – жалпы қаранәсілділердің мәселесі» дейді Сара. Сара Конвей мен Рейнольдс-Тайлердің еңбегі еленіп, Пулитцер сыйлығына лайық деп танылды.
«Халықаралық есеп»: The New York Times
Израиль мен Палестина арасындағы шиеленістің жалғасып келе жатқанына біраз уақыт болды. Бұл тұста да басқаларға қарағанда New York Times-тың журналистері жылдамырақ хабар таратты. Бастарын қатерге тігіп, аласапыран сәтте тосылмай репортаж жасаған тілшілер қазылар алқасының таңданысын туғызды. «ХАМАС-тың Израиль әскері жайындағы құпиялары», «Израиль ХАМАС-тың келетінін бір жыл бұрын білген», «Соғыс Газаны балалардың мәйітіне айналдырды» материалдары көпшіліктің шешімімен үздік деп танылды.
«Пікір» номинациясы: Владимир Кара-Мурза
Ресейлік публицист Владимир Кара-Мурза диктатор Владимир Путиннің саясатына қарсы шыққан бірден-бір саясаткер. Бұған дейін бірқатар тәуелсіз басылымда қызмет атқарған ол Ресейде болып жатқан жағдайларды Washington Post-қа үзбей жазып отырды. Былтыр бас бостандығынан айырылған журналистің ерлігі – көп тілшіге үлгі. Владимирдің түрмеден шығуын Ұлыбритания мен АҚШ билігінің өзі талап еткен болатын. Осылайша Кара-Мурза биыл Пулитцерді жеңген жалғыз ТМД-лық журналист болып отыр.
Сондай-ақ, Пулитцер премиясы Санта Круздағы дауыл жөнінде хабар берген тілшілерге, The New Yorker журналисі Сара Стиллманға, белгілі миллиардер Илон Масктың компаниясы SpaceX, Tesla жайында сыни материал авторларына, үздік кинокритика үшін Los Angeles Time журналисі Джастин Чангқа және басқа да БАҚ өкілдеріне табыс етілді. Бірі білсе, бірі білмейді. Пулитцер сыйлығы үздік фотографияға да арнайы номинация бөлген. Бұл жүлдені Колумбия мен АҚШ шекарасын шарлаған мигранттардың хал-күйін суреттеген Associated Press фототілшілері еншіледі.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!