Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкім Ноғаев «ұйықтап жатқан» Маңғыстау спортын оята ала ма?

14.02.2024, 16:15 735

Маңғыстау облысында мемлекеттік спорт мекемесінің саны – 31 екен. Оның ішінде 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 6 спорт клубы, 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі, 1 олимпиадалық дайындық орталығы және 1 ұлттық спорт орталығы.

Облыста 813 жаттықтырушы жұмыс істейді. Олардың тек 49%-ның жаттықтырушылық санаты бар. Былтыр VI мәрте өткен ҚР Спартикадасында 3 қала және 17 облыстан үміткерлер қатысқан жарыста Маңғыстау облысы 18-орынға ие болған.

Осыдан кейін-ақ Маңғыстау спорты жылдан-жылға тұрақты түрде төмендегенін байқадық. Бұл жағдай облыс әкімі Нұрлан Ноғаевты және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқашты ойландырмай ма екен?

Қазіргі басқарма басшысы жастықпен немесе өзім білем деп қателесіп қалмауы үшін спортқа жаны ашитын мықты мамандарды жанына жинап, әр спорт мектеп басшысынан ай сайын не істегенін, қандай жарыста орын алғанын, қай спорт түрінен сайысқа барғанын қадағалап отырса деймін. Әйтпесе, кейбір пысық басшылар бір кездері өзі айналысқан спортынан ғана жарысқа бала жіберіп «дамытып» отыр. Нәтижесінде басқа спорт түрлері жетілмей қалады. М.Мұқаш соларды тексеріп, сараптап, қорытынды жасап отыруы керек. Жанашырлықпен сын айтқан адамды дұрыс қабылдаса деймін. Өйткені тәжірибесіздік олқылыққа жол бермей қоймайды.

Жақында Маңғыстау облыстық көркем гимнастика федерациясының директоры Гүлзира Ақжігітованың қызы, 16 жастағы студент және спортшы-жаттықтырушы (?) Жансая Жаңбуршиева жаттығу кезінде 12 жасар спортшы Інжу Бегендікованы таяқшамен ұрғаны қоғамды біраз шулатты. Інжудің анасы Жадыра Телова жылап маған телефон соғып мән-жайды баяндады. Оның айтуынша, облыстық спорт басқармасының басшысы М.Мұқашқа барып Ж.Жаңбуршиеваның үстінен арыз жазса, ол оны облыстық прокуратураға жіберген. Осылайша өзінің әрекетсіздігімен қоса, басшы ретінде шешім қабылдау қабілетінің жоғын да көрсетіп алыпты. Керісінше, мәселе шешіп, өзін көрсетуі керек еді, бірақ ол басын алып қашқан. Бұл туралы мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, журналист әріптесім Нартай Аралбайұлына ақпарат жеткіздім. Содан кейін біраз қозғалыс болды. Істі жабуға мүдделі болған орган қызметкерлеріне шара қолданылды.

Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Әлем және Азия чемпионы атанған спортшыға қаржылай сыйлық немесе пәтер (бір бөлмелі болса да) алып бере алмай ма? Оң-солына қарауға мұршасы болмай, өмірінің он бес және одан да көп жылын спортқа арнаған спортшы мен жаттықтырушыға обал емес пе?

Тағы бір мәселе. Спорт басқармасының басшысы облыс бюджетінен миллиондаған қаражат бөлініп отырған «Арт-спортты» неге тексермейді?

Былтыр облыс әкімі Н.Ноғаевпен кездесуде Мұнайлы ауданы Батыр ауылынан заманауи спорт кешенін салу туралы мәселе көтергенмін. Ол уәденің де соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Назарға алынса деймін.

Басқа облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері басқарма басшыларымен әлдақашан ақылдасып-кеңесіп, биыл өтетін Париж олимпиадасынан жүлде алуға жоспар құрып жұмыстанып, жанталасып жатыр. Ал маңғыстаулық спортшылар, өкінішке қарай, Парижге бармайтын да сияқты.

Спорттың ең жоғары көрсеткіші олимпиада ойындарынан өңіріміз бойынша әлі күнге дейін чемпион шыққан жоқ (Лондон мен Рио олимпиадасында екі рет күміс алған боксшы Ә.Ниязымбетов Өзбекстаннан базалық тұрғыда қалыптасып, дайын болып келді).

Маңғыстауда қысқы спорт түрлері де дамыды деп айта алмаймыз. Тәуелсіздік алғалы спорттағы сау адамдарға ақшаны аямай беріп келеміз. Болашақта Паралимпиада және Сурдлимпиада спортшыларын дайындау керек. Сеніңіздер, жүлде алып келетіндер де осылар болмақ.

Спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың көбі – практика иелері. Ал теориялық тұрғыда олардың білімі төмендеу. Өйткені өз саласына қатысты кәсіби кітаптарды оқымайды. Ізденбейді. Күнделік жүргізбейді. Қарсыластары туралы деректерін дәптерге жазып жүрмейді, оларды зерттемейді. Басшылар тренерлерді курстарға жібермейді. Тіпті жарыс ұйымдастырушылар төрешілерге дұрыс ақшасын да төлемейді. Мысалы, былтыр күрестен халықаралық дәрежедегі төреші Нұрсұлтан Амандыққа 1 күнге 2 500 тг төленіпті. Ал заң бойынша 14 000 мың тг төлену керек. Футболдан спорт төрешісі Парасат Балташевқа да 1 күнге 1 000 тг берілсе, заң бойынша 7 000 тг берілуі керек болатын. Айта берсек, Маңғыстау спортында коррупция күдігі көп сияқты.

Аудандар мен ауылдардағы спорт мектептерінің басшылары ешкімге есеп бермейді. Берсе де, әкімге беретін шығар. Бірақ қоқыс мәселесін шеше алмай басы қатып жүрген әкімдер спортты қалай бағалайды?

Биыл бюджеттен «Каспий» кәсіби баскетбол клубына – 100 млн теңге, «Каспий» кәсіби футбол клубына – 1 миллиард 200 млн теңге және «Каспий» волейбол ерлер клубына – 350 млн теңге бөлінген деп естіген ақпаратым рас па? Неге осы командалық спорт түрлері мемлекетке масыл болып отыр? Қаражатты үнемдеп, оңтайландырып, олимпиададан жүлде алатын спорт түрлерін қаржыландырып, нақты көңіл бөліп, оған дейін спортшыларымыз шетелдердегі оқу-жаттығу жиындарына барса деймін. Сондай-ақ облысымызда спорт-мектеп-интернат колледжі ашылса, өз қаламыздан олимпиада жүлдегерлерінің шығарына сенімдімін.

Отыз екі жылдан бері өңірімізден олимпиада чемпионы шықпағаны басқарма басшылары мен федерация президенттерін ойландырмай ма? Ол үшін не істеу керек деп бастарын істетпей ме? Жаттықтырушылар мен спортшыларды жинап, алдағы олимпиадаға жоспар құрып, кемшін жақтары мен осал тұстарын анықтамай ма? Олимпиадаға негізінен боксшылар ғана қатысып келеді. Басқа спорт түрлерінен неге ешкім бара алмайды? Олимпиалық және олимпиадалық спорт түрлеріне миллиондаған ақша бөлініп жатыр. Неге соны ақтамайды? Мысалы, олимпиадада жеңіл атлетика түрінде 48 комплект медаль бар. Оның 24-і бойынша ерлер және 24-і бойынша әйелдер сайысқа түседі. Маңғыстаудан шыққан жерлесіміз Әмин Тұяқов кезінде 100, 200, және 400 метрге жүгіруде алдына жан салмаған. Біз неге сол үрдісті жоғалтып алдық?

Командалық спорт түрлерінен олимпиада, әлем және Азия чемпионаттары мен жазғы Азия ойындарына маңғыстаулық спортшылардың қатысып жатқанын көрмейсің. Сонда миллиондаған қаржыны спорт басқармасы қалай игеріп отыр? Ақшаның қайда кетіп жатқаны тексеріле ме? Сұрауы бар ма?

Әкім Ноғаев «ұйықтап жатқан» Маңғыстау спортын оята ала ма?!

(Автордың ойы редакцияның көзқарасын білдірмейді)

Айбек МҰХАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Маңғыстау облысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: