ЖАЛҚАУ ҚЫЗ
Бұл – ойдан шығарған ертегілер. Оқырманды жалықтырмай, жүрегіне ізгілік отын жағу мақсатында жазылған мысал-ертегі сіздің де санаңызда жақсы ой мен ізгі ниет отын жағады дегенге сенімдіміз.
Баяғы бір заманда, сабан толған електе, бүрге шаштараз болып, түйе жылап, ана бесігін тербетіп жүргенде (түрік ертегілері осылай басталады) біртүрлі отбасы болған екен. Олардың 15 жастағы қызы бар еді. Ондай жасқа келген әрбір бойжеткен ата-анасына көмектесіп, аз да болса қолғабыс етеді ғой. Бірақ ол үйінде ештеңе істемейді, сондай жалқау болып өскен деседі. Сондықтан оны елдің бәрі «Жалқау қыз» деп атаған. Бұл қыздың жалқау болғаны сонша, орнынан тұра алмай қалды. Ата-анасы оған сыпырғыш жасап берді. Бойжеткен өзі отырған жерін сыпыруға кірісті.
Осылай қыздың тұрмысқа шығатын уақыты да келді. Ата-анасы оны аңшыға үйлендірді. Бір күні аңшы аңға шығып, үйрек атыпты. Ол үйге келіп, үйректі тазалап, қазанға салып, отқа қойды. Тағы да аңға шығуға дайындалып, әйеліне: «Мен үйректі отқа қойдым, күйіп кетпесін, піссе ауқаттана бер», – деді. Жалқау қыз иә дегенімен, орнынан тұрмады.
Көп уақыт өтті. Бір қайыршы үйге кіріп келді. Жалқау қызға: «Ханым, Алла разылығы үшін бір тілім нан беріңізші», – деді. Жалқау қыз: «Асхананы көріңіз, болса алыңыз», – деп жауап берді.
Қайыршы ас үйге кірді де, қазанда қайнап жатқан үйректерді көріп, үйректі алып, сөмкесіне салып, аяғындағы кір етікті қазанға салды. Сосын жалқау қыздың қасына келіп, «Қарағым, нан салып алдым, Алла разы болсын» деді.
– Енді мен саған ән айтып берейін, сосын кетейін, – деп, әнін шырқай жөнеліпті. «Етігім көжеңде, жаңағы кезеңде, қазаның қайнаулы, қарама, безерме» деп үйден шығып кетеді.
Арада біраз уақыт өтіп, қыздың күйеуі олжасыз оралды. Ол әйелінен «үйрек пісті ме?» деп сұрады. Бағана айтылған қайыршының өлеңіне мән бермеген болуы керек, асханада үйрек пісіп жатқанын айтты. Солай аңшы қазанды көрсе, онда сасық етіктен басқа ештеңе жоқ. Қыздың жалқаулығының кесірінен отбасында жанжал шығып, ару әбігерге түседі. Осы оқиғадан соң, қыз жалқаулығын қойып, үйіне келген әр адамға орнынан тұрып, нан беріп, асханаға кіргізбейтіндей болыпты…
ҚЫМБАТ ТҰЗ
Баяғы бір заманда, сабан толған електе, бүрге шаштараз болып, түйе жылап, ана бесігін тербетіп жүргенде (түрік ертегілері осылай басталады) бір сұлтанның үш қызы болыпты.
Бір күні сұлтан қыздарын жинап алып: «Сен мені қаншалықты жақсы көресің?» деп сұрайды. Үлкен қызы «мен әлемді жақсы көргендей жақсы көремін» дейді. Ортаншы қызы «құшақтап жақсы көремін» десе, кіші қызы «тұздай жақсы көремін» деді.
Кіші қыздың бұл жауабына сұлтан қатты ашуланып, адамды тұздай сүюге бола ма деп сұрайды да, кіші қызын жазалаушыға береді. Жазалаушы қызды өлтіру үшін тауға апарады.
Қыз жазалаушыға жалынып: «Сенің де қызың бар шығар, мені өлтірме», – депті. Жазалаушы қыздың тілеуіне қарсы тұра алмай, оның орнына мал сойып, қыздың көйлегін сойылған малдың қанына сіңдіріп, сұлтанға әкеледі.
Кіші қыз жолға шығып кетті. Біраз ұзап, ұзақ жүріп, бір ауылға жетті. Сол жерде ауылдың байларының біріне күң болып, есейіп, өте сұлу қызға айналады. Оның сұлулығы қаладан қалаға, тілден тілге тарап, сәті түсіп, бір бай сұлтанның баласына тұрмысқа шығады.
Арада көп уақыт өтіп, күйеуіне басынан өткенін айтып, өз әкесін қонаққа шақырғысы келді. Күйеуі де келісе кетті. Дайындық жасалып, қыздың әкесі қонаққа шақырылды.
Қыздың әкесі аталған күні серіктерімен дастарқанға келген. Сұлтан мен қасындағылар дастарқан басына жайғасқанда, тамақтар ретімен келе бастады. Бірақ қыз аспазына барлық тағамның тұзсыз болуын бұйырды. Сұлтан қандай тағамды қолымен алып жегісі келсе де, қолы кері кетіп, тамақтың ешқайсысын жей алмады. Өйткені, оның тұзы жоқ.
Осы кезде оның кіші қызы сұлтанның дастарқанынан атып тұрып, «тамақты неге жемейсіз, әлде татымы кем бе?» деді. Тұзсыз тамақ жей алмай отырған сұлтан: «Адам тұзсыз тамақ жей алмайды. Ал тамақ жемесе, аштан өледі ғой. Мен аштан өлгім келмейді» деп дүрсе қоя береді. Сонда қыз оған өзінің бұрын өлтіруге бұйырған кенже қызы екенін айтып, «тұз тамаққа қалай керек болса, әкемнің де өмірімде соншалықты маңызды, ерекше екенін айтқанмын» деп түсіндіреді.
Сұлтан өз ісіне ұялып, кіші қызын құшақтап, тұздың қаншалықты құнды екенін түсінді. Осыдан кейін ол өз қызын да тұздай жақсы көретінін айтып, сағынғанын жеткізіпті…
Түрік тілінен түпнұсқадан
тәржімалаған
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!