Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Несие мен несібе

13.05.2020, 12:43 754

HALYQLINE.KZ  Халық пен банк арасында алауыздық болдырмау мақсатында төтенше жағдай кезінде несие мерзімдерін кейінге шегеру мәселелері көтерілген еді. Елдегі біршама бизнес субъектілері мен қарабайыр жұрт жапатармағай несиелерін кейін шегеруге банктермен өзара мәмлеге келіп жатты. Осылайша еліміз бойынша 1,6 миллион қазақстандықтың қарызы кейінге шегерілді. Төтенше жағдай алынып, карантин күндері алға созылды. Енді қарызы бар ағайындардың халі не болады?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, «Халық пен бизнесті қолдау» жөніндегі шаралардың орындалу мониторингін жалғастыруда. Соңғы деректер бойынша екінші деңгейдегі банктерге және өзге де кредиттік ұйымдарға қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді тоқтата тұруға 1844599 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 1831489 жеке тұлға банктік қарыз төлемдері бойынша мерзімін кейінге қалдыруға өтінім беріп, 13110 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі төтенше жағдай кезеңінде кредиттер бойынша мерзімді кейінге шегеруге өтінім беру үшін кредиттік ұйымдарға жүгінген. Осы орайда 1661232 жеке тұлғаның 237,4 млрд теңгесі немесе қарыз алушылардың 31,3 пайызы бойынша төлемді тоқтата тұру мақұлданды. Оның ішінде 299363-і – халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының өкілдері.

Сонымен бірге, 11 561 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі 138,8 млрд теңге сомаға немесе кәсіпкерлердің жалпы санынан 44,1 пайызы несие мерзімін кейінге шегерілген. Қысқасы, қазір Қазақстанда 5,3 млн азаматтың 4,4 трлн теңге сомаға, сондай-ақ 26,2 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 3,9 трлн теңге қарызы бар екен.

Енді осынша миллион халықтың қарызға батып отырғанынан хабардар болса керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мсәеленің де шет қалмайтындығын жеткізген.

Халықтың табысы азайып бара жатқан уақытта тұтынушылық несие нарығының жағдайына мониторинг жүргізудің маңызы зор. Азаматтардың қарыз бойынша жүктемесінің көбейіп кетуіне жол бермеу керек. Қаржы нарығын реттеу бойынша агенттік проблемалық қарызы бар қарыз алушылардың оңалту мүмкіндіктерін қарастыруы керек. Сонымен қатар қарыз алушы мен өнімнің типіне қарай сыйақы ставкасын есептеу амалдарын қайта қарастырған абзал, – деді ол Төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия отырысында.

Несиелі елдің несібесіне орай мемлекет басшысы банктер барынша жеңілдіктердің жасалу қажеттігін алға тартты. Бірақ бұған қарабайыр халық тоқмейілсімеу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарызға келгенде банк те, бұқара да босаңсымау қажеттігін қадап айтты.

Төтенше жағдай кезінде екінші деңгейдегі банктер әлеуметтік-эконо­ми­калық ахуалдың тұрақтануына өз үлесін қосты деп айта аламыз. Ең алдымен, банктер кәсіпкерлерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін кейінге ауыстырды. Нақты айтқанда, несие төлемдері 3 айға шегерілді. Табысынан айырылғандарға мұндай көмек қажет. Бірақ жұртшылық арасында несиені мүлдем қайтармаймыз деген түсінік қалыптаспауы керек. Бұл – жаңсақ пікір, – деді ол.

Түйін. Несиемен несібелерін теріп келген ел төтенше жағдайдан кейін банктермен өзара есеп айырысуы тиіс. Өйткені келісімшарт негізінде несие өтемі тек ТЖ мерзімінде ғана төленбейтіндігі ескерілген. Реті келсе, қарыздан қашық жүргеннің де пайдасы көп.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: