Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тасқын әлегі – билік тәлкегі

03.04.2024, 10:00 225

HALYQLINE.KZ

Отанымыздан алыс, сонау экватор аумағында жүрсек те Қазақстандағы тасқын су апаттары бізді де қатты алаңдатып отыр. Суға кеткен ауылдар, баспанасынан, мал-мүлкінен айырылған жұрттың жанайқайы қатты ойландырады. Тасқын су апаттары бүкіл ел көлемінде жыл сайын үлкен абыржушылық туғызып жүр. Жергілікті және республикалық билік мұндай жағдайға жыл сайын мүлде дайын болмай шығады. Жыл сайын қыс болатынын білсек те жылыту науқанына дайын болмай қаламыз. Қыста қар жауатынын білсек те көктемде оның еритінін естен шығарамыз. Бұл не қылған бассыздық? Осындай жағдайлардың алдын алмаса, Төтенше жағдайлар министрлігі не үшін керек? Төтенше жағдайлар министрлігі қажетті техникамен, ресурстармен бірінші ретте қамтамасыз етілуі маңызды. Ол шаруалар алдын ала ойластырылмаса, Үкімет несіне үкімет?

Метеорология қызметі қашан, қай жерде қанша қар жауғанын біліп отырады ғой. Әр ауданның, әр облыстың жер бедері де белгілі, картасы да биліктің қолында. Жауған қардың көлеміне қарай қанша текшее метр су келетінін де есептеп алуға болады. Ауа райының жылынуын да, еритін қар мөлшерінің көлемін де алдын ала анықтауға толық мүмкіндік бар. Неге жыл сайын қарапайым халық су тасқынынан әбіржиді, неге халық табиғаттың, дәлірегін айтқанда, биліктің тәлкегіне ұшырайды? Билік қашанғы себеппен емес, салдармен күресе береді?

Атырау мен Ақтөбе облыстарының бірқатар елді мекені, Батыс Қазақстан облысындағы Қоржын, Аққозы, Шалғын ауылдарының, Абай облысының Мамырсу, Бозой ауылдарының, Қостанай облысының Арқалық қаласы, Новый, Северный, Родина, Дачный поселкелері, Амангелді, Торғай, Жаркөл, Тауыш, Қызыл Жұлдыз, Қайыңды ауылдары, Сарыбас, Қонай, Жұман, Екпінді, Аққыс қыстаулары, аттары аталмаған қаншама елді мекен су тасқынынан зардап шегіп отыр. Естіген сайын, оқыған сайын жүрегің ауырады.

Экономикасы Қазақстаннан бес есе төмен, айналасы түгел мұхит Шри Ланка елінде бөгеттер, бөгендер, каналдар, дамбалар, су қоймалары арқылы тасқын су апаттарына мүлде жол берілмейді. Ал бізде жылда болатын жағдай ғой деп арқаны кеңге салушылық қаншама жанды қиыншылықтарға ұшыратып отыр. Бұл – апатты ахуал үкімет пен жергілікті билік орындарының оралымсыздығының нақты дәлелі.

Меніңше алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін республикалық деңгейде арнайы бағдарлама қабылдануы, Төтенше жағдай министрлігінің құзыреті кеңейтілуі, қажетті техникамен толықтай жарақтандырылуы қажет! Бұған қаражат та, ресурс та жеткілікті. Тек жұмыс істейтін ми болса болғаны!

Марат Бәйділдаұлы,

жазушы-публицист.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

Фото:  sputnik.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: