Банктер халықтың соры боп тұр.
Бұл – онсыз да қор өмірі, өле-өлгенше өзіне берешек болып, қалған ғұмыры қарыз өтеумен өтсін деп қазақтың басын кредитке біржолата байлап беріп кеткен Назарбаев аферасының шыңы. Үш жүз жылдық отаршылдықта құлдық қамыттың неше атасын киген қазақ халқы XXI ғасырда жаңа басыбайлылық – кредитқұлдық қамытын мойнына ілді. Дұрысы, Назарбаев кланы осынау ауыр әрі мехнатты қаржылық қамытты қазақтың мойнына асқан алаяқтықпен мәжбүрлей отырып ілдірді. Қазір, банк біткенге берешегімді қайтіп өтеймін, қалай төлеймін деп түн ұйқысынан шошып оянбайтын қазақ кемде-кем.
Дүниежүзілік қаржы институттары Қазақстан банктерінің пайыздық өсімдерінің өте жоғары екенін айтады және түрлі жерасты қазба байлықтары жөнінен әлемдегі аса бай мемлекетте пайыздық өсімнің мұншама жоғары болғанына таңданады
Пайыздық өсімнің жоғарлығы бойынша Қазақстан әлемдегі 200-ден аса мемлекеттің алғашқы ондығына кіреді. Миға қонбайтын өте жоғары әрі негізсіз пайыздық өсімдерді бірте-бірте азайта ма деп, «Жаңа Қазақстаннан» үміт күтіп едік – ол үмітіміз ақталмады.
Алаяқтығы өз алдына, осылайша отыз жылдан бері халықтың қанын теспей сорып келе жатқан Қазақстан банктері нағыз арамтамаққа айналып алған десе де болады. Басқасын былай қойғанда осы уаққа шейін Қазақстан банктерінің ұлттық өнер мен мәдениетке жанашыр болғанын көрмеппіз. Олар ұлттық өнеріміздің биігі – қазақтың әні мен күйіне ешқашан демеуші болып көрмепті. Осы уаққа шейін тек жат мәдениетпен, олардың түрлі өкілін қолдаумен келеді. Қазақстан банктері қазақ халқынан бір ауыз сұрамай әлемдік спортқа да көл-көсір қаржы құюда. Мәселен қазақтың дәулетіне семірген Каспи банктің қожайыны Ломтадзе жақында Англияның қымбат футбол клубын сатып алыпты.
Фортебанк болса – қазақ тілін білуге міндетті емессің деп жатыр.
Бұл – Қазақстандағы күллі банктің ұстанымы. Оларға қазақтың ақшасы ғана керек, тілінің, мәдениеті мен өнерінің түкке керегі жоқ.
Халық мұндай қорлыққа қашанғы төзсін – кешеден бері әлеуметтік желілерде Фортебанктің мемлекеттік тілге байланысты кемсітушілік ұстанымына байланысты наразылық күшейіп келеді.
Осындайда ежелгі Грециядағы Спартак бастаған құлдар көтерілісі еске түседі.
Екі құлдықтың айырмашылығы – Грекияда құлдар ауыр әрі тегін еңбекке жегілсе, мұндағы қазақтар қаржылық құлдықтың қазығына байланған.
Спартак бастаған құлдар – Грекияда құлдық бұғауды үземіз деп көтеріліске шықса, Қазақстандағы кредитқұлдар тілімізді қорладың деп әлеуметтік желілер арқылы Фортебанк қаржы империясына өз наразылықтарын білдіруде.
Сөйтіп XXI ғасырда қаржылық басыбайлыққа түскен өңкей кредитқұлдар тілімізді қорғауға талаптанып жатырмыз, қаржылық бостандығымыз бен құқығымызды емес…
Кәрі тарих құлдар көтерілісінің ешқашан жеңіске жетпегенін айтады.
Қазақ мұны «Құл жиылып бас болмас» дейді. Бірақ ол заманда интернет болса не болар еді…
Айтпақшы, Фортебанктің сөзін сөйлеп, сойылын соғып жатқан сабаздардың да аты-жөндерін анық біліп, түстеп танып алайық, қазаққа қарсылықтың «Ақысын төлесе, боқысын шығаратын» «азаматтары» ретінде…
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
өнертанушы.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!