Ұлжан Ахметова – Алматы облысы, Алакөл ауданының тумасы. 1975 жылы мектеп бітірген соң арман жетегімен ару Алматы қаласына барды. Арманы актриса болу еді, ол кезде ондай мамандықты екі оқу орнынан алуға болатын. Құрманғазы атындағы консерватория жанынын режиссер Асқар Тоқпанов ашқан театр фаультеті мен М.Әуезов атындағы академиялық театр жанындағы актерлер дайындайтын студия еді. Ұлжан осы студияға түсу конкурсы өте жоғары болса да, мүдірмей өтіп, оқуға түсті. Ол кезді қазір Ұлжан ерекше тебіреніп еске алады, қазақтың академтеатрының майталман Халық артистері Сәбира Майқанова, Әнуар Молдабеков, Тұңғышбай Жаманқұловтың талай рет дәрісін тыңдап, мастер класс көрсеткені өмірілік рухани азық болды. Студент кезінде өзі сияқты, сол кездегі астанаға келіп студияның студенті болған қазалылық жігіт Абдрасул Ахметовпен танысып әрі көңілдері жарасып, шаңырақ көтерді. Студияны бітірген 1978 жылы ерлі-зайыпты Ахметовтер Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театрына актер болып қызметке қабылданды. Бұл жылдар актриса Ұлжан Ахметованың жұлдызы жанған жылдар болды, режиссерлер жас актрисаның қабілетін байқап, басты рольдерді сеніп тапсыратын болды. Атап айтқанда, Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері мен Ақтотысында» Ақтоты ролін, Дулат Исабековтың «Әпкесінде» әпке ролін, Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-айында» Күнсұлуды, Тахауи Ахтановтың «Ант» спектаклінде басты ролде ойнап, болашағынан зор үміт күттірген болатын.
Алайда, Абдрасулдың әкесі Төлеген ақсақал баласы мен келінді қолында тұруға шақырды. Ол кезде әке сөзі заң болғандықтан, 1982 жылы Қазалыға келген Абдрасул аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болса, Ұлжан сол кездегі пионерлер Үйіндегі «Драма» үйірмесінің жетекшісі болып қызметке орналасты. Халыққа қызмет етіп жүріп, екеуі де жоғары оқу орнында сырттай оқып алды. Осы сексенінші жылдары ерлі-зайыпты Ахметовтер Қазалы аудандық халық театрында режиссер Жәдігер Тұрсынов қойған В.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясында» және Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» спектаклінде басты рольде ойнады. Осы «Оптимистік трагедия» қойылымында «сен тұр, мен атайын» деген анархистер басып алған кемеге бір өзі баратын комиссар әйел ролін сомдауы ерекше болды. Актриса Ахметованың комиссар ролін (фотода) жоғары кәсіби шеберлікпен ойнағандықтан, Көкшетау қаласындағы бүкілодақтық театр фестивалінде көрсетіп, Ахметова бүкілодақтық байқаудың лауреаты атағына ие болып қайтты. «Қан мен терде» бір-біріне жау екі тап өкілі Еламан мен Тәңірбергеннің Ақбалаға ғашық болу себебін Ұлжан өте шеберлікпен жеткізе білді, актриса Ахметова ойнаған жүрегі жаралы Ақбаланың (фотода) ролін Алматы көрермендері жоғары бағалады. Кеңес заманында «Халық театры» деген атағы бар аудандық театрлар Алматыда өз қойылымдарын көрсетіп, сол атағын қорғап қалатын. Осы «Қан мен тер» спектаклін Алматыдағы ұйғыр театрында қою арқылы Қазалы театры «халықтық» деген мәртебесін қорғап келді.
1994 жылы Абдрасул аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болғанда, Ұлжан әдіскер болып, аудан өнерпаздарының кәсіби шеберлігін үнемі арттыру жолында жұмыс істеп, облыс пен республика деңгейіндегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында режиссер Лұқпан Есеновтың «Тамашасы» үлкен құбылыс болды. Осы Алматыдағы «Тамаша» ойын-сауық отауынан кейін, шалғай аудан болып табылатын Қазалы ауданының өз «Тамашасы» дүниеге келді. Сол кездегі аудан басшысы Елеу Көшербаев қоғамдағы парақорлық, жемқорлық, жағымпаздық, жершілдік, маскүнемдік сияқты зиянды әдеттерді әшкерелейтін өзіміздің «Тамашамыз» болу керек деп, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Абдрасул Ахметовке тапсырма берді. Сценарийді ақын Рүстем Жанаев жазды, қоюшы режиссер міндетін Абдрасул өзі қолына алды. Қазалы «Тамашасында» Ахметовтер триосы пайда болып, тез арада халықтың әр жаңа қойылымын асыға күтетін «Тамашасы» болды. Трио деп отырғаным: Анафия, Абдрасул және Ұлжан Ахметовтер (фото), Анафия Абдрасулдың ағасы еді. Кезінде аудандық «Ленин туы» газетінде осы трио туралы «Ахметовтан жанұясы» деген тақырыпен мақалам шыққан болатын.
Өмір-өзен болғасын оның ағысынан Абдрасул кенеттен ерте кетті, мәдениет үйіндегі оның кабинеті, қызу еңбек еткен сахнасы мен дәлізіне дейін Абдрасулді есіне түсіретін болғандықтан, Ұлжан өз өтініші бойынша еңбек жолын бастаған Қазалы аудандық оқушылар Үйіндегі «Драма» үйірмесіне жетекші болып қызметке қайта келді. Бұл кезең де жемісті жылдар болды. Үйірмеге кәсіби актриса жетекші болғасын, оқушылардың қызығушылығы пайда болды. Аудандағы түрлі мәдени іс-шараларға осы драма үйірмесінің оқушылары көрініс қоятын болды. Мен мұғалім болған мектептен бір сынып оқушылары түгелімен осы үйірмеге қатысқанын білемін. Ол өз нәтижесін берді, үйірмеге қатысқан Ақтөре Оразалы деген оқушы мектеп бітіргесін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсті, қазір Ақтөре Оразалы Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы драма театрына режиссер болып қызмет істейді. Жалпы, Қазалы аудандық оқушылар Үйінен көптеген өнер адамы шықты, вокал үйірмесіне қатысқан ағайынды Айниязовтарды бүкіл ел біледі. Өмірқұл Айниязов қазір белгілі дәстүрлі әнші, ал Алтын Айниязова кезінде аудандағы «Тамашада» өнер жолын бастаған, Ұлжанның шәкірті, Алтын да – қазір киноға түсіп жүрген белгілі актриса.
«Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, Ұлжанның кенже ұлы Нұрлыбек те Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірді. Қазір Астана қаласындағы Жастар театрының жетекші актері. Осы театрда «Қыз Жібекте» Шегені, «Айман-Шолпанда» Көтібарды, «Золушкада» Ханзаданы, басқа да көптеген спектакльде басты рольдерде ойнап жүр. «Қазақфильм» түсірген «Бір келіншек» атты киноға да түсті. Актер Нұрлыбек Төлеген мәдениет министрінің грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталған, болашағынан зор үміт күттіретін жас актер. Ұлжаның үлкен ұлы Мейірбек заңгер болса, қызы Балауса – ағылшын тілінің мұғалімі. Бұл күнде Ұлжан немерелерін тәрбиелеп отырған бақытты әже. Әже демекші, Ұлжан зейнетке шыққасын аудандағы әнші Ғалия Оспанова жетекшілік ететін «Өнегелі әжелер» ансамблінің әншісі, аудандық мәдиниет бөліміндегі Ардагерлер кеңесінің төрайымы. Ауданда өтіп тұратын түрлі байқаудың комиссия мүшесі, кейде төрағасы болып, жастардың өз өнерімен елге танылуына үлес қосып жүрген жан. Зейнетке шықса да, ауданның мәдени өміріне етене араласып, жастарға жеке басымен де, ісімен де үлгі болып жүрген Ұ.Ахметоваға ауданның құрметті азаматы деген атақ та артық болмас еді.
Кешегі актриса, ұлағатты ұстаз еңбегі қай уақытта да әділ бағаланып келеді. Мәдениет министрі болған Дәурен Абаевтың Құрмет грамотасы, «Бейбітшілік әлемі» шығармашылық одағының алтын медалі, Халықаралық ұстаздар одағының медалі мен облыс пен аудан әкімдерінің марапаттарына ие болды. Мен 1978-1990 жылдары аудандық пионерлер Үйінде мұғалім болғанмын, сол кезде директорымыз болған Күләйша Сексенбаева апаймыз Ұлжан туралы: «Ұлжанның жүзі қандай сұлу болса, ішкі жан дүниесі де сондай сұлу. Әттең, отбасын бірінші орынға қойып, аудан көлемінен шыға алмай қалды ғой, егер Алматыдағы театрда қызмет еткенде, атақты актриса болар еді», – деп өз ортамызда айтып отыратын.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қазалы ауданы
Ардақты ана, адал жар, асыл әже
Бақытжан Абдул-Түменбай сізге көп рахмет
Алакөлдің қызы кластасымыздың өнері өрлей берсін!
Алыста жүрген қызымызбен мақтана аламыз,бала шағасы аман болсын! То
Бақытжан Абдул Түменбай сізге рахмет
Алакөлдің қызы Ұлжан кластасымыз биіктен көріне берсін!
Сиздің жолыңызды немере шоберелеріңізге берсин сиз сиякты актриса болсын аман болыңыз ауырмаңыз осы әдеми қалпыңыздан таймаңыз сиз сиякты әдеми картаюды нәсип етсин бәримизге. Меніңде кишкентай кезимде театральныйда ойнау арманым болатын бирак баска оку орнына тустим.сау болыңыз.