Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отыз кемпір, отыз ұршық…

17.04.2024, 16:55 276

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Ауыл әкімі Қолбаланың теледидардан соңғы жаңалықтарды көріп, айналада болып жатқан апаттан жүрегі шайлығып, «иә, Алла, түн тыныштығын бере көр» деп күбірлеп, жылы төсекке жайғаса бергені сол еді,өзінің жаңа бір әзірде токқа қойған қалта телефонын қолына ұстап келген бәйбішесі «аудан әкімдігінен» деп ұсынды.

Тұтқаның ар жағынан маңғазданған дауыс:

– Дереу аудан әкіміне келіңіз, – деді де тұтқаны қойып қойды.

Өзіне аңырып қарап тұрған бәйбішесіне:

– Менің киімдерім, – деуге ғана шамасы келді де, апыл-ғұпыл шалбарын кие бастады.

Бұл келгенде әкімнің кабинетінде аудан әкімінің аппараты, мекеме басшылары, өзінен басқа ауыл әкімдері, кәсіпкерлер, аудан белсенділері мен бес- алты ақсақал жиналып отыр екен.

– Шұғыл жағдай. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген, біздің жаққа да мол су келе жатқан көрінеді. Облыс басшысы соған дайын болуымызды қадап тапсырып отыр. Біздің жағдайымыз қалай? – деп мойынын бірінші орынбасарына бұрды. Орнынан тұрған азамат:

– Басеке, енді, алаңдап отырғанымыз рас. Дегенмен, оның ауылын әрмен қылсын. Қиындау болуы мүмкін. Қолда бар запастарды апат аймағына жөнелткеніміз кеше ғана. Техниканың да біразын сол жаққа жөнелткенбіз. Қазір барып та қалған болар. Қолда бары – халықтан жинаған бір фура азық-түлік.., -д ей бергенде,

– Отыр, оны өзім де білемін. Дарияның осал жерін білетін мамандардан кім бар? Бөгет жасауға мүмкіндігіміз бар ма?..

Орнынан созалаңдай тұрған қара жігіт, шамасы я су маманы, я төтенше жағдайға қатысы болу керек:

– Басеке, ол жағынан айыптымыз. Соңғы кезде бұрынғы қауіпті аймақ болған жерлерге көптен бері бармаппыз. Әлгі бір су маманы зейнеткер бар еді ғой, сол кісінің ескерткеніне де құлақ аспадық. Жасырғанмен болмайды, шындық осы.

Аудан әкімі шарасыздықты мойындағандай:

– Ау, енді бір шарасын жасамай отыра береміз бе? – деді, жағалай көз жүгіртіп.

Сол кезде орнынан тұрған аудан белсендісі, әдемі келіншек:

– Ағай, оқымаса оқымайтын шығар. Уақыты жоқ. Біз күнде оқып отырған әлемжеліде ұршықты теріс айналдырып, суды тоқтатуға әрекет жасап жатқан әжелер бар екен ғой. Құдайға шүкір, әулие аталарымыз бен аналарымыз баршылық, соларға сиынып әрекет жасайтын кейуаналарды дария жиегіне отырғызып, ұршықты теріс айналдырғызып әрекет жасайық, – деді, әдемі жымиып.

Орнынан тұрған ауыл ақсақалының бірі:

– Қамданған қапы қалмайды деген. Бұны да бір көрейік. Бірақ бір-екі кемпір емес отыз кемпір жинайық, елміз ғой. Сосын дария жағалатып не істейміз? Қорқыт атамыздың мемориалы тұрған жоқ па, амфитеатрға отырғызып, бар ынтасымен әрекет етуге жағдай жасайық, – деді.

Не дерін білмей аңырып отырған аудан басшысы басын қасып отырып:

– Неге отыз кемпір? – деп сұрағанын өзі де білмей қалды.

Ұсыныс айтқан ақсақал:

– Айналайын, әкім бала, бұл апат тегін емес қой. Отыз жыл бойғы теріс әрекеттің салдары шығар. Соны қалпына келтіру үшін әр жылдың теріс әрекетін орнына келтіру үшін отыз ұршықпен әрекет жасалуы дұрыс болар дегенім ғой, – деді.

Түн ортасы ауғандықтан болар, аудан басшысынан бастап, бәрі бір-бір есінеп алып, осы мәселені қаузауға бекініп, ауыл әкімдері отыз кемпір, отыз ұршық дайындауға тапсырма алып тарасты.

Қолбала әкім шала ұйықтап, ояна салысымен кемпір мен ұршық іздеуге кірісті. Кемпірлер табылды-ау, бірақ, екі-үшеуі болмаса, көбісі ұршықты өңі түгілі түсінде көрмепті. Көргендері теріс иіру түгілі, оң иіруін де білмейтін болып шықты. Әупірімдеп, сексеннің үстіне шыққан, селкілдеуге аз-ақ қалып отырған кейуанаға шай-шекерін алып беріп, кемпірлерге ұршық үйретуге көндірді.

Ендігі үлкен мәселе ұршық болды. Ауыл айналып үш ұршықты әрең тапты. Аудандық музейге адам жіберіп еді, бұдан бұрын қамданған көрші ауыл әкімі алып кетіпті. Қырсыққанда жалдауға да табылмады. Амал жоқ, шалғайдағы қайын жұртына қалта телефонымен хабарласып, өтініш жасауға кірісті. Ауылда оңды болмайтын сеть шалғайға қалай жетсін, айтқан сөздерінің бірін есітіп, бірін есітпей әбден сілесін қатырды. Қылғынып жатыр:

– Ұршық деймін … Ұрр… шыық… Ұрр

Қатты жұлқылаудан шошып оянған Қолбала, көзі бақырайып өзіне қарап тұған бәйбішесіне:

– Не болды? – деп сұрады.

– Не болатын еді. Дауысың қатты шыққасын қорқып кеттім. Шық… Ұр… дегесін далада біреу келіп тұр ма деп терезеден қарасам, ешкім жоқ, не болды? – деген бәйбішесінің қорыққан жүзіне қарап отырып, бұл жайттың көрген түсі екенін түсінген Қолбала әкім бәйбішесіне қарап ыржиып күліп жіберді.

Есекей  Құдайберген,

Қазалы  ауданы

Коллаж  newsroom.kz сайтынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: