Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Маршал мен генералға көрсетілмеген құрметке ие болған қазақ

14.03.2024, 14:00 347

HALYQLINE.KZ

Совет-герман соғысы кезінде маршал мен генералдың түсіне кірмеген құрметке қызылордалық Совет Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітов ие болды. Қазақ батырының есімімен соғыс кезінде электр-дизельді отынмен жүретін С-16 ІХ бис сүңгуір кемесі аталған болатын.

Жаппасбай Нұрсейітов 1923 жылдың 9 мамырында Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданындағы №7 ауылда, қазіргі Шіркейліде дүниеге келді. Мектеп бітірген соң колхозда қара жұмыс істеп еңбек жолын бастайды, соғыс басталатын 1941 жылы Қызылорда станциясында теміржолға жұмысқа тұрады. 1942 жылы көп жанды отбасындағы жалғыз асыраушысы болса да соғысқа алынды. Қысқа мерзімді атқыштар дайындайтын курста оқып, атыс қаруларының барлығын игеріп шығып, 27-армияның 155-дивизиясының 436-полкіне атқыш болып қабылданып, соғысқа кіріседі. Бұл кез Сталинград шайқасы жүріп жатқан ауыр кезең еді, осы қала үшін кескілескен шайқаста көзсіз ерлік үлгісін көрсетіп, бар болғаны «За отвагу» медалімен марапатталып, ауыр жарақат алады. Жарақаттың ауыр болғаны соншалық оны өлдіге санап, үйіне бірінші рет «қара қағаз» жібереді. Жанкешті батыр аман қалып, қайтадан соғысқа кіріседі. Украинаның Харьков бағытындағы шайқаста бір өзі 30 фашисті атып, бірнешеуін тұтқынға алады, Сарынчевка қаласы үшін шайқаста тағы да 10 фашисті атып өлтіріп, жау зеңбірегін гаранатамен жарып жібереді, ал Соловьевка үшін шайқаста 32 фашисті атып өлтіріп, үшеуін тұтқынға алады. Осы 72 жаудың көзін құртқаны үшін де батыр атағына лайық еді, тіпті «Қызыл жұлдыз» орденін де бермеді, бірақ оның ерлігі туралы майдандық «Мужество» газетінде: «Ж.Нұрсейітов жаудың окопына секіріп түсіп, қолма-қол ұрыста көптеген фашисті штыкпен түйреп өлтіріп, қалғанын автоматпен атып өлтірді» деп жазды.

1943 жылдың 28 ақпанында Днепр өзенінен өту үшін қарсы шабуылда, қаруластарымен мінген қайыққа снаряд жарқыншағы тиіп, екі жерден тесіп кеткенде біреуін шинелімен бітеп, екіншісін денесімен бітеп, арғы бетке оқ-дәрі мен қару-жарақты аман-есен алып шығып, ұрысқа кірісіп кетеді. Кескілескен шайқаста бір өзі аман қалған Жаппасбай батыр алты пулеметпен кезек-кезек атып, он үш рет қарсы шабуылға шыққан фашистің 150 адамын жер жастандырады. Біздің әскерлер көмекке келген кезде барып ауыр жараланған Жаппасбай есінен танып қалады, ауыр жараланғанын көрген санитар оны өлдіге қосып санап жібереді. Осылайша үйіне екінші рет «қара қағаз» жібереді, олар да бұл жолғы хабар растығына сеніп жылап-сықтап қалады. Дәрігерлердің біліктілігі арқасында аман қалып, ұзақ емделеді. Осы госпиальда жатқанда 1944 жылдың 10 қаңтарында өзіне №1780 санды Совет Одағының батыры алтын медалі мен Ленин ордені берілгенін білді. Москваға барып батыр жұлдызын кеудесіне таққаннан кейін, туған жеріне бір ай демалысқа жіберілді. Бүкіл Сыр бойы батырына аяғынан тік тұрып құрмет көрсетті, Тереңөзек ауданының басшысы Дүйсенбай Рақметов батырдың анасына сол кездегі үлкен сый кілем тапсырды, батыр он тоғыз ауылды аралап, соңында облыс орталығы Қызылордада комсомол жастармен кездесіп қайтадан майданға аттанып кетті. Қызылорда комсомолдары 3000 тонна металл жинап, 5 мың рубльді Қорғаныс қорына аударып, Қорғаныс комитетінің төрағасы және Жоғары Бас қолбасшы И.Сталинге телеграмма салып, жерлесі Совет Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітовтің есімімен қаһарлы қару сүңгуір кемесін атауды өтінген болатын. Өтінішті иесі оқығандықтан СССР әскери-теңіз флотының бас қолбасшысы адмирал Н.Кузнецовтың бұйрығымен С-16 сүңгуір кемесіне батырдың есімі берілді. Кеменің алғашқы командирі үшінші рангалы капитан Алексей Лепешкин болды. Бұл сүңгуір кеме 1944-1958 жылдары Солтүстік флота қызметте болып, Мурманск қаласындағы ашық далада орналасқан мұражайда арнаулы тұғырда тұр.

Жаппасбай Нұрсейітов Румыния, Венгрия, Чехословакия, Германия жерлерін азат етуге қатысып, Торгауда американдардың одақтас әскерімен кездеседі. Соғыстың соңғы күндерінде ауыр жараланғанда тағы да өлдіге саналып, үйіне үшінші рет «қара қағаз» жіберіледі, госпитальда ұзақ емделіп, 1946 жылы елге қайтады. Соғыстан соң елге келген батырды қара жұмыс істеткісі келмеген басшылар оған түрлі басшылық қызмет түрлерін ұсынғанмен, ол жай жұмысшы болды. 1961-1971 жылдары Өзбекстандағы Черинский ауданында ферма меңгерушісі болып, елдің аяғынан тік тұрып кетуіне жәрдемдеседі. Республика басшыларының бар жағдайды жасаймыз дегеніне қарамай, 1972 жылы туған елге келгенде, облыс басшылары тағы да соған деңгейлес басшылық қызмет ұсынғанмен бас тартып, қара жұмысын істеп зейнетке шығады. 1995 жылы Қызылорда қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. 1997 жылы сәуір айында қайтыс болды. Батырдың атында облыс орталығында көше мен №233 мектеп бар. Соғыс кезінде-ақ халық ақыны Байназар Өтепов «Жаппасбай батыр» дастанын жазды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Ашық дереккөзден алынған фотода Жаппасбай батырдың соғыс және соғыстын кейінгі кезі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: