Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кемшілік түзетілмес СЫН болмаса…

25.01.2024, 7:00 203

HALYQLINE.KZ

Даражан!

Айналайын, Даражан!

Дүрілдеп тұр дәрежең…

Шығып едің кезінде,

Ханнан емес, қарадан.

Аулақ болшы әрдайым,

Жемқорлық пен парадан!

Бұған үйір болмай тұр,

Бірен-саран «жары» адам.

Қаптап кетті қоғамды,

Құжынаған «ара» адам.

Бар-жоғыңды не қылсын,

Пейілі тым тар адам.

Жалпы осы індеттен,

Жапа шекті әр адам…

Қысқа  қайырым

Бет-әлпеті әртүрлі,

Бірақ тірлігі бірдей.

Алаяқтығы әрқилы,

Алданып қалма білмей!

Жар  таңдауда  жаңылма!

Алдыңды ойла әріден,

Ақылдас үлкен-кәрімен.

Жар таңдауда жаңылма,

Болар ол жақын бәрінен.

Жаңсақ бассаң жазылмас,

Жан жарасы дәрімен.

Әркімнің  несібесі  –  әр  жерден

Біреудің несібесі – қарыздан,

Біреудің несібесі – арыздан…

Жемқордың несібесі – елден,

Балықшының несібесі – көлден…

Төренің несібесі – төрден,

Малшының несібесі – төлден…

Шаруаның несібесі – жерден,

Төгілген таза терден…

Біреудің несібесі – жолдан,

Біреудің несібесі – қордан…

Біреудің несібесі – құрылыстан,

Біреудің несібесі – «бұрылыстан»…

Біреудің несібесі – судан,

Біреудің несібесі – нудан…

Біреудің несібесі – темірден,

Біреудің несібесі – көмірден…

Осының бәрі алынған,

Ойдан емес, өмірден…

Жалпы жұртты сақтай гөр,

Жасаған ием, жебірден!

Қазір  бәрі  ақылы

– Киімдегі дақ қалай кетеді?

«Ариэльмен» жусаң бітті, жетеді.

– Кеңесің үшін қанша сұрайсың?

– 150 теңге!

– Ой, сәл төмен түссең нетеді?

– Айттым, все, бітті!

Төмен түспеймін тіпті!

Нарықтағы  нақыл  сөз

Сөзге тоқтайтындар сиреп барады,

Бөзге тоқтайтындар жиілеп барады…

Өсек

Мағынасы мәнсіз,

Дәлелі дәмсіз.

Жариялығы заңсыз,

Таралымы сансыз…

Жымы өте бұлаң,

Шыдамсыз жылмаң…

Желден де жылдам…

Ауқымы кең,

Ақиқаты кем.

Бұл не өзі десек,

Екен-ау өсек.

Иә, өртке сенім жоқ,

Өсекке өлім жоқ!

Қос  қылықтылар

Сыртта салмақты-ай,

«Семьяда» қаңбақтай…

***

Қонақта «қошақан»,

Отбасында «ошаған».

***

Қызметте қойдай,

Отбасында «ойбай!..»

***

Түзде тымырық,

Үйде «жұдырық!..».

Танып  ал

Достыққа жоқ алаңсыз,

Қастыққа да жарамсыз.

Ерлікке түк ебі жоқ,

Сыйластыққа себі жоқ.

Солайсың десең, дүңк етер,

Мінін білмей мүңк етер…

«Орақ орып» тілімен,

Кісіні күндеп күңк етер…

***

Бойда жылы қаны бар,

Кеудесінде жаны бар.

Тура осы тұлғаның,

Кім екенін танып ал.

Құлақ  жайлы  қысқа  әңгіме

– Ең ұзын құлақ неде бар?

– Пілде.

– Пілдің құлағы жалпақ.

– Ендеше итте бар.

– Иттің құлағы салпақ.

– Ендеше есекте.

– Жоқ!

– Есекте емес, өсекте…

Өсекшіге  өсиет

Ретсіз сын айтылмас МІН болмаса,

Кемшілік түзетілмес СЫН болмаса.

Өмірді өне бойы өсек жайлап…

Өтірік өрши түсер ШЫН болмаса…

Өсек пен өтірікті көп өрбітпей,

Тыя тұр әдетіңді тым болмаса!

Заманның  басты  жұмбағы

Жазылмайтын жаралар…

Жұқпалы екі жара бар.

Өздері өте өсімтал,

Өңдері күрең-қаралар…

Бірен-саран бүртиген,

Тұмсығы қызыл түртиген,

Жараның өзегі жұлынып жатыр.

Тағы бірақ түртиіп,

Безеу секілді бүртиіп,

Басқа жерден білініп жатыр.

Емі әзірше табылар емес,

Жұқпалы ЖАРА жазылар емес.

Кім  қалай  алады?

Алаяқ алдап алады,

Сайқал арбап алады.

Сыпайы сұрап алады,

Сұғанақ ұрлап алады.

Абайла!

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: