Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өлкелік өнердің өнегелі өрендері

18.04.2024, 10:20 512

Басылымның бұған дейінгі санында солтүстіктегі қос ауданға жасаған баспасөз турында көрген-білгенімізді «Арал: Білім саласының жаңа биігі» тақырыбымен оқырманға ұсындық. Арал ауданы қай сала болса да, өзгелерден оқ бойы озық екенін іспен көрсететін жұртымен ерекше. Мұндағы шәкірттердің білімдегі бәсекелестігі мен өнерге таласы көңіл қуантады. Теңізді өлкеде сіз бен бізге таңсық, тасада жүрген өнерге бай ұл-қыз қаншама?! Одан бөлек ерекше күтімді қажет ететін балаларды да ескерусіз қалдырмай, кәсіпкерлер өз қаржысы есебінен балабақша соғып, соны пайдалануға берген. Мұның өзі ауданда жанашыр азаматтардың аз емес екенін көрсетті.

«АҚМЕШІТ»   ДОМБЫРАШЫЛАР  АНСАМБЛІ  –  СЫР  ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ  ІЗБАСАРЫ

Ауданға табан тіреген соң Сексеуіл кентіне арнайы бардық. Онда да оқушылардың қара жаяу еместігі айқын аңғарылып тұр. Сондағы №177 орта мектептегі «Ақмешіт» домбыра­шылар ансамблі білім ордасына қадам басқаннан күмбірлі күймен күтіп алды.

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын тамамдаған Салиха Қабделова 2020 жылдың ақпан айында мектепте «Үкілі домбыра» үйірмесінің жетекшісі болып, осы уақытта үйірме жанынан «Ақмешіт» домбырашылар ансамблінің жұмысын бастаған. Алғашқыда 20 оқушы қамтылған   үйірмеде  бүгінгі  таңда  107 өнерпаз  ұлттық  аспапты  үйреніп  жүр. Үйірмедегі 56 оқушы – «Ақмешіт» ансамблінің  өнерпаздары.

Бүгінде «Ақмешіттің» өнерпаз­дары жас ерекшеліктері бойынша «Кіші топ» (7-10 жас), «Орта топ» (10-13 жас), «Үлкен топ» (14-17 жас) болып үш топқа бөлінеді. Ансамбль құрамындағы Қадіржан Амедулла, Нұрдәулет Тәни, Рустам Жолдыбай, Қарақат Рахметқали, Әділжан Көпберген, Гүлсезім Қазиева сынды жеке орындаушылар – республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары. Ансамбль құрамында үш оқушыдан құралған «Ақмешіт» триосы да үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. Ол туралы ансамбль жетекшісі айтып  берді.

– Ашылғанына 4 жыл уақыт болған ансамбль облыстық, республикалық, халықаралық конкурстарда және жекелей орындау байқауларында жеңімпаз атанды. Оқушылар «Құрманғазы», «Дина», «Қазанғап», «Түркеш», «Дәулеткерей» секілді күйшілердің 20-дан астам күйін орындап жүр, – деді Са­лиха  Қабделова.

ШАЛҒАЙДАҒЫ  ЗАМАНАУИ  ТЕХНИКАМЕН  ЖАБДЫҚТАЛҒАН  БАЛАБАҚША

Сексеуіл кентінде мектеп ғана емес, бүлдіршіндерге арналған жоғары санатты «Алма – Арай» балабақшасы бар. Ол 2016 жылдың қыркүйек айынан бері жұмыс істейді. Бұл типтік жобада салынған балабақшаны сек­сеуілдік тұрғын Жанарыс Еңсепов ірге­тасын қалаған. Қазір балабақшаның меңгерушісі – жұбайы Алмагүл Еңсепова. Ғимарат заман талабына сай жарық, сәулетті, жылы және барлық  қажеттілікті  қамтыған.

 Бүгінгі таңда балабақшада жас ерекшелігіне қарай  8 топта  182 бала  тәрбиеленуде.  Балабақша халықты жұмыспен қамту мақсатында 50-ге жуық  адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 27 педагог қызмет атқарады. Балабақшаның ашылуы барысында жақсы материалдық-техникалық база құрылған, ол балалармен денсау­лық сақтау және тәрбиелік-білім берудің жұмыстарына қойылатын талаптарға сай келеді. Балабақшада арнайы топтық бөлмелер, жатын, тамақтану орындары бар. Сонымен бірге әдіс­темелік, психолог, медбике кабинеті де қарастырылған. Одан бөлек, музыкалық зал заманауи музыкалық құралдармен  жабдықталған.

Қазіргі таңда қызметкерлер із­денуінің арқасында балаларға ерекше көңіл бөліп, қазақтың ұлттық құндылықтырын бойларына сіңіріп, заман талабына сәйкес инновациялық технологияларды  меңгертіп  тәрбиелеп  жатыр.

Балабақша меңгерушісі Алмагүл Еңсепова мұндағы балаларға жоғары жағдай  жасалғанын  айтты.

– Балабақша  алаңы безендірілген, әр топтың  алаңы қажетті ойын және спорттық құралдармен қамтамасыз етілген. Әдістемелік кабинетте балалар мен ата-аналар арасында жұмыс түрлерін ұйымдастыруға көмек көрсететін қажетті әдістемелік, анықтамалық, танымдық әдебиеттер бар. Жыл бойы балалар әдебиетінің кітапханасы толықтырылып отырады. Материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етудің маңызды орыны – пәндік дамытушы орта. Ол педагогтердің шығармашылық жұмыстарының нәтижесі болып табылады. Топтардың ұйымдас­тырушылық ортасы рольдік ойын орталық­тарынан, көркемдік, денсаулық сақтау, құрылыс-конструктивті ойын­дар және театрландырылған әрекет етуге қажетті дидактикалық ойын құралдарынан тұрады. Барлық ойын құралдары балаларға қолжетімді және санитарлық талаптарға сай келеді. Балабақшадағы даму ортасының талаптарға сай келуі мемлекеттік стандарт  бойынша  жүргізілген, – деді  ол.

ИНКЛЮЗИВТІ  БАЛАЛАРҒА  АРНАЛҒАН  БАЛАБАҚША  ЖҰМЫСЫН  БАСТАЙДЫ

Теңізді өлкеде ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған инклюзивті балабақша өз жұмысын бастағалы тұр. Арал аудандық мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Ләйлә Мами­това осындай балаларға заманауи құрал-жабдықтарымен балабақша жабдықтап, ұсынбақшы. Өз меншігіндегі ғимараттың бір бөлігін 4 топ бала қамтылатын орынға айналдырып жатыр. Ғимарат қолданысқа берілсе, 30-дан аса қызметкер жұмыс істейді. Бала­бақшада ерекше балаларға арналған соңғы үлгідегі техникалалық жабдықтардан бөлек тұзды шахта, шунгит бөлмелері жасалған және ұзындығы 8 метрлік бассейн де бар.

– Өздеріңіз білетіндей, тірек-қимылы бұзылған және дамуында кінәраты бар балаларды емдеу және оларды түрлі әдіс-тәсіл арқылы білімге баулу оңай шаруа емес. Сондықтан да ауданымызда аталған санаттағы балаларды қолдау мақсатында инклюзивті бөбекжай ашуды қолға алдым. Қазіргі таңда барлық керекті құрал-жабдықтар әкелініп, талапқа сай жабдықталуда. Сонымен қатар, арнайы тұзды шахта бөлмесін де дайындадық. Бұл тұз балалардың тыныс алу жүйесін қалыпқа келтіруге өте пайдалы, – деді Л.Мамитова.

ӨНЕР  МЕКТЕБІНІҢ  ӨРЕНДЕРІ  –  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  БАЙҚАУЛАРДЫҢ  ЖЕҢІМПАЗЫ

Аудандағы өнер мектебі 1967 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мұнда домбыра, баян, қобыз, фортепиано, би, бейнелеу, прима, вокал, терме кластары бойынша 294 оқушы білім алуда. Оларға 32 педагог сабақ беріп, білімін жетілдіруге үлес қосуда.

Арал ауданының Өнер мектебінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, болашақ мамандық­тарын таңдауларына бағыт-бағдар беріп, патриоттық тәрбие ұлттық құндылық­тарын сақтау, өнерге бау­лу мақсатында жыл бойы көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Өнер мектебінің жанынан құралған «Асылым» оқушылар хоры, қазақ ұлт аспаптар, домбырашылар, баяншылар ансамбльдері, «Шаттық» би тобы – облыстық, рес­публикалық, халықара­лық байқауларының жеңімпаздары. Олар облыстық «Жас музыкант – 2022» байқауының, «Жеті Өнер» респуб­ликалық балалар шығармашылық байқауы, «Шабыт» республикалық балалар байқауы, «Dance battle», республ­икалық «Қайнар бұлақ», «Талант  шоу», «Шабыт  қанатында»  балалар  шығармашылық  байқауы, «Самға әуен», «Күй табиғаты», «Үздік оркестр – 2023» байқауларының  жүлдегерлері  атанып  жүр.

– Өнер мектебі оқушылардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, түрлі аспапта еркін ойнауына үйретіп келеді. Жыл сайын түрлі дода, байқау­да жоғары жетістіктерге жетіп келеміз. Мекемеде жоғары санатты мұғалімдер жұмыс істейтіндіктен, сабақ беру процесі қиынға соқпайды. Өнер мектебі болған соң, мақтанышымыз да, еңбегіміз­дің жемісі де – осы балалар. Мұнда келген әр баланың өнерге, аспап үйренуге деген қызығушылығы да жоғары деңгейде. Жалпы, бұл ғана емес, алда­ғы уақытта да үлкен сахналардан көрініп, өнер сайыстарына қатысып, жүлделерге ие боламыз деген мақсатымыз бар, – деді өнер  мектебінің басшысы  Гүлмайра  Омарәлиева.

«ДО-РЕ-МИ»  –  МЫҢ  БҰРАЛҒАН  БИШІЛЕР  МЕКЕНІ

«До-Ре-Ми» би студиясы ата-аналар­дың ұсынысымен 2019 жылы ашылған. Алғашында 45 оқушы тіркелген би студиясында қазірде  130-дан аса биші білім алып келеді. Студияның негізін қалаған педагог-хореограф Райлә Болатбекқызы 19 жылдан бері бимен айналысып, шәкірт  тәрбиелеп  келеді.

– Қазір би өнеріне қызығушылық жоғары. Түрлі жас ерекшелігі бойынша бес топ биден сабақ алады. 4-5 жастан бастап, 10-14 жасқа дейін «Звездочки», «Жемчужина», «Арабеск», «Ритм», «Микс дэнс» топтары ырғаққа байланысты би қимылдарын үйреніп жаттығып келеді. Мақсатымыз – балалардың би әлемін түсініп қабылдауындағы талғампаздығын тәрбиелеу, эстетикалық сезімталдығын қалыптастыру, сахна мәдениетінің, би өнерінің рөлі қажеттігі жайында санасына сіңіру. Студия бишілері жыл сайын респуб­ликалық, халықаралық байқауларда үздік көрсеткіш көрсетіп келеді, – деді Р.Болатбекқызы.

Ауданда өнерден кенде ешкімді байқамайсың. Шәкірттердің бірі білім бойынша биік белесті бағындырса, бірі спорт, бірі өнер әлемін өзіне қаратып жүр. Санға емес, сапаға жұмыс істеу басым. Баспасөз турында түйгені­міз – осы.

Ердәулет  ҚАЛИ,

Суреттерді  түсірген 

Мұнарбек  Әбілқайыр,

Арал  ауданы

Пікірлер:
  • Ауданымыз қашан да өнерпаз жандармен дараланған.Жырау, термеші бабаларымыз бастаған жолды жас күйшілеріміз жалғаса, үлкен мақтаныш пен абырой деп ойлаймын.
    Мектебімізде «Ақмешіт» домбырашылар ансамбі талай жетістіктер төрінде көрініп жүр!
    Өнерлі жастары ауданымызды республика, тіпті әлем деңгейінде танытып, аман- есен жүре берсін!

  • Ауылдың тыныс-тіршілігіне бір сәт көңіл бөлген редакция арқасында алғыс білдіремін. Ақын да, ғалым да, әнші де, биші де шыққан киелі Аралымның қойнауында әлі ашылмаған қанша сыр бар. Өнерлерің өрге жүзсін жас жеткіншектер! Игі істеріңіз жалғасын таба берсін жерлестеріміз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: