Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды

18.01.2024, 11:00 343

Қазақ қыздары ар-ожданды бірінші кезекке қойғандықтан отбасындағы жанжалды жақындарымен бөлісуді ұят санап, өзгеден келетін сөзден намыстанатыны анық. Бұл жағдай көп адамның басында бар. Жалпы, статистика мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары шаңырақ көтергендердің саны көбейген. Тиісінше шаңырағын шайқалтып, баланы тірі жетім етіп, ажырасқандар да жетерлік. Бұл мәселеде Қызылорда облысында да көрсеткіш көңіл көншітпейді. Ажырасушылардың дені – отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болып, соңында балаларын бауырға басып, үйден  кеткендер.  Мәселен, 2023 жылы Қызылорда қалалық полиция басқармасының «102» арнасына «отбасы жанжалы болуда» деген 1200-ден аса хабарлама келіп түссе, ҚР ҚҚ 106-бабы бойынша денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені  үшін 170 шағым түскен.

25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-­зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық күні. 2015 жылдың қыркүйек айында БҰҰ-ға мүше елдердің басшылары 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудың 17 мақсатына қол қойған болатын. Оның бесіншісі гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту деп аталды. Өйткені, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық адам құқықтарын бұзудың ең көп таралған түрі саналады. Сондықтан бұл мәселені мемлекет басшысы да әрдайым өзінің халыққа жолдауында назардан тыс қалдырған емес.

ЖЫЛ  САЙЫН  400  ӘЙЕЛ  КӨЗ  ЖҰМАДЫ

Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Марат Әбішев тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен бетпе-бет келетін әйелдердің ресми статистикасын атады. Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан кем дегенде 400-дей әйел көз жұмады екен. Ауыр соққылардан 150 әйел жарақат алса, 200 әйел орта дәрежедегі, 4 мыңнан астам әйел жеңіл жарақат алады. Полицияға күн сайын 300 шағым түседі. Оның ішінде бала мен әйелді сабау, мүгедектікке душар ету, тіпті кісі өлтіру фактісі бар. М.Әбішевтің сөзінше елдегі әрбір үшінші әйел отбасында зорлық-зомбылыққа тап келеді.

2023 жылы елімізде тұрмыстық зорлық-­зомбылық үшін 50 мың адам әкімшілік жауап­кершілікке, 700 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Дегенмен, бұл сандар шынайы жағдайдың көрінісі бола алмайды. Отбасындағы жанжалдың көбі жабулы қазан күйінде, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметкерлердің назарынан тыс қалады. Тіпті жүйелі түрде сабап, қорқытып, психологиялық зомбылық жасау жағдайлары да жасырын қалады. Сарапшылардың жүргізген есебі бойынша елдегі әрбір үшінші әйел осындай қарым-қатынаспен бетпе-бет келеді деп дөп басып  айтылуда.

ҚОРҒАУДЫ  ҚАЖЕТ  ЕТЕТІН  ОТБАСЫЛАР  БАР

Бүгінде «ажырасқан» деген атақты арқаламау үшін болған ұрыс-керісті үлкен дауға айналдырмай, балалары үшін көндігетін нәзік жандылар аз емес. Бірі отбасындағы ұрыстың бастамасын жоқшылықтың тұйығына тіресе, енді бірі жұмыссыздық, тіпті кейбіреулері ащы сумен байланыстырады. Әр жанұяның өзіндік ішкі сыры мен құпиясы бар. Оны тек ерлі-зайыптылар өзара келісіп шешімін таппаса, ушығып кетіп жатады. Мәселен, 2023 жылы Қызылорда ҚПБ-ның профилактикалық тізімдік есебінде «Қорғау нұсқамасы» санаты­мен 1104 азамат есепке алынған. Яғни аймақтық инспекторлар 1 ай көлемінде сол отбасы­ның ахуалын біліп тұрады, егер нұсқаманы бұзған жағдайда әкімшілік хаттама толтырылады. Жыл басынан бері қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтҚ-нің 461-бабымен 31 әкімшілік хаттама рәсімделген. Сондай-ақ «қолайсыз отбасы» санатына 53 отбасы алынған.

– Қазіргі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық ақпараттары айқын жарияланып жатыр. Әрбір ақпаратты зерделеп, мұқият тексеріп жұмыс істеу – біздің міндетіміз. Жанұядағы жанжалдың көбі – мінезден. Бүгінде мінез-құлқына «ерекше талап» белгіленген 367 тұлға тіркеуде тұр. Алайда тұрмыстық қарым-қатынас аясында әйелдерге жасалған қылмыс өткен жылмен салыстырғанда біршама көрсеткішке өскен, – дейді Қызылорда қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция капитаны Айгерім  Ерболат.

Отбасы – береке мен жылылықтың ұясы. Бірақ, сол шағын мемлекетте ер-азаматтардың ащы суға тойып алып, ойран салуы жиілеп тұр. Қызылорда  қалалық  полиция басқар­масының дерегінше, ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабына сәйкес, яғни отбасының шырқын бұзғаны үшін 906 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, шара көрілген. Қолданыстағы заңнама бойынша отбасылық-тұрмыстық құқық­бұзушылықтар жасағаны үшін 5, 10 немесе 15 тәулікке дейін қамау қарастырылған. Сондай-ақ қайталанған құқықбұзушылықтар бойынша 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу мерзімі  ұзартылады.

Зибаш  ӘЛИ,

журналист

P.S. Қазіргі таңда ең көп тараған қылмыстың бірі – отбасында зәбір көрсетіп, жақынын жиі қысымға ұшырату. Сенген серігі өзіне қол көтеріп, шаңырағы күнделікті қылмыс орнына айналған жәбірленушілер қатары күн санап көбейіп бара жатқандығы алаңдатады. Сіз немесе сіздің жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса, төменде көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласып, көмекке жүгіне аласыз!

Сенім телефоны: 111

Қызылорда қалалық полиция басқармасы: 102

Жайсыз күйде қалған әйел азаматшаларға дағдарыс орталықтары нөмірлері:

«Қамқорлық» дағдарыс орталығы: 8(7242 ) 30-25-40; 8-777-340-87-34; 8-777-456-11-06

«Жан» дағдарыс орталығы: 1-16-16

«Аналар Үйі» қоғамдық қоры: 14-22

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: