Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ескі Қазақстан» АРАНДАТУ әрекетін бастады…

26.04.2024, 8:30 1036

HALYQLINE.KZ

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке!

ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа!

… Жекелеген өңірлерді топансудың басуы, өзендердің арнасына сыймай тасуы – бір күннің не бір жылдың кінәраты емес. Бұл – көктемгі су тасқынына бөлінген қаражаттың 30 жыл бойы талан-таражға түсуінің, су қоймаларына арналған бөгеттер мен арналардың салынбауының салдары. Тиісті гидрогеологиялық ғылымды құртып, су шаруашылығына жауапты мемлекеттік органды таратып жіберудің зардабы. Қазіргі қолданыстағы су қоймалары мен бөгеттер өткен ғасырдың 50-70-жылдары салынған…

Елде соңғы 30 жылда бірде-бір жаңа су қоймасы салынбаған. Міне, қазір соның зардабын тартып отырмыз. Жемқорлықты бұйдасыз жіберіп, халықтың қазынасы есебінен шылқып байыған ескі жүйенің тасада отырған жымысқы жандайшаптары бұған бүгінгі жаңа буынды кінәлі қылмақ ойлары бар.

Енді, міне, елдегі апатты жағдайды пайдаланып, «ескі Қазақстанның» өзеуреген өкілдері ақпараттық майданның отына май құя бастады. «Шал, кет!» деген ескі ұранды жаңғыртып, «шал, кел, біз асығыстық жасаппыз» деген онлайн ұранды жалаулатып, ескіні аңсаудың амалымен ағайын арасын арандатқысы келеді. Кімнің – кім екенін, «ескі» мен «жаңаның» айырмасын халық жақсы білуі тиіс.

«Ескінің» есесін іздегендер TikTok желісіне салып, әлеуметтік желілер мен «Уатсаб» сегментінде тарап жатқан «Тоқаевтың кезінде халық кедейленіп кетті» деген технологиялық пропаганда пайда болды. «Сезікті бұрын секіреді» дегендей, «ескі Қазақстанның» кейбір өкілдері «мұндай ақпаратқа біздің қатысымыз жоқ» деп, ат-тонын ала қашып, ақталып бағуда. Егер ақ пен қараны, шындық пен жалғандықты айыру қажет болса, қоғамның «құлағына алтын сырға» ретінде біраз салыстырмалы мысал келтірейін.

Тапсырыспен орындалған саяси өлімдер қай биліктің кезінде жасалып еді? Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтің атылуына дейін, «ДАТ» газетінің журналистері Асхат Шәріпжанов пен Құрманбек Қыбыраевты кім өлтіріп кетті?

Танымал оппозициялық журналистер Нұри Муфтах пен Батырхан Дәрімбет жолдың шетінде жаяу тұрып, автомобиль апатына қалай тап болды?

«Закон и правосудие» газетінің журналисі Оралғайша Омаршанова бір түннің ішінде қалай із-түзсіз жоғалып кетті, 2007 жылдан бері оның өлігі неге табылмады?

Белгілі мемлекет қайраткері Марат Оспанов пен танымал саясаттанушы Нұрболат Масанов өз ажалынан өлді ме?

Кезіндегі танымал мемлекеттік саясаткерлер Әкежан Қажыгелдин мен Ғалымжан Жақиянов, кейінгі премьер-министр Серік Ахметов, белгілі мемлекеттік менеджерлер Жақсылық Күлекеев, Жақсылық Досқалиев пен Мұхтар Жәкішев кімнің кезінде саяси тапсырыспен сотталып еді?

Қазақстанның алғашқы вице-премьерлерінің бірі, академик Ғалым Әбілсейітовті елге сыйғызбай, шетке кетуіне мәжбүр еткен кім еді? «Рик» радиосының директоры Серік Медетбековтің шетелден саяси баспана іздеп кетуі қай Қазақстанның кезінде орын алды?

Қоғамдық-саяси газеттер – «ХХІ век», «Эпоха», «Сөз», «Трибуна», «Республика» және басқалары, тәуелсіз «Максимум» радиосы, «Макс» тәуелсіз телеканалы кімнің билігі кезінде жабылды? «Таң» телекомпаниясының толқын тарату аспабы кімнің кезінде атқыланды?

30 жылдың ішінде «ДАТ» газетінің 11 нұсқасын кім жаптырды? Тәуелсіз интернет-сайттар «Навигатор» мен «Navi.kz» қай Қазақстанның кезінде қудалауға тап болды? Тәуелсіз БАҚ-тардың редакцияларына кімнің билігі кезінде қарақшылық шабуылдар жасалып, дүние-мүлкі өртелді?

Орыстар айтпақшы, «все познается в сравнениях», «Жаңа Қазақстанның» кезінде осының бірде-бірі болды ма? Біз бүгінгі қол жеткен қоғамдық-саяси құндылықтарды неге қадірлей алмай жүрміз?

Оның бір себебі – халыққа айтары бар, абырой-атағы танымал қоғам белсенділерін «ескі Қазақстан» өз жағына тартып, оларды «Жаңа Қазақстанға» қарсы айдап салу үшін, белгісіз бір қорлардың атынан түсініксіз гранттар беруді бастаған сыңайлы. Жекелеген қоғамдық пікір лидерлерін сатып алуда. Ал халықтың саяси тұрғыда сауатсыз өкілдері «жалдамалы» серкелердің далбаса дабырасына қиқу қосуға әуес.

Дегенмен, қалай десек те, реваншистік күштердің дегені болмайды. Өйткені қазақ – әрдайым бірлік пен берекеге тәнті халық. Қиын-қыстау сәтте бар қазақ бір қазақ болып, бір тудың астынан табылған. Мұндай бірлікті қапшықпен құм арқалап, өз қолымен бөгет тұрғызған халық тағы да көрсетіп отыр.

Сондықтан ел Үкіметіне, Бас прокуратураға ақпараттық кеңістігімізге тұрақты мониторинг жасап, елдің бірлігіне сына қағатын «ескі Қазақстанның» арандатушылық ақпарат таратуына қарсы шараларын қолға алуды сұраймын.

Ермұрат БАПИ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

«DAT». 25.04.2024.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: