Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ қыздарының мықты болғаны миф емес

07.03.2024, 12:00 345

Журналист Әлия Әшім әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ қыздарының ағартушылықпен көп айналысқанын, тіпті атылған 25 мың бас көтерер қаймағымыздың ішінде 3 қазақ қызы болғанын айтып отыр. Сондай-ақ, ол ел арасындағы «қазақ зиялылары өзге ұлт өкілдерінен әйел алған. Себебі, қазақ қыздары оқу, білімге онша құмар болмаған» деген пікірді ұшты-күйлі жоқ етуді қалайды. Сондықтан, технологияның тілін пайдаланып, өзі де көрермендер мен оқырмандарына ағартушылықпен айналысып жүр.

Шынында, қазақ қыздарының мықты болғаны һәм мықты болары миф емес. Өйткені, қай дәуірді алып қарасақ та, қай салаға мән берсек те, қазақ қыздарының қарымды еңбегі байқалады. Ендеше,  8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ерекше мәліметтерді жинақтадық.

Хұснижамал Нұралыханова –

қазақ қыздарына мектеп ашқан

алғашқы әйел

Хұснижамал Нұралыханова 1872 жылы Бөкей Ордасындағы сұлтандар әулетінде дүниеге келген. Ол небәрі 22 жасында мектеп ашқан. Әуелі Қазандағы мектепті бітірген, сосын Бөкей ордасындағы әйелдер мектебінде сабақ берген. Хұснижамал – Жәңгір  ханның немересі, Нұралы ханның шөбересі.

Хұснижамал Нұралыханованың бастамасынан кейін мектепте қазақ қыздары оқығаны жайлы деректер бар. Инспектор Андрей Вознесенский 1897 жылы жасаған баяндамасында Хұснижамал туралы былай деп  жазған:

«Хұснижамал – қазақ сұлтанының қызы. Қазандағы земство мектебін бітірген. Алғашында ағаларының қолында оқыды. Жасы шамамен 25-те. Сұлу әрі әңгі­меге жақсы, Ордада мұндай қыз жоқ, иә, ол – жалғыз… Орысша таза сөйлейді. Асқан ұстамдылығымен ерекшеленіп тұрады. Қазір өзін орыс тілі мектебінің ісіне арнауды  ұйғарды».

Хұснижамал Нұралыханова Арон Қара­таевқа  тұрмысқа  шыққан. Ол – атақты заңгер  Бақытжан  Қаратаевтың інісі.

Хиуаз Доспанова – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш ұшқыш

Хиуаз Доспанова 1922 жылы Атырау облысында туған. Ол соғыс алдында орта мектепті алтын медальмен бітірген. КСРО ұшқыш-батырларының ерлігіне тәнті болып, бала жасынан ұшқыш болуды армандағанын  айтады.

Мектеп қабырғасында-ақ «запастағы пилот» куәлігін қоса алған. Медицина университетінде оқып жүріп Хиуаз әйелдерге арналған жаңа полк ашылғанын біледі. 19 жастағы Хиуаз – осы полк сапында соғысқан  жалғыз  қазақ  қызы.

Хиуаз Доспановаға  Қызыл  жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары тағылған. 2004 жылы ҚР Президентінің жарлығы бойынша Хиуаз Доспано­ваға республикамыздағы ең жоғар­ғы марапат – «Халық Қаһарманы» Алтын жұлдызы  табысталған.

Ол 2008 жылы қайтыс болды. 2019 жылы Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспано­ваның  есімі  берілді.

Нәзипа Құлжанова –  қазақтан шыққан тұңғыш журналист әйел

Нәзипа Құлжанова 1887 жылы дүние­ге келген. Ол Ыбырай Алтынсарин негі­зін қалаған мектепте білім алып, кейін оқуын Торғайдың қыздар гимназиясында жал­ғастырған. Оқуды аяқтаған соң өзі білім алған  училищеде,  кейін  Семейдегі оқыту­шылар  семинариясында  мұғалім  болған.

Нәзипа – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист. Ол қазақ қыздарының өмірі туралы «Алаш», «Сарыарқа», «Қазақ» газеттеріне   жазды.

Ұзақ  жыл мұғалім болып істеген Нәзи­па қазақ мектептері үшін оқулықтар жазған. 1923 жылы Орынборда «Мектептен бұрынғы тәрбие», 1927 жылы Қызылордада «Ана мен бала тәрбиесі» деген әдістемелік кітаптары  басылып шықты. 1934 жылы қайтыс  болды.

Айша Ғалымбаева – қазақ қыздарынан  шыққан тұңғыш кәсіби суретші

Айша Ғалымбаева – қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық тақырыпты жырлайтын дарынды кескіндемеші ғана емес, киносуретші әрі қазақ ұлттық киімдерінің үлгісін жасаған бірегей тұлға. Ол 1917 жылы дүние есігін ашқан.

Оның өмірі ХХ ғасырдағы саяси маңызды оқиғалармен тұспа-тұс келді. Ғұмырында ашаршылық пен соғыс зұлмат жылдарды басынан өткерді.

Оның «Белгілі халық шебері Р.Бәсенованың портреті», «Дәмді шай», «Бір кесе қымыз», «Халық таланттары», «Біз заманамызды мақтаныш етеміз», «Қазақстан әні», «Кестелі кимешек», «Батыр ана» және тағы басқа шығармалары көпке танымал.

Суретші  2008  жылы  қайтыс  болды.

Гүлсім Асфендиярова – қазақ тарихындағы дипломы бар тұңғыш әйел дәрігер

Гүлсім Асфендиярова 1880 жылы дүние есігін ашқан. Санжар Асфендиаровтың туған әпкесі. Ташкент әйелдер гимназиясын, Санкт-Петербург қыздар медицина институтын бітірген. Ол – қазақ әйелдерінің ішінде жоғары білім алған тұңғыш дәрігер.

– Қазақтың қыздары енді сауатын ашып жүрген кезде Гүлсім – Еуропада алғаш ашылған әйелдерге арналған медициналық институтың 10 стипендиясының бірін ұтып алған алғашқы қазақ. Институтты бітірген соң елге оралды. Елге келген соң жай ғана жұртты емдеп қана қоймай, ең алғашқы рет акушерлік курс пен акушерлердің бөлімшесін ашқан. Өз өңірінде алғаш рет кесір тілігін жасаған әйел, ең бастысы, ол өз білімімен бөліскен, жұрттың көзін ашқан. Тарихы аз зерттелгенімен, бізде осындай ағартушы әйелдер жетерлік, мақтануға тұрарлық, – дейді журналист Әлия Әшім.

Гүлсім Асфендиярова 1913 жылы Хиуа ауруханасында әйелдер бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарады. Ол халық арасында көптеген мәселені шешуде рөл атқарды. Дәрігер 1937 жылы қайтыс болған, бірақ себебі анықталмады.

Нұрсұлу Тапалова –  қазақтан шыққан тұңғыш балерина

Ол 1923 жылы дүниеге келген. 24 жасында Қазақ КСР еңбегі сіңген артисі атанған.

А.Александров жетекшілігіндегі театр студиясында оқып жүріп сахнаға да шық­қан. Кейін режиссерлар би падишасы Шара Жиен­құлованың рөлін Нұрсұлуға ғана сеніп тапсыратындай деңгейге жетті. 1938 жылға дейін кардобалет артисі, кейін балет бишісі болған Нұрсұлу Тапалова қайталанбас образ­дар  жасап  шығарды.

Балерина туралы халық артисі Болат Аюханов: «Нұрсұлу – бисіз өмірін елестете алмайтын нәзік жан. Ол атақты Галина Уланов­намен «Бақшасарай бұрқағында» Зарем­аның рөлін ойнады. Нұрсұлу Зареманы классикалық дайындықсыз биледі. Алайда оның Заремасы нағыз шығыстың аруы болып шықты! Оның биін көріп отырып биге елітіп кетпеу, ғажайып сұлу биіне қарай отырып, оның тартымды әсеріне ерекше бой алдырмау мүмкін емес-тін».

Оның репертуарында қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан, орыс тағы басқа ұлттардың биі болды. Өз рөлін кәсіби деңгейде сахнаға алып шыққан Нұрсұлуды алыс-жақын  шетел  таныды.

Биші  1998  жылы  қайтыс  болды.

Жинақтаған   Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: