Дерт айтып келмейді. Қазақ сырқат болып сауығудың жолын іздегенше, келер кеселдің жолын кесуге кеңес береді. Адам ағзасының сыры сан алуан. Ол сырт көзге бірден біліне қоймайды. Сүйегі сыздап, тамыры тартылса, бас ауырса емі табылар дейтініміз тағы бар. Жанына жаны ашымайтын қоғамда өз-денсаулығымыз өзімізге ғана қажет. Бейсен Құранбектің «Таңертең еш жерің ауырмай оянудан артық бақыт жоқ» дейтіні осындайда ойға оралады. Мың түрлі дәр мен шипалы шөптің күші келмей қалатын аты жаман ауыруларға тап болмас үшін тап қазір тексерістен өтіп, скрининг жасағаныңыз абзал.
Жаңа сөз таңсық болса түсіндіре кетейік, скрининг – белгілі бір жастағы сау адамның бойындағы тәуекел факторлары мен ауруларды ерте сатыларда анықтау үшін оларды профилактикалық медициналық тексеру. Яғни, Сіз скринингтің түріне байланысты арнайы әдістерді қолдана отырып, бір рет тексерудің нәтижесінде онкологиялық немесе басқа аурудың алдын алып, оларды болдырмауға мүмкіндігіңіз бар.
Ем іздегендер үшін МӘМС пакетінде сақтандырылған азаматтарға қандай скринингтік тексерулер қолжетімді? дегенге де жауап таптық…
30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтауға тексеруден өтеді, оның ішінде ПАП-тест және тереңдетілген диагностика – (бейне) кольпоскопия, биопсия және гистологиялық зерттеу, бейінді мамандардың консультациясын алады.
40-тан 70 жасқа дейінгі әйелдер сүт безі обырын ерте анықтауға-екі проекцияда маммографияға тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – нысаналы маммография, сүт бездерінің УДЗ, трепанобиопсия, пункциялық немесе аспирациялық биопсия, гистология, бейінді мамандардың консультациясы жүргізіледі.
Расымен де ауруды ерте кезеңде анықтау – оның дамуына жол бермейтін жалғыз жол. Соның ішінде онкологиялық ісіктерді ерте анықтау арқылы адам өмірін сақтап қалуға да болады. Айтқанымыздай, скринингтік зерттеулер скрининг түріне байланысты ТМККК және МӘМС бойынша жүргізіледі. Скринингтік зерттеулер – бұл ауруларды ерте кезеңінде анықтау үшін денсаулығына шағымдары жоқ адамдардың медициналық тексерілуі екенін түсіенген абзал. Скринингтер қоғамдық денсаулықты сақтауға бағытталған. Оларды өту әр азаматтың міндеті. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің скринингтен өтуі үшін барлық жағдайды жасауға, оның ішінде адам асықпай тексерілуден өтуі үшін жұмыстан босатуға міндетті.
Скринингтен өту үшін пациенттің МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы қажет екенін ескертеміз.
Шахризат ДӘНДІБАЕВА,
№3 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!