Бабадан жеткен бекзат өнердің бірі – саятшылық. «Тастан түлкі табылар аңдығанға» деп келетін Абайдың өлеңінде аңшылықтың қыр-сыры анық баяндалады. Иә, саятшылық қазақ халқы үшін тек күнкөріс, ішіп-жем деңгейінде болмағаны рас. Олай деуге себеп көп. Мысалы, бұл – кәдуілгі спорт, өнер. Олай дейтініміз – құстың, тазының бабын жасау, бағын ашу, үйрету, дайындау, уақытылы әрі дұрыс тамақтандыру, жарысқа қосу, мықтылығын тамыршыдай дөп басу, тағы да сол секілді санасақ талаптар кете береді.
2022 жылы Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы құсбегіліктен XV чемпионаты Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында өтті. Сол уақытта аймақ намысын бір ғана құсбегі қорғады. Ол – Ғалымжан Өміртай. Кейіпкеріміз – құсбегіліктен бөлек, жамбы атудан Қазақстан чемпионы. Аталған спорт түрінен ұлттық құрама мүшесі. Соңғы 5 жылдан бері жамбы ату спортынан жүлдегерлер сапында келеді. Бүгінде шәкірттері де биік шыңдардан көрініп жүр.
Сонымен, Ғалымжан Өміртай – Сыр еліндегі саятшылықпен айналысатын жалғыз құсбегі. «Басқа аймақтағы достарымның көбі құсбегілікпен айналысады. Соларға қарап бүркітті баптауға кірістім» деген ол, облысымызда саятшылыққа қатысты бірқатар мәселе бар екенін айтты.
– Бізде қаршыға да, ителгі де бар еді. Екеуін де асырауға мүмкіндік болмады. Олар күніне 200-250 грамм таза ет жейді. Құсбегілікті атадан қалған мұра және өз қызығушылығымыз ретінде ғана ұстап отырмыз. Құс баптау – үлкен өнер. Шаршаған уақытта онымен сөйлесіп, демалып қаламыз. Жалпы, құсты баптаудың өзі – демалыс терапиясы, – дейді ол.
Шынын айту керек, бәрі айналып келгенде қаржыға тіреледі. Қызылордада құсбегілікке арнайы штат ашу да көптен бері қозғалғанымен, шешімін таппай отыр. Сырбойылық спорт саласының мамандары осы күні ат спортының өзіне штат ала алмай жүрген көрінеді.
– Қолдағы бүркітіміз күніне 400-500 грамм таза ет жейді. Күніге базардан алдырып отырамыз. Бүркіт сәл иісі шыққан, шандыр болған етті мүлдем жемейді. Дәл осы уақыт – құстардың ет жейтін кезі. Жарыс алдында ғана құстың етін береміз. Ол жеңілдеу болады, мұны ақжем деп атайды.
Негізі, біздің Жаңақорған ауданындағы Қаратауда да құсты баптап, құсбегілік өнерді жандандыруға болады. Осы күні біз бүркітті тек жарыс бағытында ұстап отырмыз. Егер саятшылыққа салсақ, құс мертігеді. Қызыл көрген соң тоқтап қалмайды дегендей, – деп сөзін жалғастырды құсбегі.
Ғалымжан Өміртай «құс баптау, ат баптау өмірімнің бір бөлшегіне айналды» дейді. Сондай-ақ, кәсіби мамандардың кеңесі арқылы білімін жетілдіріп отыратынын жеткізді.
– ҚР Құсбегілік федерациясының атқарушы директоры Бағдатхан Мүптекеқызы, құсбегіліктен аға жаттықтырушы Базарбек Күнтуған секілді кәсіби мамандармен хабарласып, хат алмасып, ақыл-кеңес сұрап отырамыз. Құсты баптау, оның тілін түсіну, арнайы жаттығулар жасау – бәрі-бәрі оңай шаруа емес. Бүркітті алыс және жақын қашықтыққа ұшырамыз. Жалпы, Қазақстанда құсбегілікті, саятшылықты Алтай өңірінен, Қытай, Моңғолиядан келген қандастарымыз ұстап отыр, – дейді Ғалымжан Өміртай.
Сексенінші жылдары еліміз бойынша 15-16 ғана құсбегі болғаны айтылады. Олардың ішіндегі ең үлкені 85 жаста болса, ең жасы 60-тан асқан екен. Қазір бұл статистиканы ойға алуға да болмайды. Өйткені, саятшылық, құсбегілік әлдеқайда дамып келеді. Жақында ғана аты әлемге әйгілі бүркітші қыз Айшолпан атажұрты – Қазақстанға қоныс аударды. Оның арманы – Қазақстанда құсбегілікті дамыту, Бүркітшілер одағын құру. Ғалымжан да Сыр бойында саятшылық өнері сән-салтанат құрса деп армандайды.
Ырыскелді ТӘЖІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!