Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік дүкен әлеуметке тиімді ме?

01.05.2024, 10:40 277

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қарамағындағы әлеуметтік дүкендердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Бүгінде Қызылорда қаласында 37 әлеуметтік дүкен және  10 ірі сауда үйінде әлеуметтік бұрыштары бар. Әлеуметтік дүкендердің басқа дүкендерден ерекшелігі – ол жақтағы азық-түлік бағасы базардағы бағаға қарағанда әлдеқайда төмен. Сәйкесінше, қаржылық қиындықтар туындаған отбасыларға азық-түлік өнімдерін сатып алу күндегіден оңайырақ болады. Дегенмен, қала тұрғындарының кейбірі әлеуметтік дүкендегі бағаға риза болғанымен, өнімнің сапасына көңілі толмай жатады. Осы тұста үш әлеуметтік дүкенді аралап, әрқайсысының бағасын таразылап көрген едік. Сондай-ақ, дүкенге кіріп-шыққан тұрғындардың да пікірін біліп қайттық.

Жолдың басын «Сырдария» мөлтек ауданына қарасты Қасымхан көшесінде орналасқан әлеуметтік дүкеннен бастадық. Баға тұрақты. Нақтырақ айтсақ, 15 наурыз күні бекітілген баға бірқалыпты сақталған. «Байқоңыр» әлеуметтік-­кәсіпкерлік корпорациясы 15 наурыздан бастап пияз, қырыққабат, өсімдік майы, қарақұмық жармасы секілді азық-түлік өнімдерінің ба­ға­сын  әлдеқайда төмендеткен. Пияз­ды­ң бағасы бұрын 50 теңге болса, бүгінде 30 теңгеге, қырыққабат 115 теңгеден  55  теңгеге  (шамамен 2 есеге), өсімдік майы 520 теңгеден 350 теңгеге, ал қарақұмық бағасы 300 теңгеден 230 теңгеге дейін арзандаған. Бағаның түсу себебі – маусымаралық кезеңнің аяқталуы. Мұнда кезіктірген Балауса есімді азаматша үйінің жанындағы әлеуметтік дүкенге  көңілінің  толатынын  айтады.

– Бұл жақтағы әлеуметтік дүкен басқа жақтағы әлеуметтік дүкен­дерге қарағанда жақсырақ секілді. Көп жерде кей азық-түлік өнімдері кездеспей жатса, бұл жақта тақтада ілінген азық-түліктің бәрі бар. Сапа­сы да жақсы. Мен өзім үйге не де болса әлеуметтік дүкеннен алғанды жөн санаймын. Мұнда баға өзге дүкен­дерге қарағанда әлдеқайда арзан, – дейді  қала  тұрғыны.

Бұл дүкен жөнінде жақсы пікірлер айтылғанымен, тұтынушы аз келетін секілді. Жарты сағаттай уақытта тек 3-4  адамның келгенін  аңғардық.

Екінші кезекте қала орталығындағы Амангелді Иманов көшесінде орналасқан әлеуметтік дүкенге табан тіредік. Ең алғашында, сағат 12:00 шамасында дүкен есігі құлыптаулы болды. Ары күттік, бері күттік, ақыры бір айналып келейік деп шештік. Сәл уақыттан кейін келген уақытта ғана дүкен есігі ашылыпты. Дүкенге кіріп, кестедегі бағаны суретке түсіруімізге дүкен сатушысы қарсы болды. «Корпорацияның арнайы рұқсатын алып келіңдер» деп дес бермеді. Агрессивті сатушы секілді көрінгенімен,  тұрғындардың  бұл  дүкен жайындағы ойы позитивті екен. Жол-жөнекей дүкенге соққан студент Әлішер Ерболұлының пікі­рін  білген  едік.

– Мен осы маңнан күнделікті өтемін. Керек азық-түлікті де осы дүкеннен алғанды құп көремін. Себебі, баға біршама арзанырақ. Әсіресе мен секілді студенттерге тиімді. Десе де, тұрақты тұтынушымын деп айта алмаймын. Әзірге сапасы жайында сын естіген емеспін, – дейді  ол.

Мейлінше үш дүкенді үш жақты көзқараспен, яғни үш маңнан қарастырғанды жөн санадық. Келесі жолымыз түскен әлеуметтік дүкен орталықтағы Әйтеке би көшесінің қиылысындағы дүкен болды. Баға сол қалыпты, оған сын жоқ. Дегенмен, азық-түлік сапасы сын көтермейді екен. Ал кез келген тұрғын тұтынатын пияз, сәбіз сынды көкөністер тіпті жоқтың қасы. Ал картоптың сәл шіріңкірегенін, тұрыңқырағанын аңғардық. Жалпы, көкөністердің сапасы жайындағы сын биыл ғана қозғалып отырған жоқ. Әлеуметтік желіге сын ретінде жазып  жүргендер  де  жоқ  емес. Жалпы, әлеуметтік дүкендердің азық-түлік өнімдерінің сапасының өте төмен екендігі, халықтың тек арзан бағаға амалдың жоқтығынан күнел­ту үшін ғана сатып алатындығы айтылады. Сондай-ақ, мұнда ақыры арзан бағада сатылғаннан кейін өнімнің сапасына аса назар ауда­рылмайды. Азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін бөлінген қыруар қаржы өзін ақтамай жат­қандай.

Әлеуметтік дүкеннің бағасы бір бөлек, сапасы бір бөлек болып тұр, шыны  керек. Халықтың қаржысынан  алынып, халыққа берілетін дүние сапалы болғаны дұрыс. Көпшілік арзанға құмартып, ұрынып қалмас үшін әлеуметтік дүкендер жақсы жұмыс істеу қажет. Бұл мәселені құзырлылар естімей қалмайды деп сенеміз. Әлеуметтік дүкеннің оң тұсы да, сол тұсы да таразыны тең ұстап  тұр  десек  болатындай…

Ерасыл  ОМАР,

Қорқыт  ата  атындағы

Қызылорда университеті

«Журналистика»  мамандығының

2-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: