Жыл сайын бес миллион бала смартфонның кесірінен көз жұмады. Жаға ұстатарлық статистиканы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялады.
Бүгінгінің баласын интернетпен егіз туған дейді жұрт. Айтатындайы-ақ бар. Көзін тырнап ашқан бүлдіршін қолына бірінші телефонды алады. Ойын ойнайды, одан әрі «тик-ток» ақтарады. Жаңа заман балалары дейміз ғой. Расымен, смартфондағы кез келген қосымшаны ашып алып, еркін басқарады. Қарап отырып, өзің таңданып қаласың. Телефон ойындары тек психикаға ғана зиянын тигізбейді. Ойын әлеміне кірген балақайдың бал тілі кеш шығады. Керек десең, мүлде сөйлемей қоюы мүмкін. Мұны психологтер мен логопедтер талай айтқан.
Иә, «тик-токқа» тоқтау болмай тұр. Атауы көңілге күдік ұялатпағанымен, ішіндегі дүниені көрсеңіз жаға ұстайсыз. Шыққаны кеше ғана, бірақ бұл қосымша бүкіл әлемді жаулап үлгерді. Тіпті қолданушылар саны бойынша ютуб, инстаграм, фейсбуктан да асып түсті. Трендке айналғаны сонша, бала көзін тырнап аша сала осы желіге ынтығады. Салдарынан телефонға тәуелділік, ашушаңдық пен депрессия деген дерт пайда болады.
Баланы телефонға тәуелді ететін бір факт – жұмысбасты ата-аналардың көбеюі. Оны күнделікті көзбен көріп жүрміз. Бала бақшаға кіргенше қолдарынан телефон тастамайды. Ата-аналар смартфонды бермеудің орнына жыласа сонымен жұбатады. Күні бойы ойларын бөлеміз, көңілдерін аулаймыз. Бірақ кешкілік аналарын көргенде тағы сол телефондарына жармасады. Әрине, барлығы бірдей емес. Айтқанымызға құлақ асып, смартфонды тек санаулы сағатқа рұқсат ететіндер бар. Баланы жастан осылай тәрбиелеуіміз керек. Бізге ата-аналар түсіністік танытып, бірлесе жұмыс істесек қана мәселенің алдын алған болар едік.
Адам өміріндегі алтынға айырбастамас айрықша сәт – балалық шақ. Жаһандану деп жапа-тармағай жанталаспай, жас ұрпақтың балалық бал күніне баса назар аударған артықтық етпес. Себебі бүгінгі балдырған – ертеңгі ұлттың тұтқасын ұстайтын тұлға.
Фариза Әлжанова,
«Бегім ана» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!